Әскери дипломаттар ҚР ҚК жетістіктерін бағалады

6787
Фотосурет: Gov

Қорғаныс министрлігі әскери дипломаттар үшін қорытынды брифинг өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген әскери-дипломатиялық корпустың, Қорғаныс, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері қатысты.

 Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев өз елдерінің атынан өкілдік етіп, қарулы күштер арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуға үлес қосып жүрген әскери атташелерге алғысын білдірді. Ол биыл 850-ден астам халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, оның ішінде 30-дан астам оқу-жаттығу мен жарыс өткізілгенін, оған қазақстандық әскери қызметшілер қатысушы және байқаушы ретінде тартылғанын атап өтті.

Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қазақстандық әскери қызметшілердің бітімгерлік операцияларға қатысу ауқымының кеңеюін де атап өтті.

"Қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу географиясы ауқымды. Оның ішінде біздің бітімгерлер Африка мен Таяу Шығыста (Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Ливан, Голан биіктері (Сирия), Израиль – Палестинада миссия атқарып жүр" Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев

Ол 2025 жыл Қазақстан Қарулы күштері үшін халықаралық ынтымақтастық басымдықтарының қатарында жауынгерлік, бітімгерлік, тілдік даярлықты, Ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының өзара іс-қимылын жетілдіруді, әскери білім беру саласында тәжірибе алмасуды атап өтті. Негізгі күш-жігер әскери-көліктік және ұшқышсыз авиацияның әлеуетін дамытуға, Арнайы операциялар күштерін, РЭК, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс және киберқауіпсіздік бөлімшелерін дайындауға бағытталатын болады. Армияны заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру саласындағы әскери-техникалық ынтымақтастық жалғасуда.

"Ынтымақтастықтың осы бағыттарын іске асыруда мемлекеттеріңіздің қорғаныс ведомстволарымен сындарлы әрі өзара тиімді іс-қимылға сенеміз" Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев

Қазақстандық әскери атташелер қауымдастығының өкілі жасап жатқан құрмет үшін дән риза екенін жеткізді. Ол қазақстандық тарапқа сенім мен өзара тиімді әріптестікке негізделген жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, одан әрі тиімді өзара іс-қимылға сенім білдірді.

Кездесу барысында Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат, халықаралық ынтымақтастық департаменттері мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері сөз сөйледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -