Қазақстан мен CRRC теміржол машина жасау саласындағы ынтымақтастығын дамытып жатыр

3718
Фотосурет: Аkorda

Мемлекет басшысы CRRC директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Юнцайды қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев темір жол машиналарын жасауға маманданған әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын CRRC компаниясымен ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестікті жоғары бағалады.

Президент 2023 жылдың қазан айында Қытайға жасаған сапарынан кейін CRRC компаниясымен ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына 100 магистральді және 100 маневрлі тепловоз жеткізу жөнінде мәміле жасалды. Алдағы уақытта ҚТЖ қосымша 270 гибридті маневрлі тепловоз сатып алуды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы серіктестіктің келесі кезеңіне өту маңызды екеніне назар аударды. Яғни тепловоз жеткізумен қатар елімізде локомотив өндірісін локализациялау және сервистік орталықтар ашу қажет. Президенттің пікірінше, бұл отандық машина жасау саласын дамытады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құрып, темір жол инфрақұрылымына жедел техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

CRRC компаниясы жылына 2 мыңнан астам локомотив, 3 мың жолаушы және 50 мың жүк вагонын, сондай-ақ 11 мың қоғамдық көлік құрастырып шығарады. Кәсіпорын өнімі 100-ден астам елге экспортталады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -