Сарапшы Мұхтар Серкпаев: Қазақстан – бейбітсүйгіш мемлекет, біз бейбітшілікті дәріптейміз

Фотосурет: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосқан Ұлттық бітімгерлік күштер құрамында қызмет еткен офицерлер мен сарбаздармен кездесті. Мемлекет басшысы еліміздің атынан жүктелген жауапты миссияны олар жоғары деңгейде орындағанын атап өтті. Қазақстанның бітімгерлік миссияларға қатысуы – еліміздің бейбітсүйгіш саясатының айғағы. Мұндай пікірді «Әскери ғылымдар академиясы» РҚБ президенті, әскери-тарих ғылымдарының докторы, профессор, запастағы полковник Мұхтар Серкпаев білдірді. Бітімгерлік қызметтің маңызы, әскери кадрларды даярлау және еліміздің халықаралық миссияларға қатысу перспективалары туралы сарапшымен сұхбат ұсынамыз.

– Президент Тоқаев бітімгер болу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін айтты. Мұхтар Өмірсерікұлы, қазіргі жаһандық қақтығыстар жағдайында қазақстандық бітімгерлердің рөліне қандай баға бересіз?

– Бітімгерлердің рөлі аса маңызды. Себебі, бітімгер күштер тиімді жұмыс істеген жерде бейбіт тұрғындар арасындағы шығынды азайтуға мүмкіндік туады. Әдетте бітімгерлер қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталған соң тартылады. Олардың басты міндеті – қақтығыстардың қайта туындауын болдырмау үшін «қызыл сызық» жүргізу. Сонымен қатар, олар азаматтық инфрақұрылымды тазарту, миналанған аумақтар мен жарылмаған снарядтарды жою жұмыстарымен де айналысады. Сондықтан бітімгерлердің маңызы зор.

Қазақстан мұндай миссияларға қатысу арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтап отыр. Ұрыста құрбандықсыз тәжірибе алу – бір басқа, ал шығынмен жүретін соғыс – мүлдем басқа.

Кейбір адамдар әскери қызметкерлерді жай ғана тағайындап, миссияға жібереді деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл шешімге дейін ұзақ дайындық кезеңі болған. Біздің сарбаздар БҰҰ-ның бітімгерлік бөлімшелеріне қойылатын жоғары талаптарға сай келуі керек болды. Бастапқыда қазақстандық әскерилер басқа мемлекеттермен бірлесіп қызмет атқарды – мысалы, біздің сарбаздар БҰҰ миссиясы шеңберінде әрекет еткен үнді батальоны құрамында болды. Офицерлер халықаралық құрылымдарда білім алды, тәжірибе жинады. Кейін біздің бөлімшелер халықаралық стандарттарға толық сай бола бастады. Ол дегеніміз – біріншіден, әскери қызметкерлер халықаралық әскери құқықты, БҰҰ қолданысындағы әскери техникаларды меңгеруі, шет тілдерін білуі, сондай-ақ қызмет атқаратын аймақтардың дәстүрі мен мәдениетін де үйренуі тиіс. Мұның бәрі жергілікті жерде тапсырмаларды сәтті орындауға көмектеседі.

Менің ойымша, біздің әскери қызметшілер БҰҰ аясында өз миссияларын абыроймен орындап келеді. Бітімгерлер ауысып отырады: бір тобы елге оралып, екіншілері олардың орнын басады.

– Президенттің айтуынша, Голан биіктіктеріндегі операция Қазақстан үшін тарихи қадам болды. Бұл миссия еліміз үшін нені білдіреді?

– Қазақстан алғаш рет өз бетінше бітімгерлік миссия өткізді. Сонымен қатар, қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі кәсіпорындар, атап айтқанда «Kazakhstan Paramount Engineering» компаниясы осы миссияға арнайы 30-ға жуық техника дайындады. Яғни, Қазақстан тек өз әскери қызметшілерін жіберіп қана қоймай, оларды отандық техникамен қамтамасыз етті.

– Президент атап өткендей, кез келген ел бітімгерлік миссияларға қатыса алмайды. Қазақстанға мұндай тәуелсіз операциялар жүргізуге не мүмкіндік берді?

– Ең алдымен, бұл – дайын кадрлардың болуы. Әскери қызметкерлер БҰҰ жүктейтін міндеттерді орындауға қажетті білім мен дағдыға ие болуы керек. Екіншіден, бұл – мемлекеттің өзі ұстанатын саясат. Қазақстан өзін бейбітсүйгіш ел ретінде көрсетіп келеді. Біз ядролық қарудан алғашқылардың бірі болып бас тартып, ядролық полигонымызды жаптық. Біз – соғысқа қарсы әрдайым бейбіт жолды таңдаған мемлекетпіз. Президент атап өткендей, Қазақстан кез келген мәселені дипломатиялық жолмен шешуді қолдайды. Себебі кез келген соғыс ақыр соңында келіссөзбен аяқталады. Қазақстан осы ұстанымды ұстанып, барлық халықаралық алаңдарда өзін бейбітсүйгіш ел ретінде танытады. Біз бейбітшілікті тек сөзбен емес, іспен дәлелдеп отырмыз – Голан биіктіктерінде сәтті өткізілген тәуелсіз миссия – соның айғағы.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның толыққанды бітімгерлік контингенті бар Орталық Азиядағы санаулы елдердің бірі екенін айтты. Бұл еліміздің халықаралық аренадағы беделін қаншалықты арттырады?

– Тарихқа көз жүгіртсек, қазақстандық бөлімшелерде мұндай тәжірибе болған. Олар Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасын ТМД және ҰҚШҰ келісімдері аясында күзеткен. Біздің батальон Тәжікстан аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерінің оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

7 сәуірде сол қайғылы оқиғаларға 30 жыл толды. Сол кезде қазақстандық сарбаздар шығынға ұшырады: 17 адам қаза тауып, 33-і жараланды. Мемлекет сол соғыс қимылдарына қатысқандарды әлеуметтік тұрғыдан қорғайтын заң қабылдады, оларға тиісті жеңілдіктер берілді.

Бұл – Қазақстанның мұндай операцияларға қатысудағы тәжірибесі бар екенін және бейбітшілікті қамтамасыз ете алатын мемлекет ретінде халықаралық беделге ие екенін көрсетеді. Қазақстан өзін тәуелсіз әрі егемен ел ретінде танытып, тіпті Голан биіктіктеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қабілетті екенін дәлелдеді.

– Президент Тоқаев армиядағы әйелдердің рөлін ерекше атап өтіп, қазақстандық қыз-келіншектердің ерлігін үлгі етті. Әйелдердің бітімгерлік миссиялардағы рөлі қандай?

– Өз тәжірибемнен айтар болсам: әйелдердің күштік құрылымдарда – офицерлік те, қатардағы құрамда да – болуы өте маңызды. Әйелдер, әдетте, жауапкершілігі жоғары болады. Кейбір міндеттерді тек әйелдер ғана орындай алады – мысалы, медицина саласында. Бітімгерлік миссияларда олар көбінесе медициналық қамтамасыз етуді өз мойнына алады, олардың еңбегін асыра бағалау мүмкін емес.

Әйелдер Қарулы күштерде де – жауынгер және маман ретінде – өзін жақсы жағынан көрсете алды. Жалпы, 18 жастан асқан әрбір азамат, жынысына қарамастан, Отанды, қоғамды және тәуелсіздігімізді қорғауға дайын болуы тиіс.

– Президент өз сөзінде бітімгерлік миссиялардан алынған тәжірибені әскери дайындыққа енгізудің маңызын атап өтті. Сіздің ойыңызша, қандай өзгерістер басымдыққа ие болуы керек?

– Бітімгерлік операциялардан жиналған тәжірибе – өте құнды. Бітімгерлер миссияда қызмет атқарғанда олардың өміріне қауіп төнеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әскери қызметшілер үшін негізгі міндеттің бірі. Біз әскерилерді өзін қорғауға, командирді – бүкіл бөлімшесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сонымен бірге жүктелген міндетті мүмкіндігінше аз шығынмен орындауға үйретуіміз керек.

Бүгінгі күні болып жатқан соғыстардан, мысалы, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан көріп отырмыз: жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ете білу – өте маңызды.

Жинақталған жеке де, өзге елдердің де тәжірибесі мерзімді әскери қызметкерлерді даярлау бағдарламасына, сержанттар мен офицерлік құрамды оқыту жүйесіне енгізілуі тиіс.

– Қазақстандықтар бүгінде Африка мен Таяу Шығыстағы қауіпті аймақтарда қызмет етуде. Президент еліміздің бітімгерлік миссияларға әрі қарай да қатыса беретінін айтты. Бұл тұрғыда Қазақстан армиясы үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

– Менің әскери қызметім кезінде қазақстандық офицерлерді БҰҰ миссияларына қатысуға дайындады, оның ішінде Африкадағы операциялар да болды. Онда олар өзге елдермен бірлесіп қызмет атқарып, құнды тәжірибе жинақтады.

Кез келген қақтығыс бір күні аяқталады, сол кезде бейбітшілікті орнатуда шешуші рөлді бітімгерлер атқарады. Олар тараптардың ортасына тұрып, атысты тоқтату, БҰҰ тапсырмаларын орындау жұмыстарын жүргізеді.

Менің ойымша, Қазақстан мұндай миссияларға әрі қарай да қатысуға толықтай дайын. Ең бастысы – бұл қызмет еліміздің әскери қызметкерлері үшін шығынсыз әрі аман-есен өтуі тиіс.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -