Эфиопия астанасында бірлескен ғылыми зерттеулерді, академиялық алмасуды және өңірлік әрі жаһандық даму мәселелері бойынша сарапшылық диалогты дамыту мақсатында құрылған Қытай–Африка зерттеу орталығы ашылды.
Орталықты Аддис-Абеба университеті мен Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы (ҚҚҒА) жанындағы Қытай-Африка институты бірлесіп құрды. Жаңа құрылым Аддис-Абеба университетінің базасында жұмыс істейді.
Орталық қызметінің негізгі бағыттары Қытай мен Африка арасындағы қатынастарды, әлеуметтік-экономикалық дамуды, мемлекеттік басқаруды, кедейлікпен күресті және орнықты дамуды зерттеу болмақ.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қытайдың Африка одағы жанындағы миссиясының басшысы Цзян Фэн Қытай мен Африка мемлекеттері арасындағы академиялық ынтымақтастық пен гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, орталық жаңғырту, өркениеттердің өзара ықпалдастығы, жаһандық басқару, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп зерттейтін алаңға айналуға тиіс.
ҚҚҒА бас хатшысы Сюэ Сунъянь орталықтың ашылуы 2024 жылы Қытай–Африка ынтымақтастығы форумында ұсынылған он серіктестік бастаманы жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Орталықтың қызметі Африканы индустрияландыруға, Қытай мен Африка елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ мәдени алмасуды дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Эфиопияның білім жөніндегі мемлекеттік министрі Соломон Абраха бірлескен зерттеулер нәтижелерін іс жүзінде қолдану қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, ғылыми ынтымақтастық тек академиялық еңбектер жариялаумен шектелмей, мемлекеттік саясатты әзірлеуге, институционалдық әлеуетті нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тиіс.
Жаңа орталық бірлескен зерттеулер ұйымдастырумен, ғылыми жарияланымдар дайындаумен, академиялық алмасулар мен сарапшылық диалогтар өткізумен айналысады.
Оның қызметі Қытай мен Африканың ғылыми мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және өзекті әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде зерттеу нәтижелерін пайдалануға бағытталған.