Қазақстан биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құруға бастамашылық жасайды

7392
Фотосурет: Gov

Женевадағы БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің ұйымдастыруымен Ұлттар сарайында «Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік: БҚК институционализациялау контекстіндегі прогресс және перспективалар» атты арнайы іс-шара өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Биологиялық және токсиндік қару туралы конвенцияны (БҚК) нығайту жөніндегі жұмыс тобының сессиясы аясында өткізілген іс-шараға дипломаттар, сарапшылар және мүдделі тараптар қатысып, жаһандық биоқауіпсіздік шараларын күшейтудің инновациялық тәсілдерін талқылады.

Женевадағы БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев қатысушыларды Агенттікті құру бойынша жаңартылған құжаттардың жобаларымен таныстырып, жаңа сын-қатерлер дәуірінде биоқауіпсіздік тәуекелдерін жою бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік (БҚХА) құру жөніндегі бастамасын іске асырудағы прогресс туралы айтып, қатысушыларды БҚК институционализациялау шараларын қолдаудағы БҰҰ Бас Ассамблеясының жаңа қарары туралы хабардар етті.

Баяндамашылар Пәкістан делегациясының, ЮНИДИР, ДДСҰ және Женевадағы Пагуош кеңсесінің өкілдері болды. Талқылау барысында биоқауіпсіздік шараларын институционализациялау бойынша прогрестің негізгі бағыттары, мәселелері мен практикалық қадамдары қаралды. Кездесуге қатысушылар биологиялық қатерлермен күресте көпжақты ынтымақтастықтың маңызды рөлін және БҚК-ны жүзеге асыруды жақсарту жөніндегі бастамаларды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында ұсынған бастамасы. Содан бері бұл бастама әртүрлі халықаралық форумдарда кеңінен талқыланды. 2024 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру мүмкіндігін қоса алғанда, БҚК-ны институционализациялау жөніндегі шараларды зерделеуді ынталандыратын қарар қабылдады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -