Мерекелік жеделхаттар: әлем көшбасшылары Тоқаевты Ораза айтпен құттықтайды

481
Фотосурет: Akorda

Қазақстан Президентінің атына Ораза айт мерекесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына барша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Ораза айтқа орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа түрік халқының және жеке өз атынан жүрекжарды лебізін білдіріп, оған зор денсаулық, бақыт, ал достас әрі бауырлас Қазақстан жұртшылығына бақ-береке тіледі.

– Ынтымақ-бірлік, бауырластық құндылықтарын дәріптейтін осы қасиетті мереке Ислам әлеміне және барша адамзатқа бейбітшілік, бақ-береке ала келсін, – деп жазылған Түркия Президентінің құттықтау жеделхатында.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас Қазақстан халқына ізгі тілегін білдірген.

 – Кейінгі жылдары ортақ мәдени және рухани құндылықтарды қастерлейтін достас халықтарымыздың өзара бірлігі нығайып келеді. Оның бейбітшілік пен тыныштықты, өзара достықты дәріптейтін қасиетті Рамазан айы мен Ораза айттың ізгі қағидаттарымен үндесетіні сөзсіз, – деп жазылған жеделхатта.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров құттықтауында мемлекетіміздің басшысына амандық тілеп, Қазақстан халқының бейбіт заманда өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірген.

– Сенімнің беріктігін, төзімділік пен бірлікті айшықтайтын осынау рухани мерекеде халықтарымыздың ынтымағы нығайып, бақ-берекесі еселене берсін, – деп жазды қырғыз елінің басшысы.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өз жеделхатында елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастың жоғары деңгейіне көңілі толатынын атап өткен.

– Барша мұсылман елдері үшін қасиетті саналатын мейрамның адамгершілікке үндейтін құндылықтары мен жасампаз дәстүрі халықтарымыз арасындағы мызғымас берік байланысты нығайтуға алдағы уақытта да қызмет ете беретініне сенімдімін, – деп жазған Тәжікстан басшысы.

Қасиетті Ораза айт мейрамына орай ізгі тілегін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов те жолдады.  

– Ежелден адамгершілік, қайырымдылық, мейірімділік және рухани тазалық секілді асыл қасиеттерді дәріптейтін бұл мейрам мұсылман үмбеті арасындағы өзара түсіністікті, ынтымақ пен татулықты нығайта беретініне кәміл сенемін, – деп жазған Түрікменстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысын БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Иордания Королі II Абдалла, Марокко Королі VI Мұхаммед, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Кувейт Мемлекетінің Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Ливия Президенттік кеңесінің төрағасы Мұхаммед Юнис әл-Манфи, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Ирак Президенті Абдул Латиф Рашид, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лун, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі және Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрдің орынбасары шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының Бас хатшысы Хайсам әль-Ғайс, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының Бас директоры Салим әл-Малик және тағы басқалар құттықтады.  

Қазақстан Президентінің атына құттықтау хаттары мен жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатыр.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -