Қазақстан мен Қытай ЕАЭО, ЕО және Орталық Азия нарығына ортақ тасымал жүйесін құруды жоспарлауда, деп хабарлайды DKnews.kz.
4 маусымда Алматыда «Қытай (Шаньдун) – Қазақстан» сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі конференция өтті. Іс-шараға екі елдің билік, бизнес және инвестициялық құрылым өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан конференцияға Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова қатысты. Конференция барысында Айжан Бижанова Қытай делегациясының басшысы — Шаньдун провинциясы губернаторының орынбасары Сун Цзюньцзимен кездесу өткізді.
Бірінші вице-министрдің сөзінше, әлемдік логистикалық тізбектердің жедел өзгеруі және Еуразияның транзиттік әрі сауда дәлізі ретіндегі рөлінің артуы орай Қазақстан Қытай провинцияларымен тікелей ынтымақтастыққа басымдық беруде. Осы орайда Шаньдун — негізгі серіктестердің бірі саналады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 30 млрд АҚШ долларынан асты, оның ішінде экспорт шамамен 15 млрд долларды құрады. Оның 7,1 млрд АҚШ доллары шикізаттық емес тауарларға тиесілі. Ал Шаньдунмен сауда қатынасы 1,6 млрд АҚШ доллар болды. Оның ішінде Қазақстан экспорты 439 млн АҚШ долларын құрап отыр.
Қазақстан Шаньдун провинциясына ЕАЭО мен Еуропа нарықтарына бағытталған бірлескен өндірістер, индустриялық парктер мен құрастыру желілерін іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ кездесуде Машина жасау, электроника, құрылыс материалдары мен химия салаларындағы өндірістерді жергіліктендіру сөз болды.
ESG қағидаттарын сақтай отырып уран, мыс, тантал және сирек кездесетін металдарды өңдеу жобаларына ерекше көңіл бөлінді. 2024 жылы қабылданған жаңа Жер қойнауы туралы кодекс инвесторлар үшін неғұрлым ашық әрі тартымды құқықтық орта қалыптастырды. Қазақстанда геодеректерге қол жеткізу жеңілдетілді, электронды лицензиялау енгізілді, геологиялық барлау шараларын ынталандыру тетіктері кеңейтілді.
Қазақстан көміртегі бейтараптығына ұмтылуда. Елде парниктік газдар шығарындыларына арналған квота саудасының ұлттық жүйесі құрылды — бұл Орталық Азиядағы алғашқы бастамалардың бірі. Алматы климаттық шешімдер орталығына айналып келеді. Мұнда климаттың өзгеруі және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі өңірлік жобалық кеңсе құрылды.
Агроөнеркәсіп саласы да келешегі зор бағыт ретінде аталды. Қазақстан Шаньдун провинциясына ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларына, сонымен қатар қытайлық логистикалық және технологиялық шешімдерді енгізуге қатысуды ұсынады.
Келіссөздердің негізгі бөлігі көлік инфрақұрылымын дамытуға арналды. Қазақстан мультимодальды маршруттарды кеңейтуге, тауар жеткізуді цифрландыруға және шекара маңы хабтарын, оның ішінде Қорғас хабын нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ Орталық Азия, ЕАЭО және ЕО нарықтарына бағытталған бірлескен логистикалық оператор құру ұсынылды.
Тараптар іскерлік және туристік қатынасты кеңейту, тікелей әуе қатынастарын дамыту және бірлескен мәдени бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Жергілікті деңгейде Жібек жолы платформасына қатысуды жандандыру талқыланды.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі қытайлық серіктестерге экспорттық акселерациядан бастап, сыртқы экономикалық келісімдерді сүйемелдеуге және сауда қаржыландыру құралдарына дейін қолдаудың толық спектрін ұсынуға дайын. Айжан Бижанова аталған конференция тұрақты іскерлік одақ пен ауқымды экономикалық жобаларға бастау боларына сенім білдірді.
«Бізге қызығушылықтан нақты әрекетке көшу қажет. Бізде — ресурс, сіздерде — технология мен тәжірибе бар. Бірлесіп, ынтымақтастықты алдағы ондаған жылдарға ауқымдауға болады» Айжан Бижанова
Вице-губернатор Сун Цзюньцзи Айжан Бижанованың ұсыныстарын қолдап, практикалық ынтымақтастықты одан әрі талқылауға арналған механизмдер мен платформалар құруды ұсынды.