Сандық трансформация – сән қуалау емес, қажеттілік: SITA-ның IT-шешімдері Қазақстан мен ТМД-дағы авиацияны қалай өзгертуде

2926
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: SITA

75 жылдан астам тарихы бар SITA компаниясы бүгінде әлемдік әуе тасымалының 90%-ына технологиялық негіз болып отыр. Бұл – жаһандық авиацияның сенімділігіне, қауіпсіздігі мен тиімділігіне жауап беретін аса маңызды ойыншы. Жолаушы тіркеуден өтіп, жүгін тапсырып немесе отырғызу талонын сканерлегенде, бұл әрекеттердің артында қандай технологиялар тұрғанын ойламауы мүмкін – дегенмен, көп жағдайда бұл SITA шешімдері болады. Біз SITA компаниясының Шығыс Еуропа, ТМД және Балтық елдері бойынша вице-президенті Марина Звягинамен Қазақстанның жаһандық цифрлық картасындағы орны, саланың болашағын айқындайтын технологиялар және цифрлық жетілу неге негізгі даму шартына айналғаны жайлы әңгімелестік.

– Бүгінде цифрландыру көптеген салалар үшін басты тақырыпқа айналды. Авиация «ақылды» дәуірге өтуге қаншалықты дайын?

– Авиация әрқашан ең технологиялық салалардың бірі болып келді. Бірақ бүгінде біз терең трансформацияның табалдырығында тұрмыз: біз енді жеке процестерді емес, бүкіл өзара әрекеттесу архитектурасын қайта қарастырып жатырмыз – билет сатып алған сәттен бастап ұшаққа отырғанға дейінгі жолаушы жолынан бастап, әуе компаниялары мен әуежайлардың нақты уақытта қалай үндесіп жұмыс істейтіндігіне дейін. Мұның артында жүк, ресурстар және ақпарат басқарудың «ақылды» жүйелері тұр, олар қазіргі жолаушы армандайтын мінсіз сапарды қамтамасыз етеді.

SITA-да біз кешенді тәсілдің тұрақты нәтиже беретінін көріп отырмыз. Мысалы, біз жай ғана өзін-өзі тіркеу киоскін орнатып қоймаймыз, біз жолаушының тіркеуден бастап ұшаққа отыруға дейінгі толық өзін-өзі қызмет көрсету тізбегін қамтитын сквозной цифрлық процестерді құрамыз. Бұл тұрғыда Қазақстан өте жетілген ұстаным көрсетіп отыр: әуежайлар, әуе компаниялары мен қызмет жеткізушілер озық шешімдерді енгізуге ашық және оларды кезең-кезеңімен іске асыру стратегиясын ұстануда.

– Қазақстан авиацияны белсенді дамытып жатыр: терминалдар кеңейтілуде, жаңа бағыттар ашылуда. Бұл аймақта SITA не істеп жатыр?

– Қазақстан біз үшін стратегиялық маңызды нарық. Мұнда жаңғыртуға деген ұмтылыс, инфрақұрылымдық сын-қатерлер мен өсіп келе жатқан транзиттік әлеует түйісіп жатыр. SITA Қазақстанның ірі әуежайларымен – Астана, Алматы және Шымкентпен белсенді ынтымақтастық орнатқан. 2023 жылғы сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы SITA-мен жолаушыларға қызмет көрсету және жүк тасымалын басқару процестерін автоматтандыруға арналған заманауи цифрлық өнімдерді енгізу мен біріктіруді көздейтін ірі инвестициялық IT-бағдарлама аясында келісім жасасты. Бұл сонымен қатар өндірістік қызметті оңтайландыруға да мүмкіндік береді.

Компанияның технологиялық шешімдерін Air Astana, FlyArystan, SCAT, Sunday Airlines және Qazaq Air сияқты елдің барлық жетекші әуе тасымалдаушылары пайдаланады. Бұл шешімдер жердегі де, әуедегі де сапалы байланысты қамтамасыз етіп, нақты уақыт режимінде ұшақты бақылаудан бастап, ұшудың барлық кезеңдерінде жанармай тиімділігін арттыруға дейінгі инновацияларды қамтиды.

Біз сонымен қатар келесі бағыттар бойынша технология ұсына аламыз:

  • жолаушыларға қызмет көрсету – электронды визалар мен биометриялық сәйкестендіру;
  • операциялық тиімділік – жанармайды пайдалануды оңтайландырудың интеллектуалды жүйелері;
  • жедел жұмысқа қолдау – диспетчерлер мен ұшқыштарға арналған ауа райы деректерін өңдеу.

Бұл нарықтағы мүмкіндіктер шынымен де кең.

– Жалпы алғанда, ТМД мен Балтық елдерінде цифрландырудың қандай ерекшеліктері бар? Сіздердің клиенттер қандай қиындықтарға тап болады?

– Аймақта үздік тәжірибелерді қабылдап қана қоймай, өз стандарттарын қалыптастыруға деген айқын ұмтылыс бар. Мұнда автоматтандыру технологияларына – пайдаланушы жайлылығын арттыру үшін, сондай-ақ қауіпсіздік, әуе қозғалысын басқару және аналитикамен байланысты инфрақұрылымдық шешімдерге назар аударылады.

Қазақстан бұл жағынан тиімді ерекшеленеді – мұнда екі тәсілді де біріктіру мүмкін болып отыр. Қиындықтар? Көбінесе бұл IT-инфрақұрылымның жетілу деңгейі, кадрларды оқыту қажеттілігі мен заңнамалық шектеулерге байланысты. Бірақ әлеуеті зор, ал әріптестер тарапынан ашықтық байқалады.

– Алдағы 5 жылда қандай технологиялар ең перспективалы болады деп санайсыз?

– Күмәнсіз – биометрия, жасанды интеллект, предиктивті аналитика және бұлтты платформалар. Мысалы, ЖИ көмегімен терминалдардың жүктемесін болжауға және ағындарды алдын ала қайта бағыттауға болады, бұл кезектер мен кідірістерді азайтады, ал биометрия жолаушы тәжірибесін толықтай жанаспайтын, жылдам әрі қауіпсіз етеді.

Тағы бір үрдіс – киберқауіпсіздік. Сала қаншалықты цифрланса, соншалықты қауіп те артады. SITA мәліметтерді қорғау құралдарына белсенді түрде инвестиция салып келеді, өйткені әрбір әуежай ғаламдық цифрлық экожүйенің бөлігіне айналған сайын бұл қажеттілік артып жатыр.

Бұрын әуежай терминалдар, ұшу-қону жолақтары, тіркеу сөрелері сияқты физикалық объектілер жиынтығы ретінде қабылданса, бүгінде ол – кешенді платформа. Бұл – жай сөз емес: жүк сұрыптау, тазалау кестесі, табло деректерін жаңарту және тіпті Wi-Fi бағытын анықтаудың артында бірыңғай IT-экожүйе тұр.

Әлем «қызмет ретіндегі әуежай» моделіне бет алды. Бұл – әр элемент басқарылатын, болжамды және сенімді қорғалған болуы тиіс деген сөз.

– Сіздіңше, Қазақстандағы авиацияның IT тұрғысынан болашағы қандай болмақ?

– Аймақтың парадоксы – технологиялық дамуға деген жоғары сұраныс пен тарихи түрде шектеулі инфрақұрылым. Бірақ артықшылық та осында. Егер сізде ескірген IT-мирас болмаса – таңдауда еркіндік бар. Қазақстан бірнеше жылдық өтпелі кезеңдерді айналып өтіп, ең жаңа шешімдерді енгізе алады. Әлемдік логистиканың тұрақсыздығы, бағыттардың өзгеруі және транзиттік ағындар үшін бәсекелестіктің артуы аясында Қазақстан үшін ерекше мүмкіндік туып отыр.

Қазірдің өзінде Қазақстанда мамандар қалыптасып жатыр, мемлекет пен бизнес тарапынан қызығушылық бар, ең бастысы – цифрлық шешімдердің саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететінін түсіну бар.

Егер әуежайларды жаңғырту, биометрия мен цифрлық платформаларды енгізу жұмыстары жалғасын тапса, Қазақстан жолаушыларға қолайлылықты едәуір арттырып қана қоймай, Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік ағындар үшін сенімді бәсекелеске айнала алады. Ал SITA командасы бұл жолда сенімді серіктес болуға дайын.

– Соңғы сұрақ. Аймақта цифрландыруды енді бастап жатқан авиациялық операторларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жолаушының қажеттіліктерін түсіну – басты басымдық. Инфрақұрылым, технология, интерфейстер осы логикаға бағынуы тиіс. Жаңашыл шешімдерден қорықпау, жаһандық IT-серіктестермен ынтымақтасу, тәжірибе жасап көру керек. Ең бастысы – тоқтап қалмау. Себебі цифрландыру – бұл енді жай ғана бәсекелестік артықшылық емес, бұл – тұрақты даму мен болашақтағы табыстың кепілі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -