ҚазҰУ мамандары Анталья қаласының көрікті жерлерін аралады

918

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен және ұйымдастыруымен Түркияға тәжірибе алмасуға барған білім ордасының 50-ге жуық оқытушы-профессорлар құрамы мен жас ғалымдары Ақтеңіз университетіндегі тағылымдамадан кейін Жерорта теңізінің жағалауындағы Анталья қаласына саяхат жасады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

«Spice Hotel&Spa» бесжұлдызды қонақ үйінде тұрақтаған ұжымдастар «Карпуз калдыран» сарқырамасына, «Анталья калейчи» тарихи қалашығына барып, «Хадрян» қақпасын аралады. Соңында кеме туры арқылы теңіз ауасымен тыныстап, «Түнектепе» тауына барып қайтты. Бұл – Антальядағы туристер арасында ең танымал орындар. Әсіресе, аты әлемге әйгілі, теңізге тікелей құятын жалғыз сарқырама Дюден өзенінің сағасында орналасқан.

«Карпуз калдыран» түрік тілінен аударғанда «қарбыз құлайды» дегенді білдіреді. Бұл атаудың шығу тарихы мынадай: Дюден өзені бір кездері қарбыз бақшасын тікелей теңізге шайып әкеткен соң, жергілікті халық сарқыраманы осылай атап бастаған. Биіктігі 42 метр сарқырама өзінің ерекше атауымен де, көз тартар сұлулығымен де келушілерді тәнті етті.

Калейчи ауданы – курортты қаланың оңтүстік бөлігінде Жерорта теңізінің жағасында орналасқан ескі аймақ. Рим империясының өркендеу кезеңінде құрылған қалашықта көптеген тарихи ескерткіштер орналасқан. Жаяу серуендесеңіз «Адриан» қақпасы, «Хыдырлык» мұнарасы, «Йивли» мұнарасы секілді тарихи орындарға тап боласыз. Бүгінде теңізге жақын орналасуының және туристік инфрақұрылымның арқасында аймақ туристер арасында таныла түскен. Осыдан бірнеше ондаған жыл бұрын Калейчидегі қараусыз қалған көне үйлер қалпына келтіру жұмыстарының арқасында тынысы ашылып, жаңа тарихтың куәсіне айналып отыр.

Ескі қаланың жаңа өміріне куә болған сапарымыз «Ақтеңіз» яхта туры серуенімен жалғасты. Одан әрі бізді Түнектепе тауы күтіп тұрды. Биіктігі 618 метр болатын шың басына «Телеферик» аспалы жолы арқылы жеттік. Бір кеңістікте әсем үйлесіп тұрған тау басындағы пейзаж бен теңіз сұлулығы көздің жауын алады.

Осындай кереметтердің куәсі болған ҚазҰУ мамандары «Тағылымдама кәсіби ғана емес, тұлғалық тұрғыда да дамуымызға себепші болды» дейді.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -