Мәскеудегі Елші Сағаты

1551
Фотосурет: kazembassy.ru

Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасында «Қазақстан Елшісі сағаты» өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мәскеуде РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының (РФ СӨП) алаңында Қазақстанның сауда-экономикалық, туристік және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыра отырып, Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

«Елші сағаты» форматындағы іс-шараны Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі РФ СӨП көмегімен ұйымдастырды. Іс шараға қатысу үшін Мәскеуге Қазақстанның іскер топтары мен жетекші коммерциялық компанияларының өкілдері келді. Соның арқасында ресейлік бизнеске қазақстандық әріптестермен өзара іс-қимыл бойынша өзекті сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік ұсынылды.

Кездесуді ашқан РФ СӨП Президенті Сергей Катырин қазіргі уақытта Қазақстанмен 80-ге жуық ресейлік аймақ ынтымақтасатынын айтты. «Біз мұны өңірлік сауда-өнеркәсіп палаталарының жұмысы бойынша байқаймыз. Соңғы уақытта тауар айналымының жақсы динамикасы байқалады. Алдағы жылдары көрсеткіш $30 млрд. жетуі мүмкін, бірақ біз одан да арттыруды қалаймыз», – деп атап өтті С. Катырин.

Онымен Қазақстанның сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы, Басқарма мүшесі – «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы хатшылығының басшысы Мұрат Қарымсақов келісті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы тұрақты және сенімді өсуде, РФ үлесіне Республиканың барлық сыртқы саудасының 20% - ға жуығы тиесілі. «Өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін ескере отырып, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы екі елдің кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге, тауарларды өзара ілгерілетуге және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын», - деп атап өтті ол.

Өз тарапынан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев соңғы 10 жылда өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2024 жылы $27,7 млрд. рекордтық көрсеткішке қол жеткізгеніне ризашылығын білдірді. «Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 23 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Өнеркәсіптік кооперация шеңберінде $52,9 млрд. сомасына 171 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ туризм саласы орасан зор және әлі игерілмеген әлеуетке ие», - деп жалғастырды Елші. Ол ресейлік компанияларды Қазақстанға инвестиция салуға шақырды және ҚР Үкіметінің жанынан Инвестициялық штаб құрылғанын атап өтіп, оның шешімдері міндетті орындалуға жататынын еске салды.

Инвесторлар үшін кепілдіктер мен преференциялар туралы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобалар жөніндегі басшысы Әзизхан Құдабеков айтып берді. Атап айтқанда, инвестициялар туралы келісім заңнаманың 25 жылға тұрақтылығын және салықтық жеңілдіктерді көздейді. Ресеймен ынтымақтастыққа қатысты ол компанияның сүйемелдеуінде $4,5 млрд. сомасына 43 жоба және 12,1 мың жұмыс орны бар екенін хабарлады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтары туралы Қатысушыларды қолдау және тарту департаментінің директоры Жанна Диярова айтып берді. Олардың ішінде икемді құқықтық режим, қаржы нарығының тұрақтылығы мен ашықтығы, заңдарды әділ қолдану және дауларды реттеу, компанияларды ашу үшін ұйымдық-құқықтық нысандардың кең таңдауы, жеңілдетілген еңбек және визалық режимдер, салықтық жеңілдіктер бар.

Қазақстан-Ресей тауар айналымының оң серпіні ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Атап айтқанда, Ресейдің Қазақстандағы Сауда өкілі Антон Логинов тапшылық немесе бағаның күрт өсуі кезінде өнімдердің бір-бірін өзара тиімді толықтыратынына назар аударды. Мәселен, 2024 жылы Ресей Қазақстанға авиаотын жеткізді, ал ресейлік сауда желілері миллионнан астам жұмыртқа алды.

Ресей Федерациясындағы «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (KAZAKHEXPORT) өңірлік директоры Василий Алпатов 2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық экспорттаушыларды қолдау көлемі 337 млрд. теңгеге жеткенін, бұл ретте үлкен үлесі Ресей Федерациясы бағытында жүзеге асырылғанын айтты.

Астана Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімханов елорданың Ресей өңірлерімен тауар айналымының оң динамикасын атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш $5,7 млрд. құрады. «Астанада ресейлік капиталы бар 4 мыңнан астам заңды тұлға жұмыс істейді. Ресейдің қатысуымен ірі жобалар электрондық саудада, логистикада, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібінде жүзеге асырылуда. Ал Астанада деректерді сақтау паркі аймағын құру ресейлік цифрлық компанияларды қызықтыруы мүмкін», - деді Х. Әкімжанов.

Өз тарапынан Курган облысының Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Илья Назаренко Солтүстік Қазақстан облысымен ынтымақтастық туралы баяндады, екі нәтижелі сапардың қорытындысы бойынша екіжақты байланыстарды нығайту үшін жақсы перспективалар ашылуда.

Іс-шараны қорытындылай келе, оның қатысушылары Қазақстан мен Ресейдің іскер топтары ынтымақтастықтың әлеуетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы және сонымен бірге елеулі жаһандық сын-қатерлер жағдайында туындайтын проблемаларға жауап беруде икемділік танытуы тиіс екенін атап өтті. Олардың пікірінше, қазіргі жағдайда тек тығыз өзара іс-қимыл, жедел тәжірибе алмасу және кедергілерді жою бойынша бірлескен жұмыс екі елдің бизнесіне тұрақтылықты қамтамасыз ете алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -