Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовке V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысуға арнайы келгені үшін ризашылығын білдірді.
Президент екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуде Халк Маслахаты төрағасының Астанаға сапары аса маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір қазақ-түрікмен қарым-қатынасы өте табысты дамуда және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сәйкес келеді.
Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, ауқымды спорттық іс-шараның сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Халк Маслахаты төрағасы еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыруға ықпал ететін ірі халықаралық жиындарды ұйымдастырудағы Астананың рөлін жоғары бағалады.
Әңгімелесу барысында сауда-экономика, энергетика және көлік-логистика салаларында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына көңілдері толатынын жеткізді.
Кездесуде достық әрі тату көршілік рухында жан-жақты дамып келе жатқан мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі нығайтудың маңызына мән берілді.
Тараптар Қазақстан Президентінің биыл қазан айында Түрікменстанға жоспарланып отырған сапарының дайындық барысын талқылады.