Астанада БҰҰ-ның 80 жылдығы және мультилатерализмнің болашағы талқыланған жоғары деңгейдегі кездесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында БҰҰ-ның 80 жылдығына және Қазақстанның ұйымға кіру күніне арналған «БҰҰ-ның 80 жылдығы және Қазақстанның рөлі: мультилатерализмнің болашағы» атты панельдік пікірталас өтті.
Іс-шараға сондай-ақ БҰҰ-ның, дипломатиялық корпустың, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, ғылыми топтардың 80-ге жуық өкілдері қатысты.
Аталған іс-шараны Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі, ҚР ПІБ Президенттік орталығы және ҚР Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырады.
Қатысушылар Қазақстанның жаһандық бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақты дамуға қосқан үлесін, сондай-ақ қазіргі заманғы геосаяси жағдайларда БҰҰ рөлінің өзгеруін талқылады. Талқылау 2024 жылғы Болашақ саммитінің қорытынды құжаттарында, оның ішінде болашақ Пактінде, Жаһандық цифрлық шартта және Болашақ ұрпақтар туралы декларацияда бекітілген міндеттемелерді іске асыру аясында ерекше өзекті болды.
Бұл бастамалар жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға және ағымдағы сын-қатерлерді шешуде БҰҰ қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында халықаралық ынтымақтастық тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етудің негізгі құралы болып қала береді. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетудегі көшбасшылығын дәйекті түрде көрсетіп келеді, ал қазіргі пікірталас болашақтың ортақ көрінісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. БҰҰ басты қағидатты растайды: жаһандық проблемалар жаһандық шешімдерді талап етеді. 2025 жылы елдің ұлттық ерекшеліктерін ескеріп және ортақ мақсаттарға жету үшін ұжымдық жауапкершілікті нығайта отырып, трансформациялық өзгерістерді жеделдетуге мүмкіндік беретін болашақ үшін Пактіні іске асыру басымдыққа ие болады» БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О'Малли
«Қазіргі заманғы проблемалардың көпжоспарлы сипаты әлемдік қоғамдастықты тұрақты дамуға қол жеткізу, болашақ ұрпақтың игілігі мүддесінде әлемдегі жалпы қауіпсіздік пен әділеттілік деңгейін арттыру үшін бірлесіп қабылдау және орындау қажет жаңа шешімдер іздеуге мәжбүрлейді. Мұндай жағдайда көпжақты күш-жігерге, ең алдымен биыл өзінің 80 жылдығын атап өтетін БҰҰ форматында ерекше үміт артылады. Қазақстан өз тарапынан БҰҰ қызметін толық қолдай отырып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі орта державалар мен барлық дамушы елдердің рөлін күшейтудің маңыздылығын мәлімдейді. Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы» ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат
Қатысушылар климаттың өзгеруі, цифрлық басқару және жаһандық қауіпсіздік сияқты өзекті мәселелерді шешу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.
Бір қызығы, Қазақстан 1992 жылы БҰҰ-ға кіргеннен бері ядролық қарусыздану, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың белсенді қолдаушысы болып келеді. Бұл іс-шара еліміздің БҰҰ жұмысына қосқан үлесі мен одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылау алаңына айналды.
Аудитория алдында сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин: Экономикалық дағдарыстар, пандемиялар, өңірлік қақтығыстар және игіліктер мен байлықтың әділетсіз бөлінуі сияқты сын-қатерлерге қарамастан, көпжақты тәсіл бұрынғысынша халықаралық қоғамдастықтағы ықтимал бытыраңқылыққа қарсы күшті құрал болып қалатынын айтты. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық ынтымақтастық пен прогрестің іргетасы қызметін атқаратын баламасы жоқ жалғыз әмбебап құрылым болып қала беретінін» атап өтті.
Шара барысында, Қазақстандағы Бразилия елшісі Марсель Фортуна Биато, Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу, Қоғамдық пікірді зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева, Қазақстан Республикасы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен де сөз сөйледі.
Талқылау қазіргі заманның сын-қатерлерін шешу үшін жаһандық институттарды реформалау мен көпжақты ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын растағанын атап өткен жөн.