АҚШ-тың Вирджиния штатындағы Александрия қаласында өткен мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионаты – FIDE World Schools Team Championship 2025 – Қазақстан үшін нағыз триумфпен аяқталды, деп хабарлайды DKNews.kz. Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) күміс жүлдеге ие болса, жеке есепте де спортшыларымыз үздік нәтижелер көрсетті. Иманғали Ақылбай алтын медаль еншілесе, Эдгар Мамедов пен Зарина Нұрғалиева – қола жүлдегер атанды.
Бірақ бәрін ретімен баяндайық.
Формат – қатал, бәсеке – қиян-кескі
Вашингтонмен шекаралас орналасқан Александрия қаласына 48 елден 55 команда жиналды. Бұрынғы – 2023 жылы Ақтауда өткен – чемпионаттан басты айырмашылығы: бұл жолы жас ерекшелігі бойынша бөлініс болған жоқ. Қыздар мен 12 жасар ойыншылардың қатысуы міндетті емес еді – командалар тек спорттық іріктеу арқылы жасақталды.
Осының өзі жарыстың деңгейін бірден арттырды. Қатысушылар мейлінше мықты, тартыс нағыз шахматтық шайқасқа айналды. Қазақстан бұл чемпионатқа бірден 6 командамен қатысты – және барлығы абыроймен өнер көрсетті.
Кульминация – жетінші және сегізінші тур
7-тур жергілікті уақытпен таңғы 10:00-де (Қазақстанда 19:00) басталды. Бұл кезеңдегі басты сұрақ: SEED Educational Complex (Астана) үндістандық Velammal MHS School (Ченнай) командасын тоқтата ала ма? Өкінішке қарай, есеп – ½–3½. Дегенмен, Данис Қуандықұлы (2156) қарсы команданың көшбасшысы С. Асватпен (2369) тең ойнады – бұл жеке жетістік.
Ал екі басқа қазақстандық команда жеңіске жетті:
- РФММ (Алматы) – Wellington College (Жаңа Зеландия) – 4–0
- РФММ-2 (Астана) – Gymnázium, Grösslingová 18 (Словакия) – 2½–1½
Үздік командалар арасындағы үш матч та тең аяқталды – 2–2. Бұл медаль үшін таласты тіпті шиеленістіре түсті.
Чемпион – ертерек анықталды, күміс үшін күрес қызды
Velammal MHS School 14 командалық ұпай жинап, соңғы турға дейін-ақ чемпион атанды – бұл көрсеткішке ешкім жеткен жоқ.
Ал күміс пен қола жүлделер үшін жарыс шыңына шықты. 7 команда, оның ішінде 3-еуі Қазақстаннан, жүлде үшін шын мәнінде тартысты.
Алматылықтар – күміс, SEED – тұғырға бір қадам
8-турда Қазақстан командалары бар күшін салды:
- РФММ (Алматы) түрік командасын – 4–0
- РФММ-2 (Астана) – Royal College (Шри-Ланка) – 2½–1½
- Velammal – Wisdom (Өзбекстан) – 2½–1½
Соңғы үміт SEED пен The Harker School (АҚШ) арасындағы матчқа байланысты болды. Егер SEED жеңсе – барлық үш жүлделі орынды Қазақстан алады. Бірақ матч тең аяқталды – 2–2.
Сол себепті күміс жүлде Алматыға кетті, ал SEED 8-орынмен шектелді.
Турнир нәтижелері (үздік 8 команда)
- Velammal MHS School (Үндістан) – 16 ұпай
- РФММ (Алматы) – 12 ұпай
- The Harker School (АҚШ) – 12 ұпай
- РФММ-2 (Астана) – 12 ұпай
- University High School (АҚШ) – 11 ұпай
- Royal College (Шри-Ланка) – 11 ұпай
- Lyceum «Photon» (Армения) – 11 ұпай
- SEED Educational Complex (Астана) – 11 ұпай
Басқа қазақстандық командалар:
- 23-орын – РФММ-1 (Астана)
- 31-орын – Д.А. Қонаев атындағы гимназия (Ақтөбе)
- 38-орын – №9 IT-лицейі, О.А. Жолдасбеков атындағы (Шымкент)
Қазақстан үшін – команда да, жеке де жеңіс
РФММ (Алматы):
- GM Эдгар Мамедов (2299)
- FM Иманғали Ақылбай (2292)
- WIM Зарина Нұрғалиева (2152)
- CM Әлихан Дәулет (2173)
- Әдіжан Есенғали (1989)
Капитан – Саят Егенбердиев
Иманғали Ақылбай 2-тақтада 8-де 8 көрсеткішпен алтын алды.
Эдгар Мамедов пен Зарина Нұрғалиева 6½ ұпай жинап, сәйкесінше 1 және 3-тақталарда қола медаль иеленді.
РФММ-2 (Астана):
- Ислам Айтен, Владимир Савицкий, Ернұр Ахмедияр, Мадина Момын, Камила Дүкембаева
Капитан – Ботакөз Жолғасбаева
SEED Educational Complex (Астана):
- CM Данис Қуандықұлы (2156), Алдияр Сайлаубай, Арсен Айтмұханов, Айлин Заркым
Капитан – Қуаныш Сүлеймен
Ұйымдастырушылар не дейді?
Қазақстан шахмат федерациясының және ISCF ұйымының президенті Тимур Турлов:
«Қазақстан үшін бұл турнир тек спорттық дода ғана емес, бүкіл шахмат қозғалысын дамыту құралы ретінде маңызды. Біз жай ғана қатысқан жоқпыз – оның ұйымдастырылуына елеулі үлес қостық. Сондықтан жарыстың жоғары деңгейде өткеніне өте қуаныштымыз. Біздің жас шахматшылар үшін бұл – баға жетпес тәжірибе, ал еліміз үшін – мектептердегі жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсететін айқын дәлел. Барлық медальдар – үлкен еңбектің, табандылықтың және нағыз командалық рухтың жемісі. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігіне және жеке Елші Ержан Ашықбаевқа делегациямызға қолдау білдіргені және шахматтың дамуына көңіл бөлгені үшін алғыс айтамыз. Барлық қатысушылар мен бапкерлерді құттықтаймын: біз сіздермен мақтанамыз және одан да биік мақсаттарға бірге беттейміз!»
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев чемпионаттың ашылу салтанатына қатысып қана қоймай, жарыс барысында қазақстандық оқушыларға жанкүйер болып, белсенді қолдау көрсетті.
Эпилог орнына
Қазақстан тағы да дәлелдеді – бізде интеллектуалды жаңа буын өсіп келеді. РФММ командасының күмісі мен үш бірдей жеке медаль – бұл кездейсоқтық емес, ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Александриядағы чемпионат – жай ғана турнир емес, бұл – нағыз шахмат мерекесі болды. Ал сол мерекеде Қазақстан басты кейіпкерлердің бірі атанды.