2025 жылғы 21–25 шілде аралығында Nazarbayev University-де халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға — Талдау, қолданбалар және есептеулер жөніндегі халықаралық конгресс (ISAAC-2025) өтуде, шара Орталық Азияда бірінші рет өткізіліп отыр.
Бұл — әлемнің түкпір-түкпірінен математиктерді жинайтын ең ірі ғылыми басқосулардың бірі және Қазақстанның ғылыми беделін жаһандық деңгейде көтеруге ықпал ететін айтулы шара, деп хабарлайды DKnews.kz.
Конгресс бірнеше жылда бір рет Халықаралық талдау, оның қолданбалары мен есептеу қоғамының (ISAAC) бастамасымен өткізіліп, әлемнің жетекші ғалымдарын бір алаңға жинайды. Бұған дейінгі конгрестер АҚШ, Жапония, Германия, Канада, Ұлыбритания сынды елдерде өткен. Биыл алғаш рет Орталық Азияда — Қазақстанда өтпек, бұл еліміздің математика мектебінің жоғары деңгейде және халықаралық ортада мойындалатынының бірден-бір дәлелі.
15-ші Конгрестің төрағасы болып танымал қазақстандық ғалым, NU профессоры Сұраған Дөрбетхан сайланды.
"Мұндай ауқымды шараның Қазақстанда, нақтырақ айтсақ, Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті — Nazarbayev University-де өтуі отандық ғылымның беделін арттыруға тікелей ықпал етеді. Иә, конгрестің өзегі — математика, алайда қазіргі ғылым межелі түрде пәнаралық сипатқа ие. Сондықтан талқыланатын тақырыптар тек теориялық емес, қаржы математикасы, жасанды интеллект, биология сияқты 20-дан астам түрлі ғылыми бағытты қамтиды. Бұл — қазақстандық зерттеушілер үшін әлемнің үздік ғалымдарымен кәсіби байланыс орнатуға берілген бірегей мүмкіндік" Сұраған Дөрбетхан
Конгреске әлемнің түкпір-түкпірінен 700-ден астам ғалым келді. Олардың қатарында математикалық Нобельге баланатын марапат — Филдс медалінің иегері швейцариялық Мартин Хайрер (Martin Hairer, Швейцария), жасанды интеллект саласындағы беделді сарапшы Карола-Бибиан Шенлиб (Carola Bibiane Schönlieb, University of Cambridge, Ұлыбритания), әлемге танымал математиктер Надер Масмуди (Nader Masmoudi, Courant Institute of Mathematical Sciences, New York University, БАӘ), Алексей Майлыбаев (IMPA), Бразилия) және т.б. бар.
Мартин Хайрер конгресс талдау саласына арналған ең ауқымды жиындардың бірі екенін атап өтті. Бұл — айналамыздағы әлемді сипаттайтын теңдеулерді зерттейтін математика бөлімі. ChatGPT секілді жасанды интеллект құралдарының бұрыннан шешілмей келе жатқан есептерді шешуге көмектесе ала ма деген сұраққа ол мынадай пікір білдірді:
“Жасанды интеллект бұл күрделі мәселелерді шеше ала ма — әзірге белгісіз. Мен осындай құралдарды қолданып көрдім, бірақ олар мені таңғалдырмады. Шынында, бұл жүйелер жаңа идеялар ұсына алмайды. Ал ұзақ уақыт шешілмей келе жатқан күрделі есептерді шешу үшін бізге мүлде тың көзқарас қажет. Қазіргі модельдер бар ақпаратты өңдей алады, бірақ жаңасын жасамайды. Бізге дәл осы жаңа идеялар керек” Мартин Хайрер
Конгресс аясында әлемнің түкпір-түкпірінен 100 жас ғалым шақырылды, олардың үштен бірі — қазақстандықтар. Көптеген жас зерттеушілерге жаңа құрылған Сәтбаев атындағы гранттың арқасында қолдау көрсетілді. Бұл бастама жас ғалымдарды қолдауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
"Бұл жерде осыншама жас әрі жаңа тұлғаларды көргеніме қуаныштымын. Әркім осы мүмкіндікті жаңа достар мен ғылыми серіктестер табуға пайдаланады деп үміттенемін. Айта кетейін, ISAAC конференциялары аясында екі дәстүрлі сыйлық табысталады. Біріншісі — үздік жас математиктерге берілетін беделді ISAAC Award. Биылғы лауреат — Италиядан келген Elia Bruè. Екінші марапат — President’s Award for Young ISAACs, ол қоғамдастықтың белсенді мүшелеріне беріледі. Бұл сыйлыққа Бельгия өкілі Duvan Cardona ие болды" ISAAC президенті Уве Келер (Uwe Kähler)
Апта бойы әлемнің жетекші математиктері NU қабырғасында математика және оған іргелес салалардағы соңғы жаңалықтарды, жаңа әдіс-тәсілдерді талқылайды. Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен “NU Impact Foundation” әлеуметтік даму қоры қолдау көрсетіп отыр.