Жаһандық жылыну және су: Орталық Азия дағдарыстан құтыла ала ма?

4301
Фотосурет: Gov

Орталық Азияның су қауіпсіздігі мәселелері Вашингтонда талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Президентінің «One Water Summit» жиынында жариялаған бастамалары аясында Джордж Вашингтон университетінде «Орталық Азиядағы су дағдарысы: өңірлік ынтымақтастықтың келешегі және басқару стратегиялары» тақырыбында панельдік талқылау өтті. Бұл шара «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырды.

Талқылауға Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев, Дүниежүзілік экономика және дипломатия университетінің доценті Сурия Тураева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Байқұшықова, Орталық Азиядағы Америкалық университеттің профессоры Элира Турдубаева, ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті деканының орынбасары Салтанат Жақыбаева және америкалық сарапшылар қатысты. Талқылаудың модераторы ретінде Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бағдарламасының директоры Себастьен Пейруз болды.

Өз сөзінде Е. Ашықбаев Орталық Азияның су ресурстарын ұтымды әрі әділетті пайдалану үшін өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанның су мәселелерін шешудегі негізгі жетістіктеріне тоқталып, Дүниежүзілік банктің қолдауымен Көкарал бөгетін салу арқылы Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және су инфрақұрылымын жаңғырту үшін Ислам даму банкінен 1,15 млрд АҚШ долларын тарту туралы ақпаратты жеткізді. Елші сондай-ақ су ресурстарын басқару мәселелерінде өңір елдері мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін «С5+1» платформасының маңыздылығына назар аударды.

Талқылауға қатысушылар Орталық Азия халқы санының өсуі, урбанизация және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің су тұтынуының артуы салдарынан су ресурстарына түсетін қысымның артып жатқанын атап өтті. Олардың айтуынша, климаттық өзгерістер жағдайды одан әрі қиындатып, мұздықтардың еріп кетуі, ауа райының тұрақсыздығы және температураның көтерілуіне әкелуде.

Айрықша аталып өткені, су ресурстары Орталық Азияда тарихи тұрғыдан біріктіруші фактор ретінде де, шиеленіс көзі ретінде де қызмет еткен. Алайда гидрологиялық жүйелердің трансшекаралық сипаты су ресурстарын бірлесіп басқаруды қажет етеді. Қатысушылар дипломатияның өңір елдері арасында сенім мен ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды рөлін және бұл суды әлеуетті қақтығыстар көзі емес, орнықты даму мен тұрақтылықтың негізіне айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -