Қазақстанның Польшадағы Елшілігі Польша Президентінің жұбайы Агата Корнхаузер-Дуданың қамқорлығымен өткізілетін жыл сайынғы халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Миссия басшыларының жұбайлары (SHOM) ұйымдастырған іс-шараға 50-ге жуық елшілік қатысып, өз елдерінің бұйымдарын сатты, әрі келген қонақтарды ұлттық тағамдармен таныстырды.
Қазақстан Елшілігі еліміздің кәдесый және аспаздық өнімдерін ұсынды: қазақ ою-өрнектерімен безендірілген кәдесыйлар, ұлттық әшекейлер мен киімдер, дәстүрлі қолөнер бұйымдары, сондай-ақ қазақтың тәттілері және т.б. Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық аспап – домбыраның дыбысын тамашалады. Қазақстандық студенттің орындауында «Әлкисса» және «Алаш аманаты» күйлері шырқалды.
Жәрмеңке қонақтары Польша мемлекеті басшысының жұбайы, Польша СІМ басшылығы, сондай-ақ жергілікті дипломатиялық корпус, БАҚ, іскер және қоғамдық топтардың өкілдері болды.