«Тоқаевтың сөзі мен ісі сәйкес келеді. Мұны өзге елдердің көшбасшылары да түсінеді» Ильгар Велизаде
2025 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде қызметіне кіріскеніне алты жыл, ал елдегі саяси жаңғыру бағдарламасының басталғанына үш жыл толды. Жаһандық дағдарыстар, өңірлік тепе-теңдіктің өзгеруі және ішкі күйзелістер жағдайында Қазақстан тұрақтылықты сақтап, ауқымды реформалар жүргізе алды. Әзербайжандық сарапшы, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде Тоқаевтың алты жылдық президенттік кезеңіне сыртқы сарапшы ретінде баға беріп, бұл уақыттың ел үшін маңызын және Қазақстан көшбасшысының саяси стилінің мәнін саралады.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік кезеңін қалай сипаттар едіңіз? Бұл кезең қандай сын-қатерлермен ерекшеленді?
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімі Қазақстан үшін де, аймақ пен әлем үшін де оңай кезеңге тап келмеді. 2019–2022 жылдары елде билік транзиті жүріп жатқан, алайда өкінішке қарай, ол Қаңтар оқиғаларымен көлеңкеленді. Бұл дағдарыстан кейін транзит үдерісі тоқтап, Президент Тоқаев саяси жүйеге түбегейлі өзгерістер енгізуге мәжбүр болды. Бұған дейін ол біртіндеп реформалау тәсіліне арқа сүйеген еді, алайда 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін батыл шешімдер қажет екені айқын болды.
Саяси және институционалдық реформалар оның бағытының тиімділігін көрсетті. Қазақстан ішкі және сыртқы қиындықтарға қарамастан, ұлттық мүддені жүйелі түрде қорғап, сенімді алға басып келеді.
Аймақтық деңгейде бұл жылдары Орталық Азия елдерінің арасында өзара үйлесімділік күшейді: өңір көшбасшыларының Консультативтік кездесулері мен жаңа форматтар — «Орталық Азия +» АҚШ, ЕО, Қытай, Ресеймен қатысумен іске қосылды. Бұл бастамалар аймақ елдерінің ұлттық даму стратегияларына сәйкес келеді, оның ішінде Қазақстан да бар.
Жаһандық деңгейдегі сын-қатерлерге келсек, Тоқаевқа оңай болған жоқ: президенттікке келгеннен кейін бірден COVID-19 пандемиясы басталды, оның әлеуметтік-экономикалық салдары ауыр болды. Артынша 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары орын алды. Бұл ауыр жағдайлардан кейін Қазақстан есін жиып үлгерместен, әлемде Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс тұтанды. Бұл — шын мәнінде, Батыс пен Ресей арасындағы жаһандық қақтығыс. Мұндай ауқымды текетірестер Қазақстанға да әсер етпей қоймады.
Қазір жаһандық сауда соғыстары кең қанат жаюда, бұл жағдай Қазақстан билігін үнемі сақ, икемді әрі нақты шешім қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Қазақстан бұл қақтығыстарға тікелей қатыспай, бейтарап ұстанымын сақтап келеді — бұл Президент Тоқаев пен ел басшылығының үлкен еңбегі.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы билік транзиті аса ірі күйзеліссіз өтті. Бұл – мемлекетті басқару тізгінін ұстаған тәжірибелі әрі парасатты саясаткердің арқасы.
– Президент Тоқаевтың саяси стилі неде деп ойлайсыз?
– Осындай ауқымдағы кез келген көшбасшы секілді Қазақстан Президенті де өзіне тән саяси стиль қалыптастырды. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы — осы кезеңнің басты ерекшелігі. Бұл – Тоқаевтың жеке бастамасы, оның қолтаңбасы. Бұл көзқарас Қазақстанда соңғы жылдары жүзеге асқан және әлі де жалғасып жатқан кең көлемді саяси реформаларда көрініс тапты.
Президенттің бастамасымен қабылданған саяси құжаттар мен форумдардағы тапсырмалар бүгінгі қоғамның өмірін өзгертіп жатыр. Бұл оңай процесс емес, бірақ нақты нәтижелер арқылы өзінің тиімділігін көрсетуде. Қазақстан қоғамы мен мемлекеті бүгінде оң мағынада «жұмылдырылған» жағдайда. Себебі сын-қатерлер айқын, ал олармен күресу үшін үйлесімді әрекет пен қоғамдық қолдау қажет. Бұл да Тоқаев саясатының нәтижесі және оның басқару стилін сипаттайды.
– 2025 жылы Тоқаевтың президенттік мерзіміне алты жыл, ал саяси жаңғыру бастамасына үш жыл толды. Осы кезеңде қандай реформалар шешуші болды деп санайсыз? Қазақстанда не өзгерді?
– Қазақстан жүйелі бағытты ұстанып келеді. Бұл бағыт елдің геосаяси, аймақтық және ішкі саяси күн тәртібімен толық үйлеседі. Өз өңірі мен әлемдегі ахуалды түсінбей, сыртқы күштердің күмәнді идеологиясына еру — кейбір мемлекеттер басшылығының жиі кететін қатесі. Ол қайғылы салдарға әкеліп соғады.
Қазақстан мұндай қателіктерден аулақ. Ел прагматикалық, үйлесімді сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бұл ішкі саяси серпінге де ықпал етеді.
Ішкі саясатта айтарлықтай өзгерістер болды. Президенттік билік, Парламент пен Конституциялық құрылым қайта қаралды. Орталық және жергілікті билік органдарының өкілеттіктері қайта пысықталуда. Бұл — бұрынғы басқару тәсілдері ескіргенін көрсетеді. Қазақстан секілді үлкен әрі әртүрлі өңірлік ерекшелігі бар ел үшін бұл аса маңызды. Мұндай мемлекетте тек орталықтан басқару жеткіліксіз. Жергілікті халықпен диалог орнату қажет.
Қазақстан – географиясы мен мәдениеті бойынша алуан түрлі ел. Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік және Орталық — бұлар өзіндік ішкі субмәдениет қалыптастырған өңірлер. Бірақ оларды біріктіретін ортақ тарих пен мемлекеттік институттар бар. Осы алуандылық басқару жүйесіндегі икемділікті талап етеді — мысалы, әкімдерді сайлау мен азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы. Мемлекет осыны түсініп, шынайы ахуалды ескере отырып, жалпымемлекеттік шешімдер әзірлеуге тырысып жатыр. Бұл – саяси жүйені жаңғырту саясатының негізі. Процесс жалғасуда, әлі де жетілдіру қажет, бірақ бағыт дұрыс таңдалған.
– Билік пен қоғам арасында жаңа қоғамдық келісім қалыптасты деп айтуға бола ма?
– Қоғамдық келісім — биліктің заңдылығының негізі. Ол уақыт пен жағдайға сай қайта қаралуы керек. Қазақстан қоғамы 90-жылдарда, 2000-жылдардың басында және қазіргі уақытта – бұл, негізінде, бір ағзаның түрлі даму сатысы. Оған түрлі ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді.
Қазір интернет пен коммуникация құралдарының арқасында халықтар арасындағы шекаралар жойылып келеді. Адамдардың сұранысы өсіп, күтілімдері өзгеруде. Билік бұл сұраныстарға сай болуы тиіс. Егер ол «соқыр» және «саңырау» болса — жүйе күйрейді. Қаңтар оқиғасы кезінде кейбір мемлекеттік институттардың дәл осындай күйде болғанын көрдік.
Президент Тоқаев сол кезде қоғам жағына шықты. Ол биліктің халықпен бірге екенін көрсетті. Билік шынымен де еститін, көретін және түсінетін екенін дәлелдеді — сол себепті реформалар іске асты.
Қоғамдағы өзгерістер жалғасып жатыр. Президент үнемі заманның өзгерісіне бейім болу керектігін, алдын ала әрекет ету маңызды екенін айтып келеді. Иә, проблемалар бар: адами фактор, кейбір шенеуніктер тарапынан өкілеттікті асыра пайдалану, жемқорлық. Бірақ егер бұл құбылыстармен жүйелі әрі тиімді күрес жүргізілсе — бұл қалыпты жағдай.
Қазақстанда позитивті үдерістер жағымсыз құбылыстардан басым болып отыр. Президент Тоқаев осы процесті үнемі қолдап, қоғамның игілігі үшін әрекет етіп жатқан күштерге арқа сүйейді. Бұл – нәтиже беріп жатқан бағыт. Егер бұл нәтиже болмағанда, қоғамның реакциясы мүлдем басқа болар еді, экономика да тұрақсыз дамыр еді.
– Қазақстан жаһандық текетірестер жағдайында көпвекторлы сыртқы саясатты сақтап қала алды. Бұл жолда Президент Тоқаевтың рөлі қандай?
– Қазақстан – ең алдымен өз ұлттық мүддесін көздейтін мемлекет. Ел басқа мемлекеттердің немесе ірі державалардың қысымына емес, өз халқының мүддесіне сүйеніп әрекет етеді. Президент Тоқаев – БҰҰ-да қызмет атқарған, тәжірибелі дипломат әрі жоғары деңгейдегі саясаткер. Ол сыртқы күштердің ықпалын жақсы түсінеді және осы ықпалды ескере отырып, өзара тиімді қарым-қатынас орната алады.
Мұның нақты мысалдары көп. Қазақстан ешбір елге жалтақтамай, бірақ қажет кезде өз ұстанымын нақты әрі қатаң жеткізеді. Бірақ мұны байланыстарды үзбей, қарым-қатынасты сақтай отырып жүзеге асырады.
Бүгінде Қазақстан күрделі геосаяси ортада: бір жағынан, ЕО мен АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары бар, бұл ЕАЭО аясында Ресеймен тығыз байланысты Қазақстанға да әсер етеді. Екінші жағынан, Қазақстанда Ресей мен Қытай арасындағы бәсекелестік байқалады. Сонымен қатар, Еуропа елдері мен өңірлік державалар да Орталық Азияда өз ықпалын арттырғысы келеді.
Мұндай жағдайда Қазақстан барлық тараппен теңгерімді әрі оңтайлы қарым-қатынас орнатуы қажет.
Мысалы, Каспий құбыр консорциумы — бұл құрылымның айтарлықтай бөлігі Ресейге тиесілі. Еуропа елдері Ресеймен энергетикалық салада жұмысын тоқтатқанына қарамастан, бұл құбыр жұмыс істеп тұр — себебі онда Қазақстанның мұнайы тасымалдануда. Бұл – Қазақстанның беделінің арқасы.
Тағы бір мысал — «Дружба» мұнай құбыры. Ол бұрын Ресейдің мұнайын Германияға жеткізу үшін қолданылатын. Қазір сол бағытпен Қазақстан мұнайы тасымалдануда. Демек, Ресей аумағы арқылы жүретін бұл құбыр жүйесі Қазақстанның арқасында әлі де жұмыс істеп тұр.
Осындай мысалдар Қазақстанның аймақтық және халықаралық геосаяси картада орнықты мемлекет екенін көрсетеді. Бірақ бұл тұрақтылық күнделікті, байқалмайтын дипломатиялық жұмыстың арқасында жүзеге асады. Қазақстанның СІМ, елшіліктері, экономикалық және көлік ведомстволары — бәрі тынымсыз еңбек етуде. Осы жұмыстардың үйлестірушісі — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, ол сыртқы саясаттағы шешімдерге тікелей араласады.
– Алдағы кезеңде Тоқаевтың саяси күн тәртібі қандай болады деп ойлайсыз? Оның екінші мерзімінің басым бағыттары қандай?
– Тоқаев саясатының басты сипаттамасы — сабақтастық. Оның келесі мерзімдегі күн тәртібі осыған дейінгі жетістіктерге негізделеді. Тоқаев ешқашан бәрін қайтадан бастайтын саясаткер емес. Ол өз сөзінен де, ісінен де бас тартпайды. Бұл — оның бірегей ерекшелігі.
Президенттікке алғаш келген сәтте ол «еститін мемлекет» туралы айтты. Бұл ұғым Қаңтар оқиғасын да, басқа сынақтарды да өткеріп, әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл оның көзқарасы мен ұстанымының тұрақты екенін көрсетеді.
Мұндай тұрақтылық – сыртқы саясаттың да болжамдылығын қамтамасыз етеді. Қазақстанның серіктестерімен қарым-қатынасы осы ұстанымға негізделеді. Бұл өзара сенім мен тұрақтылықты қалыптастырады.
Президент Тоқаевтың сөзі ешқашан іспен қайшылыққа түспейді. Бұл — тәжірибе арқылы дәлелденген факт, мұны басқа елдердің басшылары да жақсы түсінеді. Сондықтан Қазақстанның басқа елдермен қарым-қатынасы да болжамды, тұрақты және сенімді.
Менің ойымша, келесі кезеңде Тоқаев «еститін мемлекетті» нығайтуды жалғастырады. Ол саяси және экономикалық реформаларды жалғастыра отырып, Қазақстанның әлемдік саяси сахнадағы орны мен ұлттық мүддесін қорғауға бар күшін салады — бұл оның бүкіл саяси жолының негізі.