Вашингтонда «Сапфир жобасының» 30 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
АҚШ-тағы «Carnegie Endowment for International Peace» ой-талқы орталығы мен «Council on Strategic Risks» (CSR) үкіметтік емес ұйымы бірлесіп, «Сапфир жобасы – 30 жыл: ядролық қауіптерді азайту бойынша АҚШ пен Қазақстан ынтымақтастығы» тақырыбында панельдік талқылау өткізді.
Талқылауға Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев, CSR аға ғылыми қызметкері, АҚШ Қорғаныс министрінің бұрынғы көмекшісі және «Сапфир жобасына» қатысушы Эндрю Вебер, сондай-ақ Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенова қатысты. Шараның модераторы әйгілі журналист және беделді Пулитцер сыйлығының лауреаты Дэвид Хоффман болды.
Қатысушылар 1994 жылғы 23 қарашада аяқталған АҚШ пен Қазақстанның бірлескен миссиясының сәтті іске асырылғанын, оның аясында Қазақстан аумағынан шамамен 600 кг жоғары байытылған уран шығарылып, бұл жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтіп.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау қағидаттарына берік екенін және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға белсенді үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Ол «Сапфир жобасын» «елдер өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген ынтымақтастық орнатқанда қол жеткізуге болатын жетістіктің жарқын үлгісі» деп сипаттады.
Сонымен қатар Елші Қазақстанның орта держава ретінде халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы белсенді қызметі ядролық салада ғана емес, биологиялық қауіпсіздік сияқты басқа да маңызды бағыттарды қамтитынын айтты. Осы тұрғыда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру жөніндегі бастамасының жаһандық қауіптерге қарсы күрестегі маңызды қадам екендігі аталып өтті.
Өз сөзінде Э.Вебер Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту туралы шешімін елге қауіпсіздік, тұрақтылық және өркендеу әкелген маңызды қадам ретінде бағалады. Ол бұл тәжірибені басқа елдер үшін үлгі деп атап, бейбітшілік пен ынтымақтастыққа басымдық беру жарқын болашақтың негізін қалайтынын көрсетті.
Т.Қасенова халықаралық таратпау режимін нығайтудың және ядролық тәуекелдерді болдырмау бойынша бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударды. Ол бұл операцияны «қазіргі Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға ретінде ғана емес, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерді еңсерудегі сенімнің, көреген көшбасшылықтың және ынтымақтастықтың күші ретінде зерттеуге лайықты мысал» деп атады.
Қатысушылар ядролық қауіптерге ғана емес, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруының басқа түрлерінің таралуына қарсы тұру үшін халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың қажеттілігін атап өтті. Мұндай күш-жігер ортақ жауапкершілікті, сенімді және барлық мүдделі тараптар арасындағы ашық диалогты жалғастыруды талап ететіні айтылды.
Шара сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, онда қатысушылар жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты сұрақтар қойып, таратпау және жаппай қырып-жою қаруға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықтың болашағы туралы пікір алмасты.