Қарағандыда ғарыш рухын сезінуге болатын бірегей орын бар — №6 мектептегі Авиация және ғарыш мұражайы. Бұл мұражайдың барлық экспонаттары өз өмірін ғылым мен тәрбиеге арнаған ұстаз, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мағрипа Кәрібекова табандылығының нәтижесі. Ол отыз жыл бойы адамзаттың ғарышқа алғашқы қадам жасаған кезеңін ұрпақ жадында сақтап келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мұражай тарихы №100 мектепте пайда болған шағын бұрыштан басталады. Ол кезде Мағрипа Қәрібекова қарапайым газет бетіндегі Тоқтар Әубәкіровтің алдағы ғарыш сапары туралы шағын хабарды сабаққа алып келген еді. Сол сәтте оқушының «музей ашсақ қайтеді?» деген ұсынысы тың бастаманың негізіне айналды.

— Ол жылдар өте қиын кезең болатын. Біз жасөспірімдерге үлгі боларлық тұлға іздеп жүрдік. 9-сынып оқушыларымен көп әңгімелесіп, болашақ туралы ойланатынбыз. Газеттен Тоқтар ағамыздың ғарышқа ұшуға дайындалып жатқаны туралы кішкентай мақалаға көзім түсті. Сабаққа алып келдім. Сонда бір оқушым: «Апай, мұражай ашайық», — деді. Бәрі сол ойдан басталды, — деп еске алады Марғипа Қәрібекова.

Алғашқы экспонаттар біртіндеп жиналды. Фототілшіден Тоқтар Әубәкіровтің 41 фотосуретін сатып алып, ұстаз алғашқы шағын экспозицияны жасақтады. Біраз уақыттан кейін музей қоры Сергей Королёв, Константин Циолковский, Юрий Гагарин мен Валентина Терешковаға қатысты материалдармен толықты.

№100 мектеп жабылған соң, экспозиция №78 мектепке көшірілді. Бұл кезең — мұражай тарихындағы ең жарқын жылдар. Қор үздіксіз толығып отырды.

Мұнда Тоқтар Әубәкіровтің лёттық шинелі мен ұшу кітапшалары, ғарышкердің әпкесі табыстаған бірегей құжаттар,

Талғат Мұсабаевтың парашюттік костюмі, Айдын Айымбетовтің су костюмі, 1961 жылғы 13 сәуірде Гагариннің ғарышқа ұшқанын жариялаған «Комсомольская правда» газетінің түпнұсқасы, ғарыш тағамдары, сирек маркалар мен альбомдар пайда болды. Экспонаттардың бір бөлігі музейге келген ғарышкерлердің өз қолымен тапсырылған. Валентина Терешкова мен Сергей Крикалёвтен бастап, 25-тен астам ғарышкер мұражайға табан тіреп, өз естеліктерімен бөлісіпті.

Мұражайдың қалыптасуына балалардың да үлесі зор болды:

олар зымырандар мен жасанды серіктердің макеттерін құрастырып, фотоальбомдар әзірледі.

2021 жылы мұражай №6 мектептен кең әрі жарық жаңа ғимаратқа көшті.

Экспозиция есік алдындағы фойеден басталады: мұнда Юрий Гагариннің барельефі мен Қазақстанның ғарышкерлері — Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов және авиация мен ғарыш саласына еңбек сіңірген өзге тұлғалардың портреттері орналасқан.

Мағрипа Кәрібекованы қолдап жүргендердің қатарында іздестіру-құтқару қызметінің мамандары, ұшқыштар, аэроклуб өкілдері, қоғам қайраткерлері және ғарышкерлер бар.

— Жыл аяғына қарай Халықаралық ғарыш станциясынан МКС-73 экипажы оралады деп күтіліп отыр. Қону біздің облыстың аумағында өтпек. Құтқарушылар тобы келетіндіктен, олармен кездесу өткізуді жоспарлап отырмын, — дейді музей жетекшісі.

Мағрипа Кәрібекованың жұмысы тек экспонат жинаумен шектелмейді. Ол экскурсиялар ұйымдастырады, ардагерлермен кездесулер өткізеді, ғылыми конференциялар мен оқушыларға арналған сабақтар дайындайды, кітап жазады. Дегенмен, ең басты мұра — оның өз жүрегінде сақталған естеліктер мен оқиғалар.

— Маған уақыт әрдайым аз сияқты: атқаратын ісім өте көп. Мен ешқашан атақ іздеген емеспін. Біз тек материалдарды мұқият жинап, жұмыс істеп, жаңа серіктестер тауып отырдық. Өйткені бұл — біздің қаламыздың тарихы, — дейді ол. — Қарап отырсам, жиналған материал өте мол. Мұның ешқайсысы жоғалмауы керек.

Қазір мұрадайда екі мыңнан астам экспонат бар. Бұл — тек ғарыш тарихы ғана емес, бір кездері «Ғарыш айлағы» аталған Қарағандының да рухани шежіресі.