Қазақстан мен Қытай көкөністерді терең өңдеу зауытын салады

1617
Фотосурет: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қытайлық Qingdao Wanlin Food Co., Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ли Яньтаомен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бірлескен инвестициялық жобаларды, оның ішінде құрғақ (кептірілген) көкөністер өндіретін зауыт салу бойынша жобаларды іске асыруға көңіл бөлінді.

Кездесу барысында Qingdao Wanlin Food компаниясының Түркістан облысында индустриалды парк салу жөніндегі жоспарлары қаралды. Жоба жалпы ауданы 70 гектар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу нысандарды кезең-кезеңімен іске қосудың және өнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту жөніндегі үш кезеңін қамтиды. Бұл құрғақ көкөністер, мал азықтық дақылдар өндіретін зауыттарды іске қосу, сондай-ақ қытай бизнесі тарапынан кемінде 15 серіктес тарта отырып, өнеркәсіптік парк салу. 

Өндірістік қуаты жылына 50 мың тонна құрғақ көкөніс өндіретін зауытын салу жұмыстары басталды. Инвестор инвестиция сомасын $30 млн-нан $90 млн-ға дейін арттырды, 300 жұмыс орнын ашу күтілуде. Компания бірінші кезеңде «Түркістан» ӘКК өнеркәсіп паркіндегі дайын өндіріс нысандарын жалға алды. Жақын арада жабдықты монтаждау жоспарлануда, бірінші кезеңді пайдалануға беру осы жылдың шілдесінде күтіліп отыр. Жобаны дамыту стратегиясы еліміздің Жетісу және солтүстік өңірлерінде сәбіз және сарымсақ өңдеу бойынша қосымша зауыттар сала отырып, өндірісті кеңейтуді қамтиды. Өндіруші дайын өнімді Қазақстанда сатуға, сондай-ақ АҚШ пен ЕО нарығына экспорттауға ниетті.

«Қазақстанда экономиканың негізгі салаларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз шаруаларды қолдау шараларын едәуір арттырдық. Өткен жылы елімізде 4,5 мың тоннаға жуық көкөністен жоғары өнім алынды. Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру аясында биыл бақша дақылдарының егіс алқабы кеңейтіліп, 222 мың гектарға дейін жеткізілді. Біз Wanlin Group-пен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша, оның ішінде еліміздің аграрлық өңірлерінде жаңа өндірістерді орналастыруды қамтитын ұзақмерзімді стратегиялық әріптестікке мүдделіміз. Қазақстан бірлескен Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталықтарын құру, агротехнопарктерге инвестиция салу, экспортқа бағдарланған логистикалық хабтарды дамыту арқылы кооперацияны кеңейтуге ашық» Олжас Бектенов

Салалық министрліктер мен Түркістан облысының әкімдігіне екі апта мерзімде Инвестициялар туралы келісім жобасын дайындауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Өз кезегінде Qingdao Wanlin Food Co., Ltd. директорлар кеңесінің төрағасы Ли Яньтао Қазақстан ауыл шаруашылығының айтарлықтай әлеуетіне тоқталып, АӨК өнімдерін терең өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар келешегі зор барлық бағыт бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -