ЕО-ның Қазақстандағы демократиялық өзгерістерге көзқарасы

4976
Фотосурет: Depositphotos

Еуропалық парламентте аймақтағы саяси өмірді демократияландырудың өзекті үрдістеріне арналған «Қазақстан мен Моңғолиядағы конституциялық реформалар үдерісі: тағылымы мен көкжиегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Еуродепутат Влодзимеш Чимошевичтің бастамасымен өткен іс-шараға Еуропалық парламенттің және мүше мемлекеттердің ұлттық парламенттерінің депутаттары мен қызметкерлері, Еуроодақтың өзге де негізгі институттарының, дипломатиялық корпустың, ғылыми-зерттеу құрылымдарының, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан тарапынан дөңгелек үстелде ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы Снежанна Имашева және Брюссельдегі ҚР Елшісі Марғұлан Баймұхан сөз сөйледі.

В. Чимошевич өзінің құттықтау сөзінде «Брюссельде Қазақстан мен Моңғолияны Еуроодақтың маңызды серіктестері ретінде қарастырады» және екі елде де тұрақты және табысты дамудың кепілі болып табылатын демократиялық институттардың нығаюына мүдделі деп атап өтіп, әрқайсысының даму ерекшеліктерін ескере отырып, аймақ елдері арасында салыстырмалы талдау мен тәжірибе алмасудың қисындылығын атап өтті.

«Тұрақты демократиялық жүйелерді құру мүмкіндігі болып табылатын осы маңызды реформалар туралы ақпарат тарату өте маңызды» Влодзимеш Чимошевич

Э. Азимова дөңгелек үстелді ұйымдастырушыларға аймағымыздың дамуы мен оның Еуроодақпен ынтымақтастығы үшін өзекті тақырыпты көтергені үшін алғысын білдірді және дөңгелек үстелге қатысушыларды 2022 жылғы жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша елдің ата заңына өзгерістер шеңберінде құрылған «адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегі болуға тиіс» ҚР Конституциялық Сотының жұмысы мен мандаты туралы хабардар етті.

«Конституциялық бақылаудың барлық органдары қызметінің айрықша ерекшелігі практиканы терең біле отырып, теориялық, ғылыми әдістердің үйлесімі болып қала береді. Конституциялық Сот үшін әділеттілік салтанаты орнап қана қоймай, адамның, қоғам мен мемлекеттің қазіргі қажеттіліктеріне жауап беретін және сонымен бірге шындықтан алшақтамайтын құқықтың үстемдігі қамтамасыз етілуге тиіс» Эльвира Азимова

Бұл ретте:

«Азаматтардың, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және Бас прокурордың өтініштері бойынша нормативтік құқықтық актілерді конституциялық бақылаудың кеңейтілген мандаты конституциялық реформаның гуманистік және құқық қорғау бағытын растайды» Эльвира Азимова

Еуропалық одақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмор өз сөзінде конституциялық реформаларды жүзеге асыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның сындарлы әрекеттестігінің маңыздылығын атап өтті. «Еуроодақтың Қазақстанмен және Моңғолиямен серіктестігінің іргетасы адам құқықтарының, заң үстемдігінің және демократияның негізгі қағидаттары болып табылады. Бұл біздің осы құндылықтарды ұстануымызда және оларды заңнамалық өзгерістер мен тәжірибеге енгізу арқылы іске асыруда өзара қолдауды білдіреді», – деді ол. Осыған байланысты, оның айтуынша, Брюссельде «Қазақстандағы конституциялық реформалардың тиімді жүзеге асуына» мүдделі.

Елші М. Баймұханның айтуынша, «осы уақытқа дейін Қазақстанда ауқымды саяси реформалардың бірінші кезеңі ғана аяқталды және, мемлекеттің жаңа, неғұрлым демократиялық моделін құра отырып, саяси жүйенің жүйелі трансформациясы жалғасатын болады». Сонымен бірге, Еуроодақпен қарым-қатынас аясында отандық дипломат «біздің мазмұнды экономикалық және саяси ынтымақтастығымызбен қатар әсіресе заң шығару жұмысының тәжірибесімен алмасу аясында Еуропалық парламентпен сенімді диалогымызды жалғастыру маңызды» деп атап өтті.

Дөңгелек үстел тақырыбының маңыздылығы туралы өз пікірімен Еуропалық парламенттің конституциялық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Сальваторе де Мео бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде өзінің демократиялық дамуының маңызды кезеңінде тұр, сондықтан «Еуроодақта елдегі конституциялық реформаларды мұқият бақылап келеді». Осыған байланысты ол еуропалық институттар серіктес елдердегі заңнаманы одан әрі жетілдіру арқылы демократиялық институттарды нығайту үшін мағыналы ықпалдастыққа ашық екенін атап өтті.

Дөңгелек үстелде пікір алмасу барысында өзге де маңызды өзгерістер қатарында Қазақстанда саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың айтарлықтай жеңілдегені атап өтілді, бұл олардың санының артуына және 2023 жылғы 19 наурызда парламенттік сайлаудың нәтижесімен биліктің заң шығарушы тармағында саяси әралуандықтың айтарлықтай нығаюына әкелді.

Осы тұрғыда С. Имашева дөңгелек үстелге қатысушыларға Парламент қатысуымен жүзеге асырылатын конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын таныстырды, оның ішінде басқарудың суперпрезиденттік моделінен биліктің заң шығарушы тармағының өкілеттіктері едәуір артқан президенттік республикаға көшу, азаматтардың елді басқаруға қатысуын нақты кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру ерекше атап өтілді.

Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан мен Моңғолиядағы институционалдық даму қарқынындағы маңызды оң өзгерістерді, сондай-ақ аймақтағы мемлекеттер мен қоғамдардың дамыуының демократиялық негіздерін нығайтуға бағытталған реформаларды одан әрі іске асыру мәселелері бойынша Еурродақпен мазмұнды да сындарлы үнқатысуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -