Қырғызстандық экономист Қытайдағы АТЭЫ саммитінің негізгі міндеттерін атады

329
Фотосурет: Xinhua

Еркін сауда аймағын құру, цифрлық экономиканы дамыту және өндірістік тізбектердің орнықтылығын нығайту Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ынтымақтастықтың басым бағыттарына айналуы тиіс. Мұндай пікірді қырғызстандық экономист Искендер Шаршеев Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін АТЭЫ-ға мүше экономикалар көшбасшыларының 33-ші кездесуі қарсаңында білдірді.

«Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында сарапшы 18 -19 қарашадағы саммит протекционизм күшейіп, әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулап, геосаяси шиеленіс артып отырған жағдайда өтетінін атап өтті.

Оның айтуынша, ашық сауданы сақтау және өңірлік экономикалық интеграция тетіктерін дамыту ерекше маңызға ие болып отыр.

Шаршеев Қытайдың бұған дейін АТЭЫ көшбасшыларының кездесулерін екі рет - 2001 жылы Шанхайда және 2014 жылы Бейжіңде қабылдағанын еске салды. Дәл Бейжің саммитінде Азия-Тынық мұхиты еркін сауда аймағын құру жөніндегі жол картасы қабылданған болатын.

Шэньчжэньдегі кездесу «Ортақ өркендеу жолында Азия-Тынық мұхиты қоғамдастығын құру» ұранымен өтеді. Оның негізгі басымдықтары ашықтық, инновациялар және ынтымақтастық болмақ.

Экономистің пікірінше, Қытай біртіндеп өңірлік интеграциялық үдерістердің қатысушысынан АТЭЫ-ның экономикалық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді атсалысатын елдердің біріне айналды.

Сонымен қатар өңір бірқатар күрделі сын-қатерге тап болып отыр. Олардың қатарында жеткізу тізбектерінің тұрақсыздығы, климаттың өзгеруі, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерлер бар.

«Бұл бәсекелестікке немесе оқшаулануға емес, ашық диалогқа басымдық беруді, біржақты шектеулерден бас тартуды және ортақ мәселелерді бірлесіп шешуді білдіреді», - деп атап өтті Шаршеев.

Сарапшы еркін сауда аймағын құру жөніндегі жұмысты жеделдетуді, жасанды интеллект, цифрлық экономика және «жасыл» технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды кеңейтуді, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын үйлестіруді ұсынды.

Оның пікірінше, өңірлік ынтымақтастықтың артықшылықтары даму деңгейі төмен экономикаларға да қолжетімді болуы үшін инфрақұрылымдық инвестициялар мен технология алмасуға ерекше назар аудару қажет.

Шаршеев Қытай осы бастамаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқара алады деп есептейді. Атап айтқанда, ел өзара іс-қимыл алаңдарын ұсынып, инновациялық даму тәжірибесімен бөлісу және АТЭЫ қатысушылары арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту арқылы бұл үдеріске үлес қоса алады.

Xinhua Silk Road - Belt and Road Portal, China

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -