Қарағандыда «Көгілдір тоғандар» шағынауданы мен Оңтүстік-Шығыс ауданның арасындағы жаңа тұрғын алап қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мұнда тұрғын үйлер салынып жатыр, болашақта мектептер мен балабақшалар ашылады. Сонымен қатар аумағы 200 гектар болатын заманауи экосаябақ қалыптасуда.
Экосаябаққа тағы екі мыңнан астам ағаш егілді
Мамыр айының ортасында негізі қаланған саябаққа осы уақытқа дейін 2,6 мың ағаш отырғызылған.

Олардың қатарында:
- емен
- алма ағашы
- қарағай
- қарағаш
бар.
Бүгін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен ауқымды көгалдандыру сенбілігі барысында экосаябақ аумағына тағы екі мыңнан астам ағаш егілді.
Іс-шараға Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарынан делегациялар қатысты.
Ермағанбет Бөлекпаев: Ең маңызды нәтиже – адамдардың жанашырлығы
Сенбілікке қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мұндай бастамалардың басты құндылығы адамдардың белсенділігінде екенін айтты.

«Асар – адамдардың ортақ іске ешқандай сыйақы күтпестен және жауапкершілікті өзгеге жүктеместен бірігуі. Облыс тұрғындарының үшінші апта қатарынан бір мақсат жолында бас қосып отырғаны ерекше мәнге ие деп ойлаймын. Біз мұндай жобаларды көбіне егілген ағаштардың саны немесе атқарылған жұмыстың көлемі арқылы бағалаймыз. Алайда мұндай акциялардың басты нәтижесі тек цифрлармен өлшенбейді. Ең маңызды нәтиже – сіздерсіздер! Біздің ортақ болашағымызға бейжай қарамайтын азаматтар. Өйткені кез келген саябақ жолдардан, жарықтандырудан немесе абаттандырудан басталмайды. Ол осы жерді өз мекені санап, оған жанашырлықпен қарайтын адамдардан басталады», – деді облыс әкімі.
Сенбілікке ең жас қатысушы да келді
Сенбілікке Нұра ауданынан 50 адам арнайы келіп, өздерімен бірге жүз түп пирамидалы терек көшетін ала келген.
Ал шараның ең жас қатысушысы небәрі бір жарым жастағы Роберт Мацура болды. Ол ата-анасымен бірге алғашқы қарағаш көшетін отырғызды.
Жас теннисшілер Амина Жанахметова мен Арина Рябова да өмірлерінде алғаш рет ағаш еккенін айтты.
«Бізді бұл акцияға жаттықтырушымыз шақырды. Осындай маңызды әрі пайдалы іске қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Көңіл күйіміз тамаша. Енді осында келіп, өзіміз еккен көшеттердің қалай өсіп жатқанын бақылап жүреміз», – деді оқушы қыздар.
Жаңа шағынауданда 55 тұрғын үй кешені болады
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов экосаябақ пен жаңа тұрғын ауданның даму жоспарын таныстырды.

Оның айтуынша, көгалдандыру жұмыстары күзде де жалғасады. Биыл барлығы 15 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
Ұсынылған жобаға сәйкес:
- тұрғын үйлер саны 26-дан 55 кешенге дейін артады
- 7 мыңнан астам жаңа пәтер салынады
- 7 балабақша бой көтереді
- 5 мектеп ашылады
- аурухана кешені салынады
Сондай-ақ тұрғындарға арналған серуендеу аймақтары, велосипед жолдары, спорт алаңдары мен демалыс орындары жасақталады.
Қарағандыда жаңа спорт кластері салынады
Жоба аясында спорт нысандары үшін 75 гектар жер бөлінген.
Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Болашақта мұнда:
- Футбол академиясы
- UEFA талаптарына сай 12 мың орындық стадион
- Мұз сарайы
- жеңіл атлетика манежі
- спорт мектеп-интернаты
- ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы
салынбақ.
Бұдан бөлек, аудан аумағында 60 шақырымнан астам жаңа жол төселеді. Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс аудан мен Майқұдықты байланыстыратын жаңа автомагистраль құрылысы аяқталуы тиіс.
Бұл неге маңызды?
Жоба Қарағандының жаңа урбанистік орталығын қалыптастыруға бағытталған.
Экосаябақ, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер мен спорт кластерінің бір аумақта шоғырлануы:
- қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға
- тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға
- спорт инфрақұрылымын дамытуға
- жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді