Мәдени ынтымақтастық: Қазақстан мен Польша байланыстарды нығайтуда

4344

Польшада қазақстандық мәдениет пен өнермен танысуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

2023 жылғы 25-26 мамырда Қазақстан туралы кітаптар, қазақ халқының көрнекті қайраткерлері – Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары, сондай-ақ ҚР-дың Польшадағы Елшілігімен поляк тілінде шығарылған «Абай Құнанбайұлының Қара сөздері», «Қазақ халқына қызмет ету: Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбегі» атты кітаптар жыл сайынғы Варшава Халықаралық кітап жәрмеңкесінде ұсынылды.

Польшаның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі (2004-2007 жж.), «Менің Қазақстаным» қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының достық Елшісі Владыслав Соколовский жәрмеңкеде Қазақстанға арналған кітап бұрышын ұйымдастырды.

Жәрмеңке алаңында ҚР саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын, Польша мен Қазақстан арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықтың перспективаларын, Қазақстанның тарихы мен даму жолдарын талқылау бойынша тақырыптық кездесулер өткізілді. Іс-шараға Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Кирабаев, Польшаның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі (2011-2015 жж.) Яцек Клучковский, Польшаның Қазақстандағы бұрынғы Бас консулы (2009-2013 жж.) Веслав Осуховский қатысты.

2023 жылғы 26 мамырда Слупск қаласында мерейтойлық V Абай оқулары өтті. Халықаралық ғылыми семинар гибридті форматта Слупск қаласындағы Помор академиясы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесіп, ҚР Польшадағы Елшілігінің құрметті патронатымен өткізілді. Іс-шараға Қазақстан мен Польшаның академиялық топтары, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы, ҚР Польшадағы Елшілігі, Гданьск қаласындағы ҚР Құрметті консулдығы мен Быдгощ қаласындағы Экономика университеті жанындағы «Qazaq Eli» қазақ мәдениеті орталығының өкілдері, сондай-ақ Помор академия, Абай атындағы ҚазҰПУ, Варшава университеті, Познань қаласындағы А. Мицкевич атындағы университеті, Халықаралық бизнес университеті (Алматы қ.), Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Варминск-Мазур университетінің (Ольштын қ.) қазақстандық және поляк студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Іс-шара қатысушылар «Абай Құнанбайұлы және оның жастарға білім беру мен тәрбиелеуді дамытуға қосқан үлесі», «Қазіргі білім беру жүйесіндегі Абайдың ағартушылық идеялары», «Абай Құнанбайұлының Қара сөздеріндегі мақалдар», «Абай Құнанбайұлының мәдениет мәнмәтініндегі шығармашылығы», «Әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде Абай ескерткіші», «Абай Құнанбайұлының Қара сөздеріндегі ежелгі грек философтарының дәстүрлері», «Абай Құнанбайұлы мен Ренессанс ақындарының көзқарастарын салыстырмалы талдау», «Абай және қазақ халқының мәдениеті», «Танымал тұлғалардың, атап айтқанда Абай Құнанбайұлы мен Северин Гросстың мысалында қазақ-поляк байланыстарының тарихы» тақырыптарында баяндамаларды жасады.

Семинар барысында қазақ тіліне, тарихына және мәдениетіне ерекше назар аударылып, «Мәдениет пен тілді ілгерілетудегі әдебиеттің рөлі: Польшадағы Қазақ әдебиеті туралы мәселеге», «Ілияс Есенберлин және оның тарихи трилогиясы Көшпенділер», «Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, ғалым, аудармашы», «Александр Жовтис поэтикалық тіл теориясы туралы», «Қазақстан мәдениетаралық диалог кеңістігі ретінде» және т.б. баяндамалар ұсынылды.

Қазақстан мен Польшаның жоғары оқу орындарының студенттері Абай Құнанбайұлы мен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын көркемдеп оқыды. Домбырада қазақ күйлері мен әндері орындалды.

2023 жылғы 27-28 мамырда Белосток қаласында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Камералық хоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Даутовтың жетекшілігімен ең көне және ең беделді рухани музыка фестивалі болып табылатын 42-ші Халықаралық «Хайнувка» фестивалінде бірінші орынды иеленді.

Варшава мен Белосток қалаларында 38 қазақстандық әртістердің құрамында «Астана Опера» хорының концерттері үлкен табыспен өтті, онда қазақ халық әндері, заманауи ұлттық және батыс еуропалық авторлардың шығармалары орындалды.

2023 жылғы 29 мамырда Варшава қаласында Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев Польша мұсылман діни одағының төрағасы, Польша мүфтиі Томаш Миськевичпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екі елдің мұсылман ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Польша мұсылман діни одағы арасындағы Ислам ынтымақтастығы туралы Меморандумына қол қоюға арналған Польша мүфтиі Т. Миськевичтің Қазақстанға алдағы сапарын талқылады.

Т. Миськевич дінаралық және конфессияаралық диалогтың қазақстандық үлгісін жоғары бағалады. Осы тұрғыда, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеялары мен өткен жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өткізілген VII Съездің декларациясын одан әрі ілгерілетуге ерекше назар аударылды.

«Абай оқулары» ғылыми семинары – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесіп Слупск қаласындағы Помор академиясы Абай атындағы Қазақ мәдениеті мен ғылымы орталығында жыл сайын өткізілетін халықаралық іс-шара. Абай орталығы 2019 жылғы 23 мамырда құрылды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -