Қазақстанда БҰҰ-ның гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі жаһандық науқаны басталды

495

25 қарашада Астана қаласында БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» атты жаһандық науқаны аясында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» (#EndViolence Film Festival) кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараны БҰҰ-ның Қазақстандағы елдік тобы – БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты үйлестіруші кеңсесі, ЮНФПА, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Еріктілері, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, сондай-ақ inDrive компаниясы мен Alternativa жобасымен ынтымақтастықта гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия альянсы ұйымдастырды.

Фестиваль бағдарламасына Қазақстан, Қырғызстан және Непалдан келген төрт толықметражды туынды – үш көркем, бір деректі фильм енді. Көрсетілімдер Астана мен Шымкент қалаларында өтіп, алдын ала тіркелген көрермендер үшін тегін ұсынылады.

Әлеуметтік таптаурындардан цифрлық қауіптерге дейін: зорлық-зомбылық ауқымы кеңеюде

БҰҰ деректері бойынша, дүние жүзіндегі әрбір үшінші әйел өмірінде кемінде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды, ал әлемде оның әр алуан түрлерінен зардап шеккен 1,3 млрд-қа жуық адам бар. Мәселенің өзектілігі зорлық-зомбылықты әлі де ақтайтын немесе оны үнсіз қалдыратын тұрақты таптаурындар мен әлеуметтік нормалар себебінен күшейіп отыр.

2025 жылы БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық науқаны «Барлық әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою» тақырыбына арналған. Бүгінгі таңда цифрлық кеңістік ең қауіпті алаңдардың біріне айналуда: онлайн-қорлау мен қудалаудан бастап, рұқсатсыз таратылған интимдік материалдар, дипфейктер және гендерлік жалған ақпаратқа дейінгі жаңа қауіптер күн сайын көбейіп келеді.

Әлем елдерінің 40%-дан азында ғана әйелдерді интернеттегі алымсақтық пен қудалауға қарсы нақты заңдар бар. Бұл 1,8 миллиард әйел мен қыздың құқықтық қорғаусыз өмір сүріп жатқанын көрсетеді.

Күш біріктіру – өзгеріске бастар басты қадам

Фестивальдің ашылу рәсіміне халықаралық ұйым өкілдері, инфлюенсерлер, актерлер, сарапшылар, құқық қорғаушылар мен жастар қатысты. Басты мақсат - кино тілі арқылы  кең ауқымды аудиторияны ойландыру және қоғам назарын зорлық-зомбылық мәселесіне аудару.

Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Сарангo Раднарагча гендерлік зорлық-зомбылықтың әмбебап сипатқа ие екенін және қоғамдық көзқарасты өзгерту үшін әртүрлі құралдар – өнер мен қоғамдық пікірталас алаңдарының маңызын атап өтті, себебі олар күрделі тақырыптар туралы әңгімелесіп, теңдік жолдарын іздеуге көмектеседі: «Фестивальге ұсынылған жұмыстар бізді толғандырып қана қоймай, әрекет етуге – сыйластық танытуға, өзара қолдауды арттыруға және әрбір әйел мен қыз өзін қауіпсіз сезінетін әлем құруға ынталандырсын деп тілейміз».

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар балалар мен жасөспірімдердің онлайн ортада осал топтардың біріне айналып отырғанын атап өтіп, бүгінгі қоғам мен мемлекет міндеті – әр баланың дамуы үшін қауіпсіз кеңістікті қамтамасыз ету екенін айтты: әрбір қыз бен әрбір ұл өз құқықтарының қорғалғанын білетін ортада өсуі керек.

ЮНФПА Қазақстандағы елдік өкілі, ЮНФПА Қырғызстан мен Түрікменстандағы елдік директоры Чинве Огбонна цифрлық зорлық-зомбылық көбіне офлайн қатерлердің жалғасы екенін және қолжетімді қолдау қызметтерінің рөлін ерекше атап өтті: оның сөзінше, зорлық-зомбылық қай жерде болсын – отбасында, ұжымда немесе интернетте – бұл адамның қадір-қасиетін бұзу болып табылады.

«Цифрлық зорлық-зомбылық адамдардың денсаулығына, қауіпсіздігіне және әл-ауқатына елеулі зиян келтіреді. Ол көбіне онлайн кеңістіктен тыс шығып, қудалау, аңду, физикалық зорлық-зомбылық немесе тіпті фемицид түрінде көрініс табады. Біз зорлық-зомбылықтың осы түрі туралы айтып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруымыз қажет», – деді д-р Джерен Гювен Гюрэс, «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Орталық Азия үйлестіру кеңсесінің басшысы және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы елдік кеңсенің өкілі.

UNV зорлық-зомбылықсыз қоғам және теңдік туралы әңгімелердің қозғаушы күшіне айналып жатқан жастар мен еріктілердің рөліне назар аударды.

inDrive импакт бағдарламаларының директоры Ксения Верба: «inDrive үшін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» жаһандық науқаны аясындағы кино көрсетілімдерін қолдау – бір реттік бастама емес, әлеуметтік жауапты бизнес қағидаттарына деген біздің тұрақты адалдығымыздың көрінісі. Әлеуметтік маңызы бар фильмдерді, соның ішінде маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеруге және ортаны, қоғамдық қабылдауды өзгертетін оқиғаларды құруға көмектесетін Alternativa жобамыз арқылы қолдауды маңызды деп санаймыз. Зорлық-зомбылық тақырыбы да айрықша жағдай емес және оны күшті фильмдер мен ашық диалог арқылы көрсету қажеттігін көріп отырмыз. БҰҰ-мен бірлескен көрсетілімдер біз үшін ерекше мәнге ие: осылайша біз зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған жаһандық күш-жігерге үлес қосып, оған төзімсіздік мәдениетін нығайтамыз» - деп атап өтті.

Кино – көп жағдайда үнсіз қалатын мәселелерді ашатын құрал

25 қарашада Астанадағы фестиваль ашылуында қонақтарға Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі көрсетілді – бұл ежелгі қазақ дәстүрі бойынша әжесінің тәрбиесіне берілген баланың драмалық хикаясы. Әжесінің қазасынан кейін бала ата-анасына оралуға мәжбүр және ресми түрде туған туыстары болғанымен, эмоционалды түрде бөтен дерлік болып қала беретін адамдармен қарым-қатынасты қайта қалыптастыруға тура келеді. Фильм бұл дәстүрдің артында сирек ашық айтылатын сезімдер мен тағдырлардың тұтас бір спектрі жасырылғанын астарлы көрсетеді.

Көрсетілімнен кейін актерлер мен гендерлік зорлық-зомбылық сарапшыларының (GBV) қатысуымен пікірталас өтті. Фильм көрермендерде күшті эмоционалды әсер қалдырып, мәдени дәстүрлер, әлеуметтік қысым және жүйелі қолдаудың жоқтығы адамдардың өміріне қалай әсер ететіні туралы ой бөлісті.

Пікірталасқа қатысқан актер Айдос Әуесбаев, GBV сарапшысы Әйгерім Құсайынқызы және HeForShe Central Asia одағының серіктесі, актер Азиз Бейшеналиев өнердің үйреншікті әлеуметтік сценарийлерге жаңа көзқараспен қарауға, көбіне тыйым салынған тақырыптарды ашуға көмектесетінін атап өтті.

Шымкентте көрсетілімдер 28 қарашада қырғыз режиссері Мирлан Абдыкалыковтың фильмімен ашылды – бұл «ескі дәстүр» деген желеумен бүгінгі күні зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу құралы ретінде жиі қолданылатын қалыңдықты ұрлау дәстүрінің кездейсоқ құрбаны болған 19 жастағы Умуттың хикаясын баяндайтын туынды. Фильм әйелдер мен қыздардың мәжбүрлі неке үшін ұрлауды бастан кешірген шынайы оқиғаларына негізделген және бұрмаланған мәдени нормалардың адамдардың өмірі мен тағдырын қалай бұзатынын көрсетеді.

Фестиваль аясында бұл фильм сценарий авторы Тынчтык Абылкасымов пен «Сана-Сезім» ҚҚ атқарушы директоры Вера Закутнаяның қатысуымен пікірталастың бастауы болды.

Әр қалада фестивальдің әртүрлі күндерінде тағы үш фильм көрсетілетін болады:

Астана (Chaplin Cinema, Mega Silk Way):

  • 26 қараша, 19:00: «Деви»
  • 27 қараша, 19:00: «Похищение невесты»
  • 28 қараша, 19:00: «Горгона»

Шымкент (Kinopark 4, Nauryz Park):

  • 29 қараша, 19:00: «Деви»
  • 30 қараша, 19:00: «Бауырына салу»
  • 1 желтоқсан, 19:00: «Горгона»

Фестивальдің Қазақстан үшін маңызы

Фестиваль Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Елде, бүкіл әлемдегідей, онлайн-қорлау мен цифрлық зорлық-зомбылық оқиғалары әсіресе жасөспірімдер арасында артып келеді. Осыған байланысты Қазақстан онлайн-қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша заңнаманы жаңартып, цифрлық сауаттылықты арттыруға, қолдау қызметтерін кеңейтуге бағытталған шараларды қолға алуда. Әлеуметтік маңызды тақырыптарды көтеріп, зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыратын шығармашылық қауымдастық та маңызды рөл атқарады. «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» кинофестивалі өнер мен ашық диалогтың күрделі мәселелер туралы айтуға және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды қолдауға мүмкіндік беретінін көрсетудің жарқын үлгісі болды

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -