Киелі қалам, қадірменді сөздің мәйегіне айналған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Қалқан» газетінің алғашқы нөмірінің шыққанына биыл 65 жыл толады. 1961 жылдың 28 қыркүйегінде еліміздің төңірегінде орналасқан Ішкі әскерлерінің дивизиялық газеті болып «На боевом посту» деген атпен «Қалқанымыз» қанат қақты. Сол жылдардан бастап ол Ішкі әскердің үнпарағына, жаңалық жаршысына айналды.
Әскер айнасы
Кейін «Дзержинец», «Қалқан – Шит» болып сара жолын бекемдеді. Әрине, заман сондай болған соң тәуелсіздіктің арайлы таңы атқанша «Қалқан» тек ресми тілде басылды, ол кезде киелі қазақ тіліне газеттен орын болмады. Егемен ел болып, өз тізгінімізді алған сәттен бастап қару асынған азаматтың рухани досы Абай сөйлеген киелі тілде ақпар тарата бастады. Бұл да тәу етер тәуелсіздігіміздің игілігі.
Өткеннің тереңіне сүңгіп, арыға бармай, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңін алатын болсақ сол тұстары газетті марқұм подполковник Сергей Александрович Геращенко басқарды. Кейін редакцияны Ішкі әскер құрылған жылдан бастап, көп жылдар бойы полковник Виктор Юрьевич Фрайденберг, мұнан соң полковник Сәдуақас Нұрышұлы Жұбатов бас редакторлық қызметте әскер игілігіне қызмет етті. Одан кейін әскер газетінің 2013-2017 жылдары тізгінін ұстау маған бұйырды.
Соңғы жылдары әскер айнасын подполковник Руслан Жангулин мен полковник Ерболат Сұлтанов сынды шәкірттерімнің басқарып, төл басылымды жаңа деңгейге көтеруі мен үшін үлкен абырой екенін атап өткенім жөн.
Журналистика алыбы
Газет жайлы сөз қозғаған соң оның әр жылдары уығын көтерісіп, қара нардай атсалысқан, бүгінде арамызда жоқ, бірге қызметтес болған басшыларымыз бен әріптестерімізді атап өтуді азаматтық парызым деп санадым. Олардың бірі және бірегейі жазушы-журналист полковник Сағидолла Көшімбаев болатын. Ол өмірден 2016 жылы жетпіске қараған шағында озды.
Сағидолла Құрманғалиұлын қазақ әскери журналистикасының алыбы деп айтуға болады. Өйткені сол жылдары әскери журналистика, дегеніміз тыңға түрен салатындай жаңа бағыт болатын. Міне, дәл осы кезде, қамал алар қырықтан асқан шағында, елімізге бірқатар кітаптарымен танымал бола бастаған Сәкең Ішкі әскер қатарына келеді. Нағыз кәсіби журналистік шағында үйреншікті жұмысын тастап, әскерге келуінің өзі Сәкеңнің батылдығы мен асқан елжандылығын көрсетеді.
Осы жылдары Сағидолла Құрманғалиұлы әскердің «Қалқан» - «Щит» газетінің екі тілде шығуына және кейін оның «Қалқан» болып шыға бастауына мұрындық болғанын айта кетуіміз керек. Сонымен қатар жас буынға қазақы рух дарытуға және мемлекеттік тілдің әскердегі мәртебесін көтеруге көп атсалысты. Тіпті «Қалқан» газеті редакциясының 1997 жылы Алматыдан Астанаға көшкен кезінде барлық баспа машиналары тиелген жүк колоннасын Сарыарқа төсіне ағамыздың өзі бастап келгенін көбі біле бермейді.
Оның кадр мәселесіне де көп көңіл бөлгенін білеміз. Жан-жақтан білікті журналистерді жинап, әскери журналистикаға жолдама берді. Солардың ішінде елімізге танымал журналистер Дулат Молдабаев, қарымды қаламгерлер Ысқақ Темірболат, Танат Шернебеков т.б. бар.
Өзімнің де әскери журналистикаға келуім Сағидолла ағамен байланысты екенін атап өтуім керек.
Мен ол кезде Ішкі әскердің елордалық әскери бөлімінде тәрбие саласында қызмет атқаратынмын. Қызметіме байланысты аратұра өткізіп жатқан іс-шаралар жайында төл газетімізге материал жіберіп тұрамыз. Бір күні газеттің бас редакторы полковник Виктор Фрайденберг телефон шалып, мені осы газетке тілші болуға шақырды. Оған себепші болған сол кезде газеттің қазақ бөлімін басқарған Сағидолла Көшімбаев ағамыз еді. Марқұм Сағидолла ағамыз өз ұлтының нағыз жанашыры болып, редакцияға қазақ тілді журналистерді тартып жүретін. Бірақ, бас редакторымыз ең алдымен журналистика мамандығын алуым керек екенін қадап айтты.
Сөйтіп, Сағидолла Құрманғалиұлының ұсынысымен мен сырттай жаңа ғана ашылған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсіп, журналистика мамандығын игердім. Екі жыл ішінде еліміздің қайраткер азаматы, белгілі этнограф жазушы-журналист Ақселеу Сейдімбек басқарған журналистика кафедрасының ұстаздары Сембай Қисымов, Гүлжаухар Болатова, Амантай Шәріп, Меңдігүл Шындалиева т.б. дәріс алып, журналист болып қалыптастым.
Жомарт Әбдіхалық ағамыз бастаған комиссияның алдында «Қазақстандық әскери басылымдарындағы патриоттық тақырыбы» жайында жазылған дипломдық жұмысымды қорғаған сәтте де Сағидолла ағамыз өзі қатысып, қолдау көрсеткен еді.
Сағидолла Көшімбаев редакцияға келіп түскен өңірлік тілшілер мен орталықта істеп жүрген журналистердің материалдарын өзі өңдеп, мазмұнына мұқият көңіл бөліп отыратын. Оның: «Қате деген ұры, бұрыштан сығалап қарап тұрады, байқамасаң өткізіп аласың», - деген сөзі бүгінгі күні есімізде жатталып қалған аксиомаға айналды. Бұл сөзін әрқашан кейінгі жас қаламгерлерге айтып жүреміз.
Оқуымды аяқтап, редакцияның баспасөз қызметіне ауысқанда Сағидолла Құрманғалиұлы Ішкі әскердің жаңадан құрылған мемлекеттік тіл бөлімін басқарды. Әлі есімде, 2003 жылы полковник Сағидолла Көшімбаевтың Ішкі әскердің қолбасшылық құрамы қатысқан Әскери кеңесте алғашқы рет әскердегі мемлекеттік тілдің қолданылуы жайында баяндама жасағаны. Сол жолы оның тіл туралы көтерген мәселелері Кеңестің хаттамасына енгізіліп, әскердегі мемлекеттік тілдің жағдайына ерекше назар аударылған болатын.
Сағидолла Құрманғалиұлы сол кездің өзінде әскери терминдерді қандай бір әдебиеттен немесе газет-журналдардан көріп оқыса, қойын дәптеріне түртіп қоятын. Кейін зейнеткерлікке шыққан соң қазақ тілді «Айбын» атты әскери терминдер энциклопедиясын шығаруға мұрындық болды.
Негізі адамның тағдыры өмір жолында кездескен адамдармен байланысты болады. Менің әскери жолымда да осындай жақсы жандар көп болды. Университетте оқып жүргенде доцент журналист Сембай Қисымов менің дипломдық жетекшім болды. Мемлекеттік емтиханды белгілі жазушы-публицист Жомарт Әбдіхалық ағамыздың алдында тапсырғанымыз бар. Комиссия бастығының бір сұрағына мүдіріңкіреп жауап қатқанымда, кафедра бастығы Ақселеу Сейдімбек араласып, әзілшыны аралас сөзімен мемлекеттік комиссия төрағасының алдында мені қорғап қалғаны әлі есімде.
Еңбегі ерен редактор
Журналист мамандығын алғасын бірер жыл полковник Виктор Фрайденбергтің басқаруымен жұмыс істедім. Ол кісі де көп жылдар бойы бірнеше кеңестік әскери басылымдарда қызмет атқарған нағыз білгір маман еді. Ол зейнетке шыққан соң, редактор болып қарымды қаламгер, полковник Сәдуақас Жұбатов тағайындалды.
Сәдуақас Нұрышұлы 1962 жылдың 12 наурызында сыр елі Қызылорда облысында дүниеге келген еді. Ол табиғатынан зерек, жазуға құмар болатын. Өзі туып өскен ауылындағы Сарбұлақ сегіз жылдық мектебінде оқып жүргенде-ақ оқушыларға арналған «Қазақстан пионері» газетінде мақалалары жарыққа шығып, оның штаттан тыс тілшісі атанады. «Сол бір жазда», «Жазғы жаз әсерлері» атты шығармашылық байқауларда Сәдуақас Нұрышұлы жүлделі орындарды иеленеді.
Мектептен кейін ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген Сәдуақас Нұрышұлы содан бері қаламын өмір бойы серік етіп, қолынан тастаған емес. Аудандық «Ленин туы», облыстық «Ленин жолы» газеттеріне шығармаларын жариялап тұрды. Алматы қалалық комсомол газетінің органы «Өркен» – «Горизонт» апталық газетінде 1989 жылдың сәуір айына дейін тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Еңбегі еленіп, «Домостроитель» газетінің қазақ басылымына редактор атанды. «Жас алаш» газетінде жұмыс жасады.
1995 жылы қаламгер журналист ҚР Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері қатарына шақырту алады. Содан бері Ұлттық ұлан әскерінің қатарында 1995 жылдан бастап 2013 жылдың аяғына дейін абыройлы қызмет етті. Соңғы жылдары әскердің «Қалқан» газеті мен «Бүркіт», «Ішкі әскер жаршысы» журналдарын 11 жыл бойы үздіксіз басқарды.
Осы жылдары Бас редактор қызметін атқара жүріп әскер туралы оннан аса кітаптың шығуына мұрындық болды.
Сонымен қатар, «Ішкі әскер маршы», «Қазақстан – Отаным», «Ер бол» және басқа да жауынгерлік, саптық әндерге өлеңдер жазды. Сөйтіп әскер басылымының қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосты.
Запастағы полковник Сәдуақас Нұрышұлы Жұбатовтың Ішкі әскер қатарындағы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан, өзі қызмет еткен әскер басшылығы тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл», І-ІІІ дәрежелі «Қазақстан Қарулы Күштеріндегі мінсіз қызметі үшін», «Ерекше қызметі үшін» медальдарымен, басқа да ведомстволық наградалармен марапатталды. Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі, ҚР Ішкі істер органдарының құрметті ардагері атанды.
Садуақас Нұрышұлы құрметті еңбек демалысына шықса да, әскерден қол үзген емес. Редакция ұжымымен, әскер басшылығымен етене араласып, көп жылғы тәлім-тәжірибесімен бөлісіп жүрді. Өзінен кейін көптеген құнды дүние қалдырды.
Өмірінің соңғы жылдары Қорғаныс министрлігінде қызметкер болып абыройлы жұмыс жасады. 2016 жылы «Асылдың тұяғы» жаңа кітабын жарыққа шығарды.
Кәсіби әскери журналист Садуақас Нұрышұлы көптеген шәкірттерін тәрбиелеп, журналистика аламанына қосты. Бүгінде Ұлттық ұландағы әскери тілшілердің басым бөлігі Сәдуақас Нұрышұлының ізбасарлары болып табылады.
Дәстүрге адал ардагерлер
65 жылда қаншама адам «Қалқаннан» түлеп ұшқан соң кең қанатты шығармашалық иесі, сөзі дуалы қарымды қаламгер, елге белгілі журналист атанды десеңізші. Олардың көбі бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, құрметті демалыста. Демалыста деймінау, әлі де ел игілігі үшін еміне еңбек етіп, тәуелсіз Қазақ елінің жарқын болашағын жасасып жүрген жайы бар. Олардың қатарында Боташ Қажымов, Александр Тасболатов, Юрий Василевский, Дулат Молдабаев, Исқақ Темірболат, Алтай Сиырбаев, Айткүл Мырзатаева, Айнабай Мәдиев, Олег Таран, Танат Шернебеков, Тамара Дәулетбаева, Альфия Ахмеджанова, Толқын Сәтбекова, Ержан Әбдірахманов, Дарын Сейітов, Мұратбек Құдайбергенов, фототілші Вячеслав Гельблинг басқалары да бар.
Баспа және газетті көркемдеу ісіне еңбегін аямай тер төккен Екатерина Маркова, Күлімхан Қалиасқарова, Клара Дүзелбаева, Гүлмира Мұхаева, Ләззат Жүсіпова, Нұр Рысақова сынды әріптестеріміздің есімдерін құрметпен еске аламыз. Тіпті еліміздің бас газеті, киелі шаңырақ – «Егеменнің» белді журналисі болған Александр Тасболатовтың, «Казахстанская правда» газетінде көп жылдар еңбек еткен Дулат Молдабаевтың, арайлы «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі болған Мәди Айнабаев, «Отан сақшысы» газетінің ардагер тілшісі Тамара Дәулетбаеваның «Қалқаннан» түлеп ұшқан тұрпаты биік түлектері екенін біреу білсе, біреу білмес.
Асыра айтқандық емес, «Қалқан» киелі орда, сара жолы бар, қаламгерлік дәстүрлерге ие елдегі санаулы әскери басылымдардың аға басылымы. Талай журналисті анасындай бауырына басып, әкесіндей баптап, тарпаң арғымаққа айналдыра білген қаламгерлер кие тұтатын алтын ұясы бола білді, бола да бермек. Сол аға буын салған асыл ізді бүгін жалғастырып отырған полковник Ерболат Сұлтанов бастаған редакция құрамында подполковник Руслан Қайыркенов, майор Мөлдір Нәлібаева, кейінгі буын өкілдері аға лейтенант Құралай Қоңыратбаева, капитан Қымбат Шұғайып, лейтенант Жанболат Кенжеғұл, тағы басқалары жалғап, қаламгер деген құдіретті мамандыққа адалдық танытып келе жатқан жайлары бар. Өкінішке қарай, арамыздағы дарынды журналист Құралай Қоңыратбаевадан айырылып қалдық. Бүгінде редакция мамандарының бірқатары Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, бірнеше мәрте әдеби байқаулардың жеңімпазы атанған.
Бұдан бөлек, өңірлік қолбасшылықтар мен Академияда баспасөз қызметтерінің басшылары Бақыт Әліпбаев, Бағдат Амангелді, Ертуған Әубәкір, Бақдәулет Манарбек, Маржан Талапкер бастаған, Данара Баймағанбетова, Әйгерім Балтабаева, Мәлика Шынжігітова, Рүстем Мұхамет-Рақым, Әлішер Асқарбек, Абдрасул Абдрашит сынды арнайы тілшілеріміз төл басылымның әр нөміріне үлес қосып келеді.

ГАЗЕТ МАҢЫЗЫ ЖОЙЫЛМАЙДЫ
Шығармашылық іс қамқорлықты, тіпті аялы алақандай назарды қажет ететінін білесіздер. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков, Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетовтың, кураторымыз Бас қолбасшысының кеңесшісі майор Әлібек Абдиловтың газетімізге деген ықылас-ілтипаттары ерекше.
Басшылық тарапынан көрсетілген қолдау мен газеттің мәнін, һәм маңызын терең түсінген ортада шығармашылық жұмыста өзінен-өзі аяңдап жүре беретіні шындық.
Газеттің мәні, маңызы дейміз. Әскери саладағы осы мәселеге де тоқтап өткеніміз орынды шығар. Қоғамды тәрбиелейтін де, кемшін тұстарын түзетіп, көпшілік жұртты бір мақсатқа жұмылдырып, тау-тау дүниені еңсеруге, еңбек етуге жұмылдыратын да осы баспасөз. Ол жайлы батыр Бауыржан бабамыздың: «Институт – студенттерді тәрбиелеу аудиториясы, ал газет – халықты тәрбиелеу аудиториясы» деген сөзі ойымызды дөп басады.
Мәселен, сонау Ұлы Отан соғысының қанды қырғынды шағы, 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдар аяғына дейін майдандағы біздің қазақ, басқа да Орта-азиялық құрама, дивизия, бригадаларда 70-тен аса ұлттық тілдегі газеттер ашылып, таратылған екен. Бұл не үшін деген сауал туындауы да мүмкін. Ақша, қару жоқ, тіпті әскердің жағдайы мүшкіл, тіпті әлемде бар болып қаламыз ба, әлде жоқ болып кетеміз бе деп тұрған шақта әскери газеттерді шығару қолға алынған. Неліктен демеске шара жоқ. Барлығы да жауынгерлік рухты көтеруден туындаған дүние. Рухы биік адам қандай қамалды болсын алмай қоймайды.
Мінеки, қаймана Қазақ еліндегі тарих жолы сан жылдарға тарамдалған, байырғы, бірден-бір әскери мерзімді басылым – біздің «Қалқанымыз» 65 жылдық мәресінен асудың алдында тұр. Өзіне тән жауынгерлік даңқты жолды әдемі еңсерген баспасөз құралы ел қауіпсіздігін қырандай қорып жүрген ұландықтардың жаңалық жаршысы бола білуден бір танбақ емес.
Қалқан» газеті және «Бүркіт» журналының 2013-2017 жылдардағы бас редакторы