Қазақстанның сыртқы саясаты: негізгі оқиғалар

8228

Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою жөніндегі конвенцияның (БУҚК) Шолу конференциясының ашылуы туралы

2022 жылғы 30 қарашада Женевада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою жөніндегі конвенцияның (БУҚК) Шолу конференциясының ашылуына қатысты.

Жалпы пікірталаста сөйлеген сөзінде қазақстандық делегация басшысы халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Конвенцияның маңызды рөлін, сондай-ақ Қазақстанның биологиялық қауіпті жоюға, оның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті (БҚХА) құру жөніндегі бастамасын ілгерілету арқылы қосқан үлесін атап өтті.

Сонымен қатар сапар шеңберінде Қайрат Омаров Женевада орналасқан бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің және «Орталық Азия және Германия Федеративтік Республикасы» министрлік кездесуінің С5+1 форматындағы қорытындылары туралы

2022 жылғы 1 желтоқсанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қатысушы елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Лодзь қаласында (Польша) ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 29-шы отырысына қатысу үшін және Ұйым алдындағы еуроатлантикалық пен еуразиялық кеңістіктегі өзекті сын-қатерлер мен проблемаларды талқылауға жиналды. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді басқарды.

Отырыс барысында ағымдағы жылғы Ұйым қызметінің қорытындылары, өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, қарулы қақтығыстардың алдын алу және шешу, радикалдануға, экстремизмге және трансұлттық қатерлерге қарсы күрес, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық және т.б. мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 29-шы отырысы шеңберінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді С5+1 форматындағы «Орталық Азия және Германия Федеративтік Республикасы» министрлік кездесуіне қатысты.

Кездесудің күн тәртібіне Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық, Ауғанстандағы қауіпсіздік, климаттың өзгеруінің аймақ экономикасына әсері және т.б. мәселелері кірді. Орталық Азия мен Еуропа елдерінің өзара байланысына, атап айтқанда, өңіраралық сауда мен көлік инфрақұрылымын дамытудағы, оның ішінде Еуропалық одақтың «Global Gateway» бағдарламасының көмегімен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлері кеңесінің аясында Мұхтар Тілеуберді Аустрия, Канада, Кипр, Норвегия, Португалия, Словения, Ұлыбритания, Швеция, Эстония, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Грекия Сыртқы істер министрі Николаос Дендиастың Қазақстанға ресми сапары туралы

Ү.ж. 5 желтоқсанда Грекияның Сыртқы істер министрі Николаос Дендиастың екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы Қазақстанға алғашқы ресми сапары өтті.

Грек министрінің бағдарламасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен ізеттілік кездесуді және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен екіжақты кездесуді қамтыды.

Келіссөздер барысында өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасылды, сондай-ақ тараптар екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Литва Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергистің Қазақстанға ресми сапары туралы

Ү.ж. 5-7 желтоқсанда Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергистің Қазақстанға ресми сапары өтеді.

Сапар аясында еліміздің басшылығымен, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдерімен кездесулер жоспарланған.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Литва ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жөніндегі қадамдарды, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты талқылайды.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Аустрияға жұмыс сапары туралы

Ү.ж. 6-8 желтоқсанда Вена дипломатиялық академиясында «Орталық Азия: Реформалар дәуірі» тақырыбында халықаралық конференциясына қатысу мақсатында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Аустрияға жұмыс сапары жоспарлануда.

Сапар шеңберінде Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Флориан Фраушермен, Экономикалық палатаның вице-президенті Вольфганг Хесунмен, БАҚ бостандығы бойынша ЕҚЫҰ өкілі Тереза Рибейромен кездесулер өткізу, сондай-ақ ЕҚЫҰ Тұрақты комитетінің отырысына қатысу жоспарланған.

Қазақстан мен Аргентина арасындағы сімаралық саяси консультациялардың үшінші раунды туралы

2022 жылғы 8 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Аргентина Республикасы арасындағы сімаралық саяси консультацияларының үшінші раунды өтеді. Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров, ал аргентиналық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Пабло Теттаманти басқарады.

Іс-шараның күн тәртібіне сәйкес тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылайды.

Қазақстан мен Латвия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы

2022 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мен Латвия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толады.

Осыған орай ҚР Сыртқы істер министрлігінде екіжақты кездесу өткізу, сондай-ақ құттықтау жолдаулармен алмасу жоспарлануда.

30 жылдық кезеңде Қазақстан мен Латвия арасында сенімгерлік және сындарлы саяси диалог қалыптасты, экономикалық және инвестициялық байланыстар іс жүзінде дамыды, парламентаралық ынтымақтастық жолға қойылды.

2019 жылы Ригада Қазақстан Елшілігінің ашылуымен елдер арасындағы өзара іс-қимыл айтарлықтай жанданды.

Латвия – еліміздің Балтық аймағындағы маңызды экономикалық серіктесі. Бұл салада сауда және транзит-көліктік байланыстарын одан әрі дамыту және нығайту стратегиялық басымдықтар болып табылады. Дамыған көліктік-логистикалық инфрақұрылым Еуропа мен Азия арасындағы ең қысқа маршруттармен жүктерді тасымалдауға мүмкіндік береді.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық өзара әрекеттестік табысты дамуда.

Қазақстан мен Мексика арасындағы сімаралық саяси консультациялар туралы

2022 жылғы 8 желтоқсанда Мехико қаласында Қазақстан Республикасы мен Мексика Құрама Штаттары арасындағы сімаралық саяси консультацияларының үшінші раунды өтеді. Қазақстан тарапынан делегацияны ҚР СІМ Америка департаментінің директоры Нұрғали Арыстанов, Мексика делегациясын СІМ Бас директоры Ампаро Ангиано басқарады. Іс-шараның күн тәртібіне сәйкес тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылайды.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің сімаралық саяси консультациялары туралы

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының көпдеңгейлі сімаралық консультацияларының жоспары шеңберінде ү.ж. 5 желтоқсанда жыл сайынғы отырыс ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрліктерінің сыртқы саяси жоспарлау департаменттері директорларының деңгейінде бейнеконференция форматында өтті.

Консультацияларға мүше мемлекеттердің – Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Тәжікстанның өкілдері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаменті директорының орынбасары Әмір Сұлтанғожин қатысты.

Достастыққа қатысушы мемлекеттердің сыртқы саяси жоспарлауы, сонымен қатар әлемдегі және ТМД кеңістігіндегі жағдай дамуының негізгі үрдістері сияқты мәселелер талқыланды. Тараптар келесі жылы «ТМД мүше-мемлекеттері сыртқы істер министрліктерінің сыртқы саяси жоспарлауы» тақырыбына сімаралық консультациялар өткізу туралы келісті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -