«Alatau» АЭА аумағында Қазақстандағы ең ірі қант зауытының құрылысы басталады

1606
Фотосурет: UKIMET

Серік Жұманғарин Al Khaleej Sugar компаниясының президентімен Қазақстандағы ең ірі қант зауытын салу жобасын  талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Al Khaleej Sugar компаниясының президенті Аль Ғурейр Джамальмен кездесті.

Кездесу барысында еліміздегі ең ірі қант зауытын салу жобасын жүзеге асырудың дайындық барысы қаралды. Ол үшін «Алатау» арнайы экономикалық аймағына кіретін Қонаев қаласы аумағынан 1000 гектар жер бөлінген. Қазіргі уақытта инфрақұрылым мәселесіне баса көңіл бөлініп, газ және электр жүйесін тарту бойынша жұмыстар қолға алынуда.

Сонымен қатар шикізаттық базаны қамтамасыз ету де басты назарда. Жобаның бірінші кезеңі аясында қант қызылшасын өсіру үшін 65 мың гектар жер  белгіленді, алдағы уақытта кеңейту жоспарланған. Бүгінде жерді бекіту және суару жүйесіне дайындау бойынша қажетті рәсімдер жүргізілуде. Су инфрақұрылымын жолға қою үшін халықаралық қаржыландыру тетігін тарту жоспарлануда. Өңірдегі шаруалар болашақ зауыттың талабына сай болу мақсатында 100 мың гектар жерге қызылша егуге дайын екендіктерін растады.

Тараптар жобаны іске асырудың қыр-сырын жан-жақты талқылап, құрылыс жұмысын неғұрлым тезірек бастауға ынталылық танытты. Тиісті мемлекеттік құрылымдарға қатысты жұмыстарды үйлестіру және жедел шешім қабылдау үшін жұмыс тобын құру ұсынылды. Араб елі тарапы  мердігерлік EPC-келісімшарт жасауға да дайын екендерін жеткізді,  бұл жылдам іске кірісуге жол ашады.

Қазақстандағы ең ірі қант зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны «QazaqArab Sugar» ЖШС жүзеге асырмақ. Жобаның жылдық дайын өнім қуаты – 500 мың тонна. Жалпы құны – 313,6 миллиард теңге. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2028 жылдар. 450 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -