Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БРИКС 17-ші Саммитіне алғашқы рет серіктес ел ретіндегі Қазақстан атынан қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Саммиттің бірінші күніне бірлестікке мүше және серіктес елдердің мемлекет және үкімет басшылары, жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Іс-шараға қатысушылар көпжақты ынтымақтастықты нығайту, әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты дамуды қамтамасыз ету қажеттілігіне баса көңіл аударды. Негізгі назар жаһандық басқару жүйесінде Ғаламдық Оңтүстік елдерінің өкілеттігін арттыруға бағытталды. Қарулы қақтығыстардың күшеюі, халықаралық саудадағы протекционизмнің өсуі және геосаяси қайшылықтардың ушығуы қатысушылардың алаңдаушылығын тудырды.
Өз сөзінде ҚР СІМ басшысы Қазақстанның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына негізделген әділетті, инклюзивті және орнықты тәртіпті нығайтуға бейілді екенін атап өтті.
«Астана тепе-тең және көпвекторлы сыртқы саясат жүргізе отырып, дуал емес, көпір салады және барлық елдермен серіктестікті дамытады» Мұрат Нұртілеу
Қазақстан делегациясының басшысы Азия, Африка мен Латын Америкасындағы Орта державаларының жаһандық шешім қабылдау процесіндегі рөлін арттыруды қолдайтынын жеткізді. Осы тұрғыда нақты қадамдар ретінде Саммит қатысушыларының назарына еліміздің бірқатар халықаралық бастамалары, оның ішінде Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуы және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізілуі ұсынылды.
Сонымен қатар Министр Қазақстанның БРИКС елдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, цифрлық технологияларды дамытуға мүдделі екенін айтты. Бұл салада Қазақстанның жетістіктері ерекше аталып өтті.
«Қазақстан адамға бағытталған, инклюзивті және орнықты тәсілді ілгерілету жолында ынтымақтасуға дайын. Бұл – адамзат үшін әділетті цифрлық болашақты қамтамасыз ету жолы» Мұрат Нұртілеу
Саммит аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесуспен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюньмен, сондай-ақ Беларусь Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен кездесулер өткізіп, көпжақты және екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) 2006 жылы құрылған, әлем аумағының 35%-ын, халық санының 50%-ын және жаһандық ЖІӨ-нің 40%-ын қамтиды.
БРИКС-ке 11 мүше ел (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, Эфиопия, Индонезия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Мысыр және Иран), сондай-ақ 10 серіктес ел (Қазақстан, Беларусь, Боливия, Вьетнам, Куба, Малайзия, Нигерия, Таиланд, Уганда және Өзбекстан) кіреді. Сонымен қатар Саммитке Чили, Колумбия, Түркия, Уругвай, Палестина, Кения, Мексика, Африка кеңесі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Латын Америкасы мен Кариб бассейні даму банкі, Жаңа даму банкі, БҰҰ, ДСҰ және ДДСҰ өкілдері шақырылды.