2023 жылғы 30 мамырда Қазақстанның Латвиядағы Елшілігі «Латвия-Қазақстан: ынтымақтастықтың жаңа нысандары мен перспективалары» атты бейнеконференцияға қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараны Латвия Ғылым академиясының Экономика институты мен Экономикалық даму жөніндегі Балтық-Қазақстан қауымдастығы Латвиядағы Латвия мен Қазақстанның елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырды.
Бейнеконференция осы жылдың 8-9 маусымында Қазақстан астанасында өтетін Астана Халықаралық форумына орайластырылды.
Латвия тарапынан бейнеконференцияға экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының (машина жасау және робототехника, ауыл шаруашылығы, тамақ өнімдерін өндіру) басшылары, сондай-ақ IT-компаниялар мен стартап-жобалардың, фармацевтика мен медицинаның өкілдері қатысты. Қазақстандық қатысушылар «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басшылығы, минералды тыңайтқыштар, ферроқорытпалар өндіру саласындағы компаниялардың, сондай-ақ Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының, «Қазақстан дипломаттары» республикалық қауымдастығының және «Астана» дипломатиялық клубының басшылығы деңгейінде ұсынылды.
АХҚО Әкімшілігінің атқарушы директоры Нұрлан Тоимбек латвиялық әріптестеріне Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері, салықтық преференциялар мен жеңілдіктер, «Kaspi Bank» АҚ табысты қызметінің мысалында қазақстандық банк жүйесі, сондай-ақ АХҚО шетелдік инвесторлар мен компаниялар үшін ұсынатын қаржы, заң, әкімшілік және басқа да құралдар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Іс-шара соңында латвиялық тарап талқылау қорытындылары бойынша Латвия кәсіпорындары ұсыныстар жобасын ұсынатыны туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сондай-ақ өзінің Астана Халықаралық Форумына қатысуын растады.