Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының «қызып кету» қаупі бар екенін атап өткенде, бұл баға қоғамда түрлі пікір туғызды. Алайда елдегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге тереңірек қарасақ, қазіргі жағдайды шамадан тыс өсу емес, құрылымдық және сау трансформация кезеңі деп сипаттауға болады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Экономикадағы «қызып кету» әдетте ресурс тапшылығымен, еңбек нарығындағы қысыммен, жалақының бақылаусыз өсуімен және инфляциялық серпінмен қатар жүреді. Қазақстанда мұндай белгілердің жиынтығы қазір байқалмай отыр.
Еңбек нарығы: қысым жоқ
2023 жылдан бері жұмыссыздық деңгейі 4,6–4,7% шамасында тұрақты сақталып келеді. Бұл — экономикада кадр тапшылығы жоқ екенін білдіретін маңызды сигнал. Бұған қоса, жалақының өсу қарқыны жалпы ішкі өнімнің динамикасынан төмен. Ал «қызып кеткен» экономикада, керісінше, жалақы өсімі өндіріс мүмкіндігінен озып кетеді.
Нақты сектор алда келеді
2025 жылы нақты сектордың өсімі 8,7% болды, ал қызмет көрсету секторы 5,3% деңгейінде қалды. Бұл да маңызды айырмашылық. Экономика шамадан тыс қызған кезде көбіне қызметтер мен сатылмайтын секторлар жылдам өседі. Қазақстанда керісінше, өндіріс алға шықты.
Бұл — тұтынуға емес, өндіруге сүйенген өсімнің белгісі.
Өсу инвестицияға сүйеніп отыр
Өткен жылы экономика 6,5% өсті, ал 2026 жылға кемінде 5% өсім жоспарланып отыр. Бұл динамика уақытша факторлармен емес, нақты өндірістік қуаттың артуымен, инфрақұрылымдық және индустриялық жобалардың іске асуымен қамтамасыз етілуде.
Яғни экономика «қарызға емес», негізге сүйеніп өсіп жатыр.
Ненефтяной сектор негізгі драйверге айналды
2025–2026 жылдары экономиканың басты қозғаушы күші — мұнайға тәуелсіз салалар. Әсіресе:
- өңдеу өнеркәсібі
- ауыл шаруашылығы
- құрылыс
- логистика
- ішкі сауда
2025 жылы өңдеу өнеркәсібі 6,4% өсті. Бұл өсім нақты салалар есебінен қалыптасты: машина жасау, автомобиль өндірісі, металл бұйымдары, азық-түлік, химия, сусын және пластмасса өндірісі.
Бұл көрсеткіштер кездейсоқ емес — олар іске қосылған инвестициялық жобалардың нәтижесі.
Сыртқы шикізатқа тәуелділік азайып келеді
Тау-кен, соның ішінде мұнай-газ секторы енді экономиканың басты өсу көзі ретінде қарастырылмайды. Алдағы жылдары өңдеуші өнеркәсіптің өсімі тау-кен секторынан айтарлықтай жоғары болады деп күтілуде.
2026–2028 жылдары өңдеу саласындағы өсім 6,2%-дан 6,6%-ға дейін жеделдеуі мүмкін. Бұл — экономиканың бағыты өзгеріп жатқанын көрсететін стратегиялық сигнал.
Инфляция: ең жоғары нүкте артта қалды
2025 жылдың қыркүйегінде инфляция 12,9% деңгейіне жеткеннен кейін, қазан айынан бастап тұрақты төмендеу байқалды. Желтоқсанда ол 12,3%-ға түсті.
Тарифтік саясатты түзету және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылау бұл үрдіске әсер етті. Болжам бойынша, биыл инфляция төмендей береді және жыл соңына қарай 9–11% дәлізіне кіреді.
Бюджет тәртібі сақталып отыр
2026 жылғы бюджет қатаң фискалдық тәртіпке негізделген:
- Ұлттық қордан нысаналы трансферттер қарастырылмаған
- кепілдендірілген трансферт 2 770 млрд теңгемен шектелген
- мұнайға жатпайтын тапшылық 7,3%-дан 4,9%-ға дейін қысқартылады
Бұл — экономиканы «қыздырмай», керісінше тұрақтандыратын фактор.
Бүгінгі Қазақстан экономикасы — өсім мен тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысқан модель. Қазіргі динамика «қызып кетуді» емес, саналы құрылымдық өзгерісті көрсетеді.
Ел тұтынумен шектелмей, өндіріс пен инфрақұрылымға инвестиция салып отыр. Сонымен қатар инфляцияны, бюджетті және қарыз жүктемесін бақылауда ұстап келеді. Ұзақ мерзімді тұрақты өсім дәл осылай қалыптасады.