Бұл күні Алматы облысындағы «Бітімгер» оқу орталығында тәжік-ауған шекарасында, Ирак пен Ливанда бітімгерлік миссияларын орындаған әскери қызметшілер мен ардагерлер кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шара дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Оның әрбір дыбысы әлемнің түкпір-түкпірінде миссиясын атқарып жүрген бітімгерлердің жүрегінде. Кездесуге қатысушылар бітімгерлік операцияларды орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Ерлан Әлиқұлов құттықтау сөз сөйлеп, қазақстандық бітімгерлердің бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы жоғары рөлін атап өтті.
Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин екі онжылдық ішінде Қазақстанның бітімгерлік қызметте, оның ішінде көпұлтты күштер құрамында да белгілі бір деңгейде тәжірибе жинағанын тілге тиек етті.
"Біздің бітімгерлер Ирактағы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдаумыен, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің құрамында миссияларды сәтті орындады. Қазақстандық әскери бақылаушылар бүгінгі күнге дейін Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы және Мали Республикасы сияқты ең күрделі миссиялар құрамында міндеттерді орындауды жалғастырып келеді" Полковник Бауыржан Нығметуллин
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің саяси көшбасшылары Қазақстанның Ирактағы жағдайды тұрақтандыруға, қауіпсіздік пен бейбіт құрылысты қамтамасыз етуге қосқан үлесіне бірнеше рет жоғары баға берді.
2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қазақстандық бітімгерлер Ливанда миссия атқарып келеді. Алты жылда 500-ден астам әскери қызметші жеті рет ротацияланды. Ливандағы Миссия еліміздің әлемдік аренадағы беделін нығайту үшін маңызды екені айқын.
Осы шара аясында өткен ағаш отырғызу рәсіміне еліміздегі Біріккен Ұлттар ұйымының өкілі Властимил Самек қатысты. Атаулы күнге Қазақстанның бітімгерлік қызметі музейінің ашылуы да орайластырылды. Мұнда екі мыңнан аса экспонат, соның ішінде армияның айрықша белгілері, фотоқұжаттар, кубоктар, медальдар және әртүрлі елдердің кәдесыйлары бар.
Музей экспозицияларының бірі 2005 жылы Иракта қаза тапқан қазақстандық бітімгер Қайрат Құдабаевқа арналған.
Салтанатты шара соңы Талдықорғандағы Десанттық-шабуылдау әскерлері құрамасы шығармашылық ұжымының бітімгерлерге арнаған алаңдағы концертімен аяқталды.