Италиядағы дөңгелек үстел: Әлемдік діндер көшбасшыларының VII съезінің нәтижелерін талқылау

5453

Әлемдегі ең көне университеттердің және Италияның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Римнің Сапиенца университетінде 2022 жылғы қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz. Іс-шараға Италия дінбасылары, Сапиенца университетінің профессорлар құрамының мүшелері, мәдениеттанушылар, дінтанушылар, журналистер, аспиранттар, студенттер және т.б. қатысты.

«COREIS» исламдық діни қауымдастығы мен Сапиенца университеті ұйымдастырған дөңгелек үстел аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің қорытындысы бойынша қабылданған декларация қаралды. Іс-шараға қатысушылар әлемдік діндер көшбасшылары форумының дінаралық және конфессияаралық диалогты қамтамасыз етудегі рөлі туралы өз пікірлерін білдірді.

Атап айтқанда, Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев азаматтық қоғамның бірігуі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында және оның халықаралық деңгейде танылуына зор үлес қосқандығын атап өтті. Ұлтаралық келісім, діни төзімділік пен халық бірлігі еліміздің табысты дамуының кепіліне айналды.

Елші Қазақстанның ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту, діни сенім бостандығы құқығын құрметтеу саясатын ұстанатынына баса назар аударды. Еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру жөніндегі халықаралық бастамасы осының маңызды дәлелі.

«Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністік негізінде құрылған диалогты қамтамасыз етуге ұмтылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу – осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың кең перспективаларын ашу және зорлық-зомбылық, діни экстремизм және терроризм сияқты жағымсыз көріністерді еңсеруге жәрдемдесу» Ерболат Сембаев

Іс-шара барысында Италияның Университеттер және ғылыми зерттеулер министрі Анна Мария Бернинидің дөңгелек үстелге қатысушыларға үндеуі оқылды. Онда ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің декларациясында мақсаты бейбіт өмір сүруге басымдық берілетін қоғам құру болып табылатын діндердің әлеуметтік өзгерістер агенттері ретіндегі құндылығын айқындайтын ұғымдарды қамтитынын атап өткен. Министрдің айтуынша, бүгінгі шара геосаясатта, мемлекеттерді біріктіруде маңызды рөл атқаратын және диалог пен ынтымақтастық құралы бола алатын иудаизм, ислам, христиандық сияқты діндердің рөлі мен қызметтерін талқылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Сапиенца университетінің профессорлары У. Джентилони мен А. Саджиоро, Италия ислам қоғамдастығының президенті Ә. Бәкір Моретта, Рим еврей қауымдастығының бас раввині Р. Ди Сеньи, Папа қалалық «Әділділер насихаты» колледжінің ректоры А. Нуньес, «COREIS» исламдық діни қауымдастығының вице-президенті имам Я. Паллавичини, «Бруно Кесслер» қорының өкілі И. Валенци, Сапиенца университетінің аспиранты Б. Фрайоли және т.б. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің қорытындылары туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Атап айтқанда, профессор У. Джентилони бүгінгі семинардың ерекшелігі білім, дін және дипломатияны біріктіріп, адамдар арасындағы диалог пен қарым-қатынасты орнатуға ықпал ету екендігін атап өтті.

Италия ислам қоғамдастығының президенті Ә. Бәкір Мореттаның айтуынша, Съез түрлі діни көшбасшылар арасындағы диалог үшін маңызды алаң қызметін атқарады.

Өз кезегінде «COREIS» ислам діни қауымдастығының вице-президенті имам Я. Паллавичини өткен жылдың қыркүйек айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысқаны жөнінде айтып берді. Ол Қазақстан 2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекеттен кейін мұндай Съезді өткізген бірінші мемлекет екенін, осылайша әлемнің барлық дерлік негізгі діндер көшбасшыларын бір үстел басына жинағанын атап өтті.

Арнайы дөңгелек үстел үшін бейне үндеу форматында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев сөз сөйлеп, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездері өткен 20 жыл ішінде аса құнды және тағылымы мол тәжірибе жинақталғаны жөнінде атап өтті.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстанның дінаралық және конфессияаралық диалогтың жаһандық үдерісіне қосқан елеулі үлесі болды және әлемдік қоғамдастықтың келісім мен төзімділік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайту жөніндегі күш-жігерінде ерекше орын алды. Әлемнің ең беделді рухани көшбасшыларының басын қосып, Ватикан және Католик шіркеуінің басшысы, Рим Папасы Францискпен, «әл-Азһар» университетінің жоғарғы имамы Шейх Ахмед әл-Тайебпен, Орыс православие шіркеуі өкілдерімен, Израильдің бас ашкенази раввині Давид Лаумен, Израильдің бас сефард раввині Ицхак Иосифпен және форумның барлық қатысушыларымен диалог орнату Қазақстан үшін үлкен мәртебе болды» Болат Сәрсенбаев

Дөңгелек үстел іс-шараға қатысушылардың пікір алмасуымен аяқталды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -