Қазақстан балалар, жастар және климат саласындағы іс-қимылдар туралы Декларацияға қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Климаттық дағдарыстың, әсіресе балалардың әл-ауқатына ықпалының артуына жауап ретінде Қазақстан балалар, жастар және климат саласындағы іс-қимылдар туралы Декларацияға қол қойған әлемнің 65 елінің қатарына қосылды. Қол қою бүгін Астанада өтті.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев «ЮНИСЕФ, климаттың өзгеруі жағдайында балаларды қорғау мәселелеріндегі негізгі әріптестердің бірі. Министрлік ынтымақтастықты кеңейтуге ашық және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп балаларға және тұрақты болашаққа бағытталған бастамаларды іске асыруға дайын».
«Декларацияға қол қоя отырып, Қазақстан болашақ ұрпақ үшін таза, салауатты және орнықты ортаны қамтамасыз ететін іс-қимылдарды қалыптастыру кезінде балалармен және жастармен мазмұнды өзара іс-қимыл жасауға міндеттеме алды. Біз бұл маңызды қадамды құптаймыз және осы міндеттемелерді балалар үшін нақты нәтижелерге айналдыру мақсатында Үкіметпен әріптестігімізді нығайтуға сенеміз» ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Реджина Де Доминичис
Қазақстан ұлттық айқындалатын салымның жаңартылған нұсқасын (ОНУВ 3.0) және Ұлттық бейімделу жоспарын (ҰБЖ) қоса алғанда, негізгі климаттық стратегиялар мен саясаттарды әзірлеу кезінде балалардың климаттың өзгеруі жағдайындағы ерекше осалдығы мен қажеттіліктерін ескеру үшін шаралар қабылдайды.
Өткен жылы «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат стратегиялық мақсатты –экологиялық жауапты және тұрақты қоғамды қалыптастыруды көрсетеді, оның шеңберінде нақты нысаналы индикаторлар көзделген.
Сондай-ақ, білім беру саласында балалармен жастарды экологиялық іс-шараларға тартуға, қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілікті тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді.
Декларация ұлттық және жаһандық деңгейде балалар мен жастарға бағытталған Инклюзивті климаттық саясатты әзірлеуді жеделдетуге бағытталған осындай бірінші халықаралық бастама болып табылады. Декларацияны сақтаушылардың бірі ретінде ЮНИСЕФ Қазақстанды қоса алғанда, үкіметтерді оның ережелерін ілгерілету мен іске асыруда қолдайды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттер Декларацияға қол қоюға шақырылды.
ЮНИСЕФ үкіметтермен және серіктестермен білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау сияқты балалар тәуелді жүйелерді бейімдеу және нығайту бойынша ынтымақтасады, осылайша бұл жүйелер климаттық өзгерістердің әсеріне төзімді және туындаған тәуекелдерге тиімді жауап бере алады.
Қазақстанда ЮНИСЕФ тұрақты экологиялық даму қағидаттарын ілгерілете отырып, климат саласындағы еріктілермен белсенді жұмыс істейді. ЮНИСЕФ-тің бірқатар еріктілер бастамалары, соның ішінде мектептердегі іс-аралар мен әлеуметтік медиа науқандары арқылы еріктілер 2 миллионнан астам адамды қамтыды.
Сондай-ақ еліміз 2026 жылы өңірлік Климаттық саммит өткізуге дайындалуда, онда жастардың қатысуын қамтамасыз етіп, балаларға арналған климаттық әділеттілік мәселелерін көтеру жоспарлануда.