Тегеранда Азия ынтымақтастығының болашағы талқыланды

4752
Фотосурет: Gov

Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Иранның төрағалығымен Тегеран қаласында (Иран Ислам Республикасы, ИИР) өткен Азиядағы ынтымақтастық диалогына (АЫД) мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының 19-шы отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

А.Рахметуллин өз сөзінде Азия және Таяу Шығыс өңірлерінде геосаяси шиеленістің өсуі, климаттың өзгеруі, сауда байланыстарының бұзылуы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздіктің төмендеуі жағдайында бірлескен шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту және жанжалдарды реттеу жөніндегі халықаралық күш-жігерді қолдайтынын растады.

Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бейбітшіліктің, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы дүниежүзілік бірлік» атты жаңа формуласының уақытылығына ерекше тоқталды. Қазақстан делегациясы басшысы Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін және штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму жөніндегі БҰҰ орталығын құру туралы бастамаларына, сондай-ақ олардың толыққанды жұмыс істеуі қауіпсіздік пен даму саласындағы өңірлік және жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге ықпал ететініне қатысушылардың назарын аударды.

Азиядағы «цифрлық және технологиялық алшақтықтың» жағымсыз салдарын азайту қажеттігін атап өтіп, ҚР СІМ бірінші орынбасары АЫД елдерінің сарапшылары мен инвесторларын технологиялар мен инновациялар саласындағы практикалық өзара іс-қимыл мақсатында «Астана Хаб» платформасын кеңінен пайдалануға шақырды. Іс-шара қорытындысы бойынша Тегеран декларациясы қабылданды және алғаш рет АЫД «Хатшылығының жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары» мен «Рәсімдер қағидалары» бекітілді.

Сонымен қатар, А. Рахметуллин Азиядағы ынтымақтастық диалогы отырысы аясында халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ кеңейтілген тату көршілік серіктестікті жандандыру үшін екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау мақсатында ИРИ Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Али Бағеримен және Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Реза Наджафимен екіжақты кездесулер өткізді.

АЫД – Азиядағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттары бойынша диалог, консультациялар, шешімдер қабылдау және консенсус негізінде шараларды жүзеге асыруға арналған мемлекетаралық форум. Форум 2002 жылы 19 маусымда құрылды. Қазіргі уақытта Азия мен Таяу Шығыстың 35 мемлекеті АЫД мүшелері болып табылады. Қазақстан 2003 жылы қосылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -