Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесі төрағасының орынбасары, «GX Foundation» қайырымдылық қорының төрағасы Лян Чжэньинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында тараптар гуманитарлық және медициналық салалардағы ықпалдастықтың келешегін, соның ішінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмасу және әлеуметтік бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Ш.Нұрышев Қазақстан мен Қытай, сондай-ақ Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының арасындағы денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Қазіргі уақытта Гонконгте шамамен 500 қазақстандық студент білім алуда. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Лян Чжэньин Қордың Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі дамытуға дайындығын растады және ресми байланыстарды жалғастыру мақсатында биылғы жылдың қараша айында Астанаға сапары жоспарланып отырғанын хабарлады. Сондай-ақ ол қазақстандық жоғары оқу орындарымен, оның ішінде медицина және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында тікелей өзара іс-қимыл орнатуға мүдделі екенін атап өтті. Бұдан бөлек, биыл жоғары деңгейдегі сапардың аясында қол қойылған денсаулық сақтау саласындағы екіжақты меморандумның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Тараптар жұмыс деңгейіндегі байланыстарды қолдап, бірлескен жобаларды іске асыруды жалғастыруға уағдаласты.

Лян Чжэньин 2012–2017 жж. Гонконг Арнайы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы қызметін атқарған, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық саласында мол тәжірибесі бар.
«GX Foundation» – 2015 жылы құрылған, экологиялық және медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдерде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы бастамаларды ілгерілетуге бағытталған коммерциялық емес ұйым. Қор білім, ғылым және экология салаларындағы жобаларды белсенді іске асырады.