Қытайдағы «екі сессия» – жаһандық бағыт-бағдар және Орталық Азияға арналған маңызды белгі

1078
Руслан Изимов Сарапшы
Фотосурет: CGTN

2025 жылдың наурыз айында Бейжіңде дәстүрлі «екі сессия» (Lianghui 两会) – Қытай Халық Өкілдері Жиналысының (ҚХӨЖ) және Қытай Халықтық Саяси Консультативтік Кеңесінің (ҚХСКК) отырыстары өтті. Әлемдік геоэкономикалық бәсекелестіктің күшеюі, АҚШ-пен сауда текетіресі және жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл жиындар бұрынғыдан да маңызды бола түсті.

Қытай жаһандық трансформацияға дайын екенін, технологиялық егемендігі мен сенімділігін көрсетіп отыр. Ал бұл Орталық Азия мемлекеттері, соның ішінде Қазақстан үшін «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында стратегияларды түйістіріп, инвестиция тартуға қосымша мүмкіндіктер береді.

Биылғы «екі сессия» бірнеше себеп бойынша ерекше маңызға ие:

Біріншіден, Қытайдағы негізгі мемлекеттік органдардың жұмыс қорытындылары елдің алдағы бір жылдық стратегиялық даму бағыттарын айқындайды. Атап айтқанда, Қытай үкіметі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5% шамасында өсімін мақсат етіп отыр. Бұл көрсеткішке жету үшін мемлекет бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 4%-ына дейін (шамамен 789 млрд доллар) ұлғайтып, мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларды іске қосуға және облигациялар шығаруға ниетті. Сол сияқты, нақты секторды қолдау мен тұтынуды ынталандыру да басты назарда. Әсіресе ішкі сұранысты арттыруға ерекше көңіл бөлінбек.

Екіншіден, биылғы жыл – Қытайдың 14-бесжылдық жоспарының соңғы жылы. Келесі жылдан бастап 15-бесжылдық бастау алады. ҚХР Мемлекеттік кеңесінің баяндамасында атап көрсетілгендей, биылғы басты міндет – ішкі даму мен ашықтықты қатар өрістететін жаңа даму үлгісінің аясында тұрақты әрі сапалы өсімнің іргетасын қалау.

Бұдан бөлек, Қытай халықаралық аренадағы ықпалын мынадай бастамалар арқылы нығайта береді:

  1. «Бір белдеу – бір жол» стратегиясын ілгерілету. Инфрақұрылымды дамытудың жобаларын жалғастырып, әлем елдерімен, әсіресе Орталық Азия мен Қазақстанмен сауда байланыстарын кеңейту қарастырылған.
  2. Транспорттық өзара байланыс пен логистиканы дамыту. «Екі сессия» құжаттарында бұл мәселеге ерекше мән берілгендіктен, Қазақстан, Өзбекстан және аймақтағы басқа да мемлекеттердің Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық хаб ретіндегі рөлі нығая түседі.
  3. Халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті бизнес-орта қалыптастыру. Қытай билігі нарық қағидаттары мен заң үстемдігін ұстанатынын, шетелдік капитал мен технологияларды тарту үшін ашық болуға талпынатынын баса айтты.
  4. Халықаралық ынтымақтастықты күшейту. «Бір ортақ тағдыр қоғамдастығы» тұжырымдамасын ілгерілету арқылы жаһандық мәселелерді бірлесе шешуге белсенді атсалысады.

«Екі сессияның» барлық талқылаулары мен шешімдерінің өзегі – ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеру. Қытай билігі мұны технологиялық жаңғыру, ішкі сұранысты қолдау және АҚШ-қа тәуелділікті төмендету арқылы жүзеге асырмақ. Мысалы, АҚШ-тың жаңа тарифтері мен сауда соғысы күшеюі мүмкін деген жағдайда Қытай қатаң позиция ұстанатынын мәлімдеді. Сыртқы істер министрі Ван И: «Ешбір ел Қытайды тұқыртқысы келіп отырып, онымен тиімді әріптестік орнатамыз деп үміттенбеуі тиіс», – деген мәлімдеме жасады. Осы тұста, Бейжіңдегі бір жиында белгілі қытай сарапшысының Мао Цзэдунның «Үмітті үз, шайқасқа дайындал» деген ұранын келтіргені есімізге түседі. Мұндай риторика Қытайдың технологиялық автономияға және ішкі ресурстарды жұмылдыруға бағытталғанын аңғартады.

Осылайша, бүгінгі «екі сессия» жаһандық өлшемге айналғандай: онда әлемдік экономикадағы соңғы өзгерістер көрініс тауып, Қытай экономикасының одан әрі қозғалыс бағыты айқындалды. Бұл өз кезегінде бүкіл әлемге, соның ішінде экономикалық, технологиялық және қауіпсіздік бағыттарында Қытайдың қалай қимылдайтынын аңғартатын маңызды белгі болып отыр.

Қытайдың озық технологияларды дамытуға қатысты ұстанымы мен жоспарлары да назар аударуға тұрарлық. Әсіресе, жасанды интеллект (ЖИ), биоиндустрия, кванттық технологиялар, 6G және « embodied AI» (инкарнацияланған немесе физикалық негіздегі жасанды интеллект) сынды салалар басты басымдыққа ие екені айтылды. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин технологиялық компаниялардың (әсіресе жеке сектордағы) ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, Қытай тек ЖИ бағытында ғана емес, болашақта кванттық технологиялар мен биоинженерияға да басымдық беретінін көрсетті.

Наурыздағы бұл отырыстар Қазақстанға да ой салып қана қоймай, нақты іс-қимылға бағыт беріп отыр деуге болады. Қытай – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды әріптес, сондықтан да ресми Астана Бейжіңнің бүгінгі жағдайы мен алдағы жоспарларын мұқият қадағалайды. Қытайда қабылданатын шешімдер екіжақты саудаға, Қазақстан мен Қытайдың өзара жоспарларына ғана емес, тұтастай Қазақстанның даму жолына да әсер етеді. Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша, Орталық Азия Қытайдың Еуразия аймағына бағыттаған барлық инвестициясының 47%-ін алған. Инвестиция көлемі 27,7 млрд долларды құрады. Негізгі алушылар – Қазақстан (10,4 млрд доллар), Түрікменстан (9,5 млрд) және Өзбекстан (4,3 млрд). Осы ретте Қазақстан Қытаймен өз стратегияларын түйістіріп, логистикалық және өндірістік тізбектерді дамытуға белсенді кірісуде. Қытайдың жеке сектор мен ашық нарықты қолдайтыны туралы мәлімдемесін ескерсек, Астананың жаңа қаржы арналарға және нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігі де арта түспек.

Жалпы, 2025 жылғы «екі сессия» Қытайдың әлемдік экономикада жүйе қалыптастыратын рөлге ұмтылатынын көрсетеді. Қазақстан үшін бұл – әрі мүмкіндік, әрі мұқият стратегиялық қадамдарды қажет ететін жағдай. Сонымен бірге, Қытай Глобалдық Оңтүстік елдеріне, оның ішінде Орталық Азияға да тұрақтылықтың якоры әрі балама «күш орталығы» болуға дайын екенін байқатуда. Мұнда Қазақстан да белсенді қадамдарға барып, өзіндік даму мүддесін айқын ұстанғаны жөн.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -