БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның төрағалығымен өткен Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы мемлекеттердің үшінші конференциясы өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Конференцияға ЯҚТШ-ға қатысушы және бақылаушы мемлекеттердің 85-тен астам ресми делегациясы, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен парламент мүшелері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ ядролық сынақтардан зардап шеккен қауымдастықтарды қоса алғанда, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Өсіп келе жатқан геосаяси шиеленіс жағдайында қатысушылар ядролық қарудан азат әлем құруға деген ұстанымдарын растады. Олар алғашқы ядролық жарылыстардың 80 жылдығында өткен бұл конференцияның ерекше тарихи маңызға ие екенін атап өтті.
Конференцияны аша отырып, оның төрағасы – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин ядролық қаруды жою алыстағы болашақтың емес, нақты әрі шұғыл шешуді талап ететін міндет екеніне назар аударды. Ол Хиросима мен Нагасакидегі ядролық жарылыстардың, сондай-ақ Семей полигоны мен әлемнің басқа да өңірлеріндегі сынақтардың ауыр салдарын еске сала отырып, мемлекеттерді қарусыздану саласында нақты қадамдар жасауға шақырды.
Делегациялардың пікірінше, әлем ядролық қауіп-қатердің артуына тап болып отыр, ал ЯҚТШ «үміт шамшырағы» және ядролық қарусыздануды ілгерілетудің маңызды құралы саналады. Барлық қатысушылар ядролық соғыста жеңімпаздар болмайтыны жөнінде ортақ пікірде болды. Талқылауларға халықаралық құқық саласындағы жетекші сарапшылар мен ғалымдар өз үлестерін қосып, ядролық соғыстың алдын алу жөніндегі халықаралық-құқықтық аспектілерді жан-жақты талқылады.
Конференцияның басты қорытындысы – ядролық арсеналдарды жоюға деген мемлекеттердің шешімін растайтын, кез келген ядролық қауіп-қатерді айыптайтын және ядролық қаруды қолдану мен сынаудың апатты гуманитарлық әрі экологиялық салдарын ерекше атап көрсететін Саяси декларация болды. Форум қорытындысы бойынша делегаттар ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің санын кеңейтуге, сондай-ақ ядролық қарусыздану үдерісіне парламенттерді, ғылыми институттарды және азаматтық қоғамды тартуға келісті.
Ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Кирибати ядролық сынақтардың құрбандарына көмек көрсету және ластанған аумақтарды экологиялық қалпына келтіру мақсатында Халықаралық сенімгерлік қор құру жөнінде ұсыныс жасады. Делегациялар қор құру идеясын қолдап, жаңа құрылымның қаржылық, әкімшілік және ұйымдастырушылық аспектілерін 2026 жылдың ортасына дейін келісуге шешім қабылдады. Қорды 2026 жылы өтетін ЯҚТШ-ның Шолу конференциясы аясында құру жоспарлануда.
Қазақстанның төрағалығымен конференция сындарлы сипатта өтіп, қорытынды құжаттардың мазмұндылығын қамтамасыз етіп, консенсусқа қол жеткізуге ықпал етті. Делегациялар Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіне бейілділігін жоғары бағалап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп отырған елдің дәйекті сыртқы саясаты оны ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сенімді серіктес ретінде одан әрі нығайтып отырғанын баса айтты.
Конференция аясында ядролық қарусыздану мәселелеріне арналған бірқатар тақырыптық іс-шаралар мен көрмелер өтті. Қатысушылардың ерекше назарын Қазақстан ұйымдастырған «Семей полигоны: ядролық қарудың құны – әлемге ескерту» атты сайд-ивент аударды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының өкілдері, Семей медицина университетінің мамандары және Қазақстанның ізгі ниет елшісі Карипбек Куюков қатысты. Сонымен қатар «Полигонның жаңғырығы» көрмесі ұйымдастырылып, «I Want to Live On» деректі фильмі көрсетілді, сондай-ақ ядролық сынақтардың куәгерлері мен зардап шеккендердің естеліктері ұсынылды.
Қазақстанның конференциядағы төрағалығы оның жаһандық антиядролық қозғалыстағы жетекші рөлін растады. БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толған жылы Қазақстанның конференцияны табысты басқаруы оның тәуелсіз әрі теңгерімді саясатын жүргізетін «орта держава» ретіндегі беделін одан әрі нығайтты.
2017 жылы қабылданып, 2021 жылы күшіне енген Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт – барлық ядролық қаруды толық жоюға бағытталған алғашқы заңдық тұрғыдан міндетті халықаралық механизм. Қазақстан өз еркімен әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан бас тартып, Семей ядролық полигонын жапқан мемлекет ретінде антиядролық қозғалыстағы жаһандық көшбасшылық рөлін жалғастырады.