Қазақстан – Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы

27412

Алматыда Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

2022 жылдың 19 қазанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби атындағы кітапханасында ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты мерейтойлық кітаптың тұсаукесері өтті.

Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытайды зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Тұсаукесерге ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо, ҚР Тұңғыш Президент кітапханасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан және Қытай Сыртқы істер министрліктері, аналитикалық құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

«Қазақстан-Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» арнайы мерейтойлық басылымда 1992-2022 жылдардағы екіжақты қатынастар зерттелген. Онда ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Казахстанская правда» газеті редакциясының мұрағат материалдарының негізінде бірегей анықтамалық деректер, аса маңызды ресми құжаттар, сирек фотосуреттер жиналып, 30 жыл ішінде қол қойылған қолданыстағы келісімдер мен шарттардың тізімі жасалынды.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» кітабының тұсаукесер рәсіміне қатысушыларды құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздерді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қабылдауға қуаныштымыз. Қазақстанда синология қарқынды дамып келеді және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ синологтардың жаңа буынын дайындауда ерекше рөл атқаруда. Университетіміздің шығыстану факультетінің синология кафедрасында үш дәрежелі мамандар – бакалаврлар, магистранттар және докторанттар (PhD) даярланады. Университетте ғылыми орталықтар – Қазіргі Қытайды зерттеу орталығы жұмыс істейді, Конфуций институты да белсенді жұмыс атқаруда. Қазақстан мен Қытай арасындағы заманауи дипломатиялық қарым-қатынастар, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстар, басқа да көптеген өзекті мәселелер ғылыми-теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеуді қажет етеді» Әсел Увалиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры

Кітаптың басты ерекшелігі – қазақ, орыс және қытай тілдеріндегі үш блоктан тұруы. Ондағы ұсынылып отырған ресми құжаттардың басым бөлігі алғаш рет мемлекеттік тілге аударылғанын ерекше атап өткен жөн.

«Бұл кітаптың ішінде бұрын басылмаған екі тарап қол қойған құжаттардың толық тізілімі және негізгі стартегиялық құжаттардың мәтіндері берілген. Көпшілікке және екіжақты қатынастарды зерттеушілерге қызықты болатын 30 жыл ішіндегі мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлардың жылнамасы, ҚР және ҚХР арасындағы қазіргі кездегі мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуды көздейтін түрлі деңгейдегі тетіктер туралы ақпарат ұсынылған. Қытай – еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 2021 жылы екіжақты сауда айналымы 18,2 миллиард АҚШ долларына жетсе, а.ж. 8 айының статистикасы бойынша бұл көрсеткіш 26%-ға өсіп, 15,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Яғни жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы жаңа биік межеге жету ықтималдығы жоғары» Шахрат Нұрышев, ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

«Кітап оқырманға негізгі оқиғалардың панорамасын көрсетеді, онда біздің елдеріміздің көшбасшылары арасындағы байланыстың егжей-тегжейлері қамтылған, себебі олардың арасындағы коммуникациясы біздің қарым-қатынастарымыздың қалыптасуы мен дамуында басты рөл атқарған. Басылым өзінің терең талдауымен, беделді бағаларымен, жан-жақты мұрағаттық деректерімен және эксклюзивті фотосуреттерімен ерекше. ҚР мен ҚХР арасындағы қарым-қатынастың мерейтойы өткен жолға көз жүгіртіп, кейбір қорытындылар жасауға және болашаққа жоспарларды белгілеуге жақсы мүмкіндік болып табылады. Ағымдағы жылдың ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуына қатысу аясында Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен пандемиядан кейінгі алғашқы бетпе-бет кездескен болатын, бір ай бұрын Қытай төрағасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл оның екі жылдық үзілістен кейінгі алғашқы шетелге сапары еді. Кездесулер ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығының жарқын беттеріне айналды» Чжан Сяо, Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы

Басылым халықаралық қатынастар, шығыстану саласындағы дипломаттарға, мамандар мен студенттерге және Қазақстанның заманауи сыртқы саясаты мен Қазақстан-Қытай қатынастарының дамуына қызығушылық танытатындардың барлығына арналған.

«Ұсынылған мерейтойлық басылымның өзі біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы 30 жылдағы өзара тиімді ынтымақтастықтың көрінісі. Кітап Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі мен ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің және Қазақстандағы Қытайты зерттеу орталығының көмегімен тығыз және нәтижелі шығармашылық ынтымақтастықтың нәтижесінде дүниеге келді» Тимур Шаймергенов, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, кітаптың авторлық ұжымының өкілі

Іс-шара соңында басылымның көшірмелерін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Сыртқы істер министрлігінің оңтүстік астанадағы өкілдігі және Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулдығы қорларына тапсыру рәсімі өтті.

Қазақстан – Қытай: өзара тиімді ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері саяси-құқықтық, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылым-білім және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастыққа қатысты 200-ге жуық құжатқа қол қойылды.

Соның ішінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің биылғы қыркүйектегі Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында 10 құжатқа қол қойылды.

Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қоса, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы: Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сүт өнімдеріне, зығыр және жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантин, ветеринариялық-санитариялық талаптар бойынша хаттамаларға қол қойылды. Сондай-ақ екі елдің кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасуға арналған техникалық спецификациясына қол қойылды. Үкіметтер арасында азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық және қазақстандық тарапқа қытайлық суперкомпьютер беру жобасы туралы келісімдерге қол қойылды. Келесі меморандумдарға қол қойылды: «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуын біріктіру бойынша Ынтымақтастық жоспарын іске асыру туралы; Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; ҚР Қаржы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасындағы шекаралық зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы меморандум.

Қазақстан мен Қытай алғашқылардың бірі болып индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытып, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында өзара іс-қимылдың үлгісін көрсетті, сол арқылы Қытай дипломатиясындағы аналогтар жоқ екіжақты қарым-қатынастарды мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізді.

Еске салайық, 2022 жылдың өткен жеті айында Қытай Қазақстанмен сауда-саттық бойынша бірінші орында (ЕАЭО-ға мүше елдерді қоспағанда) тұр.

Қытайдың сыртқы сауда айналымындағы үлесі 22,6 пайызды құрады. Тауар айналымының жалпы көлемі 13,5 миллиард долларға жетті. Қазақстандық тауарлар экспортының 52%-ға өсу есебінен тауар айналымының көлемі 8 миллиард долларға дейін артты. Қазақстанның Қытайдан импорты 5,5 миллиард доллар шамасында.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -