Қазақстан мен Корея стратегиялық әріптестік дамуының оң динамикасын атап өтті

6347
Фотосурет: Gov

 Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері У Вон Шикпен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесу барысында қазақ дипломаты сұхбаттасын Корея Республикасының заң шығарушы органының басшысы лауазымына сайлануымен құттықтап, оның Қазақстан-Корея парламентаралық достық тобының төрағасы ретінде, оның ішінде Астана, Алматы және Қызылорда қалаларына жасаған бірнеше сапарларының нәтижесінде екіжақты қатынастардың дамуына қосқан елеулі үлесін жоғары бағалады.

Өз кезегінде Спикер саяси диалогтың жоғары деңгейін және кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің қарқынды даму динамикасын атап өтті. Сонымен қатар Корея Парламентінің төрағасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылы генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару туралы саяси шешімі үшін алғысын білдірді. Корей заң шығарушысы мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде жақында Қорқыт Ата университетінде «Seoultech» университетінің көмегімен жасанды интеллект мектебінің ашылуын атап өтті.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Корея Республикасы Қазақстанның 4-ші ірі сауда серіктесі және 5-ші ірі инвесторы болып табылатыны аталып өтті. Бүгінгі күні Қазақстан мен Корея арасында аптасына 15 әуерейс (Алматы – Сеул 13 рейс, Астана – Сеул 2 рейс) жүзеге асырылып, туристік алмасудың қарқынды өсуіне ықпал етуде.

Екі ел арасында бірқатар табысты экономикалық жобалар бар: «Kia» және «Hyundai» автомобиль зауыттары, «SK Ecoplant»-тың Үлкен Алматы айналма жолы (ҮААЖ) құрылысына қатысуы, «Doosan» компаниясының Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысы, сондай-ақ Алматыда «CU» бірінші қажеттілік дүкендерінің ашылуы және т.б.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы сындарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында диалогты жалғастыру туралы уағдаласты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -