ЭЫДҰ есебіне сәйкес Қазақстан Орталық Азиядағы жауапты бизнес жүргізудің флагманы ретінде аталды

2376
Фотосурет: Gov

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) «Қазақстанда, Моңғолияда және Өзбекстанда тұрақты инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін бизнесті жауапты жүргізу» есебін ұсынып, онда үш елдің орнықты дамуының ұлттық стратегияларына бизнесті жауапты жүргізу қағидаттарының (БЖЖ) интеграциялану дәрежесі талданды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Құжатта Қазақстанға БЖЖ стандарттарын институттандыруда елеулі прогреске қол жеткізген, оларды өзінің әлеуметтік-экономикалық күн тәртібіне жүйелі деңгейде енгізген ел ретінде айрықша назар аударылған.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстан БЖЖ қағидаттарын іске асыруда жан-жақты және сектораралық келісілген тәсілді көрсетуде. Ұлттық стратегия еңбекті қорғау, экологиялық жаңғырту, декарбонизация, адами капиталды дамыту және бизнестің ESG-күн тәртібіне қатысуын ынталандыру секілді аса маңызды бағыттарды қамтиды.

Есепте қол жеткізілген прогресс негізінен отандық өндірушілерді қолдауға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ экономикалық дамудың орнықты тетіктерін нығайтуға бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің жүйелі шараларымен қамтамасыз етілгені атап көрсетілген.

ЭЫДҰ-ның оң бағасын алған Қазақстанның негізгі бастамалары ретінде бірнеше өлшемшарттар келтірілген

Еңбек қауіпсіздігі. Қазақстан өндірістік жарақаттануды төмендетуде және қауіпсіз еңбек жағдайын жасауда елеулі күш-жігер көрсетуде. 2019 жылдан бастап өндірістік жарақаттану мен өлім-жітімнің нөлдік деңгейіне қол жеткізуге бағытталған Vision Zero тұжырымдамасы іске асырылуда. 2024 жылдан бастап кәсіпорындарда қауіпсіздік стандартының сақталуы арқылы ашықтықты және бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін еңбек жағдайы мониторингінің цифрлық картасы енгізілуде. 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы да бекітіліп отыр. Ол кәсіптік қатердің алдын алу мен еңбекті қорғау мәдениетін енгізуде жүйелі негіз болады.

Экологиялық жаңғырту. Тұрақты инфрақұрылымның маңызды элементі – экологиялық таза өндіріске көшу тетігін енгізу. Озық қолжетімді технология (ОҚТ) қолданатын кәсіпорындар шығарындыларға экологиялық салық төлеуден босатылады. Бұл ретте мемлекет инвестицияны субсидиялауды, рәсімді оңайлатуды және консультациялық сүйемелдеуді қосқанда, өндірісті жаңғыртуға қаржылық және техникалық қолдау көрсетеді.

Жаңартылатын энергетиканы дамыту. Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдаланатын жобаларға инвестицияны ынталандырады. 2016 жылдан бастап мұндай жобалар үшін салықтық жеңілдік қолданылса, 2020 жылдан бастап импортталатын жабдық ҚҚС пен кедендік баждан толық босатылады. Фискалдық ынталандырудан басқа, инвестиция көлемінің 30%-на дейінгі мөлшерде грант беріледі. Бұл ЖЭК нарығын инвестор үшін неғұрлым тартымды етпек.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы. Бұл тетік реттелетін тариф арқылы инфрақұрылым мен энергетика саласындағы инвесторлардың шығынын өтеуге арналған. Бағдарлама энергетикалық және коммуналдық жүйені жаңғыртуға жеке капиталды тартуға ықпал ете отырып, инвестиция қайтарудың болжамдылығын қамтамасыз етеді.

Адами капиталды дамыту. Тұрақты өсу үшін кадрлық қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, 2025 жыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Негізінен, энергетика, құрылыс, сумен жабдықтау, көлік саласы мамандарын кәсіптік оқытуға және біліктілігін арттыруға назар аударылды. Бұл шаралар аса маңызды инфрақұрылым саласында институционалдық және еңбек әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

ЭЫДҰ есебінде талдаудың елеулі бөлігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қызметіне арналып, бизнесті жауапкершілікпен жүргізу (БЖЖ) қағидатын ілгерілетудің, Қазақстандағы орнықты дамудың негізгі институционалдық тетігі ретінде танылады. Қор мемлекеттік кәсіпорындардың ESG-бағдарланған тәжірибеге көшу катализаторы ретінде қарастырылып, жоғары деңгейдегі институционалдық жетілу мен басқару реттілігін байқатады. Оның қызметі инвестицияны стратегиялық инфрақұрылымға қайтару ғана емес, сонымен бірге, жергілікті өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті нығайту секілді әлеуметтік миссияны іске асыруға арналған.

Осы күн тәртібін іске асырудың басым құралдарының ішінде отандық жеткізушілермен ұзақмерзімдік келісімшарт жасасу; шағын және орта бизнес субъектілерін еншілес компаниялардың өндірістік тізбектеріне жүйелі тарту; отандық құзыреттерді дамытуды ынталандыру мен инфрақұрылымдық жобалардың негізгі элементтерін оқшаулау бар. Қордың тәсілі тұрақты экономикалық базаны қалыптастыруға және стратегиялық міндеттерді іске асыруға жеке сектордың қатысуын арттыруға ықпал етеді.

Адам құқығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс, экологиялық басқару мен қатерді бағалау саласындағы корпоративтік стандарттарды енгізуге ерекше назар аударылады. Бұл қордың орнықты даму саясатында және корпоративтік кодексінде көрсетілген. «Самұрық-Қазына» сондай-ақ жыл сайын қаржылық емес есептілік саласындағы деректерді көрсетіп, таза пайданың кемінде 7%-ын әлеуметтік және қайырымдылық бағдарламаларына аударады. Басқарудың мұндай кешенді моделі ЭЫДҰ-ның оң бағасына ие болып, БЖЖ қағидатын іске асырудың тиімді институционалдық тәсілі ретінде мемлекеттік сектордың басқа құрылымдарында таратуға ұсынылды.

Қол жеткізілген прогресті мойындаумен қатар, ЭЫДҰ БЖЖ саясатын орнықтыра түсу бойынша бірқатар ұсынымдарды тұжырымдайды. Олардың ішінде ОҚТ (ең озық қолжетімді технология) қолдануды кеңейту арқылы экологиялық стандарттарды ілгерілету мен шығарындыларға квоталар саудасы жүйесін ықтимал енгізу бар.

Бұдан басқа, инфрақұрылымға инвестиция саласында азаматтық қоғамды тарта отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды арттыру, мемлекеттік сатып алу практикасына орнықты өлшемшарттар енгізу, сондай-ақ орнықты қаржыландыру құралдарын жандандыру ұсынылады. Қазақстанға «Самұрық-Қазына» қоры қолданатын модельді оның басқаруынан тыс активтерді қоса алғанда, бүкіл мемлекеттік секторға тарату ұсынылады. Бұл инфрақұрылымды дамытудағы әмбебап басқару нормасы ретінде БЖЖ қағидаттарын бекітуге және елдің экономикалық моделінің ұзақмерзімдік орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -