Астанада Орталық Азиядағы БҰҰ-дың өңірлік бағдарламаларын күшейту мәселелері талқыланды

1001
Фотосурет: Gov

Қазақстан СІМ-де БҰҰ-мен бірлескен бастамалар талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстанда аккредиттелген БҰҰ агенттіктерінің өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында тараптар 2026-2030 жылдарға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасының (UNSDCF) шеңберіндегі өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты. Елдегі БҰҰ жүйесінің өкілдері өздерінің басымдықтарын, алдағы кезеңге арналған жоспарларын және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Е.Ашықбаев Қазақстанның БҰҰ қағидаттары мен құндылықтарына берік бейілділігін атап өтіп, Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының іске қосылуының практикалық маңыздылығына тоқталды.

Кездесуде БҰҰ жобаларының тиімділігін арттыру, олардың географиялық қамтуын кеңейту және өңірлік әрі жергілікті деңгейдегі жұмысты күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар алдағы бірлескен бастамаларға ерекше мән берілді, соның ішінде 2026 жылғы сәуірде Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммитті дайындау, сондай-ақ Қазақстан бастамасымен жарияланған 2026 жылғы Орнықты дамудың халықаралық еріктілер жылы аясындағы іс-шаралар.

Басқосу қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға және орнықты дамуды ілгерілетуге бағытталған бірлескен жобаларды әрі қарай жүзеге асыру және ынтымақтастықты нығайтуға дайындығын растады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -