V Ұлттық құрылтайдың Сырдың киелі топырағында, Қызылорда қаласында өтуін кездейсоқ құбылыс емес, тарихи тағылым мен мемлекеттік сабақтастықтың заңды көрінісі деп бағалаған абзал. Халқымыздың санасында берік орныққан «Сыр елі жыр елі» және «Сыр Алаштың анасы» деген терең мазмұнды тіркестер аталған өңірдің тек географиялық аумақ қана емес, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рухани темірқазық екенін айқындайды. Сыр бойы Қазақстанның өткені мен болашағын жалғайтын алтын көпір іспеттес мемлекеттілігіміздің бастау бұлағы болып саналады. 1925 жылы дәл осы өлкеде «Қазақ» деген тарихи есімнің ұлтымызға қайтарылуы мемлекеттіліктің институционалдық жадысын жаңғыртса, 2026 жыл саяси жүйенің жаңа архитектурасын айқындап, ел дамуының келесі бір маңызды белесіне айналып отыр. Бұл үдеріс ата-баба тарихынан нәр алып, заманауи мемлекет құрудың жарқын үлгісін көрсетеді.
Аталған тарихи процесс 2022 жылы басталған «Күшті Президент - Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет» формуласының логикалық жалғасы болып табылады. Уақыт талабы мен қоғамдық-саяси эволюция бұл модельді бұрынғыдан да кеңейте түсуді қажет етті. Осы орайда V Ұлттық құрылтайда жарияланған «Күшті Президент - Ықпалды Құрылтай - Есеп беретін Үкімет пен Халық үнін жеткізетін Халық кеңесі» атты жаңа формула мемлекетті басқару ісіне қоғамның тікелей қатысу тетіктерін күшейтті. Мұндай саяси трансформация халықтың пікіріне құлақ асатын, әділеттілік пен ашықтықты ту еткен демократиялық қоғам қалыптастыру жолындағы стратегиялық қадам ретінде қарастырылады. Бұл құбылыс билік пен халықтың ортақ жауапкершілігіне негізделген жаңа қоғамдық келісімнің нақты көрінісі болмақ.
Мемлекеттің мұндай институционалдық дамуы рухани жаңғырумен және тарихи әділдікті қалпына келтірумен тығыз ұштасуы тиіс. Бұл құбылыс жай ғана өткенге көз салу емес, тарихи сабақтастықтың үзілмес желісін қайта жалғау болып табылады. Өйткені саяси реформалар ұлттық бірегейлікпен сусындап, мемлекеттіліктің сан ғасырлық тәжірибесімен астасқанда ғана баянды болмақ. Тарих мемлекеттің рухани иммунитеті іспеттес болса, сол тарихтың әр кезеңін бір-бірімен логикалық тұрғыдан байланыстыратын сабақтастық қағидасы егемендігімізді нығайтудың басты шарты саналады. Біз тарихымыздың әр парағын, атап айтқанда ежелгі дәуірден бүгінгі жаңару кезеңіне дейінгі жолымызды тұтас бір процесс ретінде қабылдағанда ғана іргесі берік мемлекет болып қала береміз.
Осы ретте Қазақстанның құқықтық негіздеріне де мемлекетшілдік тұрғыдан жаңаша көзқараспен қарау өзекті болып отыр. 1995 жылғы Конституция қазіргі мемлекетіміздің іргетасын бекіткенімен, 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының тарихи рөлін ұмытпау керек. Сондықтан 30 тамыздың мемлекеттік мәртебесін сақтай отырып, 28 қаңтарды Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы күні ретінде атап өту мемлекеттілік тарихының үздіксіздігін айғақтайтын, саяси сабақтастықты нығайтатын әділ шешім болмақ.

Қызылорда қаласының 1925–1929 жылдары Қазақ республикасының астанасы болғаны, сол кезеңде ұлттық элитаның шоғырланып, мемлекеттік институттардың іргесі қаланғаны баршаға мәлім. Осы тарихи маңыздылықты ескере отырып, Қызылордаға «Қазақ мемлекеттілігінің тарихи астанасы» мәртебесін беру өткенге көрсетілген зор құрмет және өскелең ұрпақтың тарихи санасын шыңдайтын маңызды идеологиялық қадам болмақ. Бұл бастама ұлттық мақтаныш сезімін оятып, мемлекетшілдік рухты асқақтата түседі.
Мемлекеттің тарихи санасын нығайтудың тағы бір маңызды бағыты жер-су атауларын жаңғырту арқылы елдің рухани кеңістігін түгендеу болып табылады. Біздің кең географиямыз мыңдаған жылдық тарихтың куәгері әрі ата-баба аманаты саналады. Сондықтан Атырау облысын Жайық өңірі, Батыс Қазақстанды Орал өңірі, Шығыс Қазақстанды Алтай өңірі, ал Көкшетау аймағын Көкше және Қызылорда өңірін Сыр елі деп атау туралы тарихи сананың оянуы ретінде бағалануы тиіс. Мұндай тарихи атауларды қалпына келтіру тек атау өзгерту емес, халықтың рухани тамырына қайта оралуы және ұлттық кодты сақтау жолындағы стратегиялық маңызды іс. Жер атауы елдің жады екенін, ал жадынан айырылған ұлттың болашағы бұлыңғыр болатынын есте ұстаған жөн.

Сыр тағылымы бізге бір ақиқатты ұқтырады, яғни шынайы мемлекеттілік тек заңдар мен басқару жүйесінен ғана тұрмайды, ол рухтың, тарихтың және ұрпақтар арасындағы алтын арқаудың бірлігі болып табылады. Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтай біздің осы рухани тұтастығымызды бекемдеп, болашаққа нық қадам басуымыздың кепілі іспеттес. Бұл тарихи кезеңде мемлекеттік басқарудың саяси жүйесі түбегейлі трансформацияланып, билік пен қоғамның жаңа демократиялық архитектурасы құрылып қана қоймай, сонымен бірге ұлттық болмысымызды айқындайтын тарихи-мәдени кеңістігіміз де түгенделуде. Яғни біз бір мезетте мемлекеттік институттарды жаңғыртып, сонымен қатар сананы отарсыздандыру мен тарихи әділдікті орнатуды қатар жүргізіп жатырмыз. Бұл құбылыс саяси реформа мен рухани жаңғырудың үндескен сәті болып саналады. Өткеннің өнегесін бүгінгі реформалармен ұштастыра білсек, мемлекетіміздің іргесі әрқашан берік, егемендігіміз мәңгілік болмақ.
Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты орталығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор