Цифрлық даму министрлігі, Meta және Blockchain and AI Technology Center азаматтардың игілігі үшін ИИ шешімдерін дамытуда күш біріктіреді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Meta компаниясы және Blockchain and AI Technology Center зерттеу институты жасанды интеллект саласын дамыту және оны мемлекеттік сектор мен бизнестегі өзекті мәселелерді шешуге енгізу мақсатында бірлескен акселерациялық бағдарламаны іске қосады. Тиісті ниет туралы хатқа Astana International Forum аясында қол қойылды.
Жобаның мақсаты – Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін көрсету, Llama сынды ашық кодты технологияларды қолдана отырып, елдің осы бағыттағы сарапшылық деңгейін растау, сондай-ақ жасанды интеллект шешімдерін мемлекеттік және жекеменшік секторларға енгізу.
Осындай ірі технологиялық компания – Meta-мен бірлесіп бастамаларды іске асыру Қазақстанның жасанды интеллект технологияларын кең көлемде қолдануға және оларды нақты міндеттер мен кейстерді шешуге енгізуге дайын екенін көрсетеді. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың өмір сүру сапасына оң әсер етеді. Акселерация барысында Meta сарапшылары ұсынатын менторлық қолдау отандық мамандардың құзыреттілігін арттырып, мемлекеттік сектор мен бизнес саласының нақты қажеттіліктеріне сай тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
«Бүгінгі Meta компаниясының қатысуымен өткен іс-шара – көп айға созылған келіссөздер мен бірлескен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Meta – жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі екені даусыз. Мұндай технологиялық алыптармен серіктестік орнату қазақстандық мамандар үшін жаңа көкжиектерге жол ашады деп сенеміз. Бұл – тек озық білім мен технологияларға қол жеткізу ғана емес, жасанды интеллект шешімдерін экономиканың түрлі салаларында нақты қолдану мүмкіндігі. Біз үшін бұл – цифрлық егемендікке, технологиялық дербестікке және жаһандық жасанды интеллект қауымдастығына халықаралық ықпалдасуға жасалған маңызды қадам» Министр Жаслан Мадиев
Бағдарлама бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқысы – Decentrathon 3.0 хакатоны, онда қатысушылар Llama және KazLLM жасанды интеллект модельдеріне негізделген идеялар мен тұжырымдамаларды ұсынады.
«Бұл бағдарлама біздің әзірлеушілер қауымдастығымызға бірлесіп жұмыс істеу арқылы қолданбалы AI-дың дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік сектордың міндеттерін Llama сынды модельдер арқылы шеше отырып, біз қауымдастықтың Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де маңызы бар шешімдерді жасауға қалай қатыса алатынын тексеріп отырмыз» Айдана Қасқырбек, Blockchain and AI Technology Center
Айта кету керек, Llama – Meta компаниясы әзірлеген озық жасанды интеллект моделі. Осы модель негізінде қазақ тілі мен өңірлік контекске бейімделген локализацияланған тілдік модель – KazLLM жасалды.
Шешімдер мемлекеттік органдар ұсынған нақты тапсырмаларға жауап ретінде әзірленетін болады. Іріктелген тұжырымдамалар негізінде 15 финалист акселерациялық бағдарлама аясында жұмысын жалғастырып, Meta және басқа серіктестердің сарапшыларынан менторлық қолдау алады.
«Бұл жыл Қазақстандағы жасанды интеллект үшін маңызды кезең болып табылады. Meta компаниясы үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Blockchain and AI Technology Center-мен бірге осы маңызды бірлескен жасанды интеллект акселерация бағдарламасын іске қосу үлкен құрмет. Біздің мақсатымыз — Қазақстанның әзірлеушілері мен кәсіпкерлері, бизнес өкілдеріне Llama сияқты ашық жасанды интеллект модельдеріне қолжетімділік беріп, сондай-ақ KazLLM секілді қазақ контекстін терең түсінетін локализацияланған модельдерді қолдаумен қамтамасыз ету. Бұл бастама жергілікті таланттарға өз мүмкіндіктерін толық ашуға және елде жасалған маңызды жасанды интеллект инновацияларын ілгерілетуге мүмкіндік береді — Қазақстан мемлекеттік секторының басымдықтарына толық сәйкес келетін және оның кең ауқымды цифрлық трансформациясына септігін тигізетін шешімдер» Meta компаниясының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша мемлекеттік саясат директоры Сарим Азиз
Финалдық жобалар венчурлік инвесторлар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтетін Demo Days алаңында ұсынылады. Жеңімпаздар Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумында жарияланатын болады.
Бұл бастама Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы технологиялық көшбасшылығын нығайтуға және мемлекет, бизнес пен инновациялық қауымдастық арасындағы орнықты экожүйені дамытуға бағытталған.