Оңтүстіккореялық туристер арасында Қазақстанның танымалдығы артып келеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Корея азаматтарының Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді. 2024 жылы елімізге келген туристер саны 12,3%-ға өсті. Бұл — Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету бойынша мақсатты жұмыстың, екі мемлекет арасында тікелей әуе қатынасының болуы мен кеңеюі нәтижесі.
Kazakh Tourism ұлттық әуе тасымалдаушы Air Astana бірлесе Оңтүстік Кореяның негізгі 9 туроператоры үшін таныстыру турын ұйымдастырды. Меймандар Алматы қаласының және Алматы облысының көрікті жерлерін аралады. Оның ішінде Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері және гольф алаңдары бар. Сонымен бірге оңтүстіккореялық туроператорлар өз саяхатшыларына ұсынатын бағыттарды кеңейту үшін еліміздегі кіру туризмімен айналысатын компаниялармен және Алматы қаласының туризм басқармасы өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізілді.
"Еліміз Азияның туристік картасында өз орнын нығайтып келеді. Оңтүстік Корея сияқты дамыған нарықтардың қызығушылығының артуы — Қазақстанның халықаралық туризм бағытында болашағы зор ел екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Kazakh Tourism Оңтүстік Кореяда елдің туристік әлеуетін ілгерілету және екі елдің жетекші туризм компаниялары арасындағы серіктестікті дамыту бағытындағы жұмысын жалғастырады" «Kazakh Tourism» басшысы Қайрат Сәдуақасов
2024 жылы Қазақстандағы қонақ үйлер мен өзге де орналастыру орындарында Оңтүстік Кореядан келген 26 861 турист тоқтаған. Меймандар үшін Алматы - сұранысқа ие дестинациялардың бірі. Өткен жылы 13 мыңнан астам оңтүстіккореялық турист оңтүстік астананы таңдаған. Сонымен бірге осы елден қонақтар жиі келетін аймақтар қатарына Астана, Қостанай облысы, Шымкент және Атырау өңірі енді.
Атап өткен жөн, 2023 жылы оңтүстіккореялық туроператорлар үшін ақпараттық тур ұйымдастырылса, 2024 жылы Сеул қаласында роуд-шоу сәтті өткізілді. Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Оңтүстік Кореяның KBS телеарнасы Қазақстан туралы тревел-багдарламалар топтамасын шығарды.