Қазақстан мен Испания көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын

3311
Фотосурет: Gov

Мадридте көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың нығайуы талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испанияның көлік жөніндегі мемлекеттік хатшысы Хосе Антонио Сантаномен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты экономикалық өзара ынтымақтастықты, атап айтқанда көлік-логистика саласындағы даму перспективаларын қарастырды. Еуропа мен Азия арасындағы сауда ағындарын қамтамасыз етудегі Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ) өсіп келе жатқан рөлі аталып өтті.

Елші еліміздегі әлеуметтік-экономикалық даму, іскерлік және инвестициялық ахуал, сондай-ақ Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Осы тұрғыда, дипломатиялық өкілдің басшысы көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша Үкіметтің қабылдап жатқан шараларына жеке тоқталды. Сондай-ақ, Д. Мұсаев сұхбаттасушының назарын екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажеттілігіне аударды.

Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы көлік-транзит секторында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін қолда бар екіжақты әлеуеттің бар екендігін атап өтіп, өзара тиімді жобаларды, оның ішінде ТХКМ шеңберінде іске асыру бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендігін білдірді.

Кездесу соңында тараптар барлық өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -