Шахмат оқушыларға жақсы білім алуға қаншалықты көмектеседі және осы интеллектуалды ойынды мектеп біліміне қалай енгізуге болады? Бұл тақырыптар Қазақстан шахмат федерациясы/KazСhess өкілдерінің Азия елдерінің шахмат федерациялары өкілдерімен кездесуі барысында талқыланды. Кездесу 10-20 маусым аралығында Алматыда өтетін Жасөспірімдер арасындағы 26-шы Азия чемпионатының алаңында өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
KazСhess өкілдері чемпионат делегаттарына өзінің "Білім берудегі шахмат" бағдарламасын, Chess Legends серіктестерінің Chess class оқыту платформасын таныстырды. Қатысушылар арасында Жапония, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Кувейт, Катар, Малайзия, Пәкістан, Таиланд, Иран және басқа да Азия елдерінің шахмат федерацияларының өкілдері болды.
Қазақстан шахмат федерациясының командасы шахматты мектеп бағдарламасына енгізу тәжірибесімен бөлісіп, еліміздегі шахматтың дамуы ең жоғары деңгейде қолдау тапқанын атап өтті. KazСhess өкілдері Оман, Тәжікстан, Шри-Ланка, Бангладеш және Камбоджадан келген әріптестер мен жас шахматшыларға арналған жаттықтырушылық көмек бағдарламасы туралы жаңалықтармен бөлісті. Бұл Freedom Holding Corp. бас демеушісінің қолдауымен KazChess Азия шахмат федерациясы ФИДЕ-мен серіктестікте жүзеге асыратын Freedom Asian Chess Initiatives жобасының арқасында мүмкін болды.
«Білім берудегі шахмат - біз үшін өткен жылы қабылданған шахматты дамытудың Кешенді жоспары аясында жүзеге асыратын маңызды жоба. Келесі оқу жылының соңына дейін біз шахматты еліміздің 350 мектебінде факультатив ретінде енгізуді жоспарлап отырмыз. Осы жоғары интеллектуалды ойынды білімге енгізуге және осы игі істе тәжірибе алмасуға көмектесу үшін ынтымақтастыққа ашықпыз» Азия шахмат федерациясының вице-президенті, KazСhess бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасов
Кездесу қорытындысы бойынша Азия елдерінің шахмат федерацияларының өкілдері жоспар бойынша тамыз айында өтетін Білім берудегі шахмат бойынша халықаралық конференцияға қатысуға шақырылды. Конференция ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР ҒЖБМ-мен бірлесіп ұйымдастырылады.