Қазақстан жаһандық су қауіпсіздігі мәселесінде жаңа халықаралық институт құру бастамасын ілгерілетіп жатыр.
Бұл жолы мәселе Су ресурстары және ирригация министрлігі мен БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы (ЕЭК) арасындағы жоғары деңгейдегі кездесуде талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясинмен кездесіп, су саласындағы ынтымақтастықтың болашағы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын талқылады.
Соңғы жылдары әлемде су тапшылығы, трансшекаралық өзендер мәселесі және климаттың өзгеруі ең өзекті қауіптердің біріне айналды. Осындай жағдайда Қазақстан халықаралық деңгейде суды басқарудың жаңа тетіктерін қалыптастыруды ұсынып отыр.
Астанадағы саммиттен кейін қолдау күшейді
Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасы Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясындағы халықаралық консультациялар кезінде оң бағаланған.
Аталған кездесуге 30-дан астам мемлекет пен 20 халықаралық ұйымның шамамен 140 өкілі қатысқан. Бұл бастамаға қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Енді Қазақстан халықаралық диалогтың келесі кезеңіне дайындалуда. Қазіргі уақытта биыл шілде айында Нью-Йоркте өтетін БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейлі саяси форумы алаңында консультациялардың екінші кезеңін өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Егер бұл жоспар жүзеге асса, Қазақстанның ұсынысы әлемдік күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың біріне айналуы мүмкін.
Су қауіпсіздігі – жаңа геосаяси фактор
Сарапшылардың пікірінше, XXI ғасырда су ресурстары энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігімен қатар стратегиялық ресурсқа айналып келеді. Әсіресе Орталық Азия үшін бұл мәселенің маңызы ерекше.
Қазақстан осы бағытта халықаралық ұйымдармен әріптестікті күшейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.
«Су мәселелерін шешудің орнықты тәсілдерін ілгерілету және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағытында Орталық Азия елдеріне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясына алғысымызды білдіреміз. Қазақстан ЕЭК-пен әріптестікті жоғары бағалайды және оның қызметіне қатысуды елдің су қауіпсіздігін нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастырады. Қазіргі таңда су ресурстарына қатысты сын-қатерлердің күшеюі жағдайында халықаралық өзара іс-қимылдың, сараптамалық және әдістемелік қолдаудың маңызы артып келеді. Сонымен қатар су саласындағы халықаралық бастамаларды ілгерілету үшін БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясымен ынтымақтастық әлеуетін тиімді пайдалануға мүдделіміз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазақстан нені көздеп отыр?
Халықаралық су ұйымын құру бастамасының негізгі мақсаты – су қауіпсіздігі мәселелерін жаһандық деңгейде үйлестіру, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту және климаттық өзгерістерден туындайтын тәуекелдерге бірлесіп жауап беру.
Су тапшылығы жылдан-жылға күшейіп жатқан кезеңде Қазақстан өзін өңірлік қана емес, халықаралық деңгейдегі су дипломатиясының маңызды орталығы ретінде көрсетуге ұмтылып отыр.
Егер бастама халықаралық қолдау тапса, жаңа ұйым әлемдегі су ресурстарын басқару саласындағы ең ықпалды құрылымдардың біріне айналуы мүмкін.


