Қазақстан экономиканың жаңа моделіне - жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделген даму жолына бет бұрды. Бұл бағыт Мемлекет басшысы айқындаған ұлттық басымдықтардың біріне айналып отыр. Осы стратегиялық мақсаттар ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында кеңінен талқыланды. Отырысты Премьер-министр Олжас Бектенов өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Күн тәртібінде инвесторларды қолдау, Қазақстанда жаңа буындағы жоғары технологиялық өндірістерді бірлесіп дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді экономиканың негізгі салаларына кеңінен енгізу мәселелері тұрды.

Проактивті саясат және цифрлық серпін
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес проактивті инвестициялық саясатты іске асыруда. Жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясында ұлттық басымдық ретінде бекітілген.
Осы мақсаттарға жету үшін елде институционалдық негіз қалыптастырылды. Президент жанынан халықаралық сарапшылардың қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды, Цифрлық штаб жұмыс істеп тұр. Цифрлық кластерді күшейту үшін халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сонымен қатар «Деректерді өңдеу орталығы алқабы», Astana Hub экожүйесі секілді ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.
Технологиялық жобаларды жеделдету үшін стартаптардың үдеткіші ретінде Венчурлық инвестициялар қоры іске қосылды. Нәтижесінде құны $1 млрд-тан асатын Playrix, Mytona, NetCracker сияқты ірі компаниялар қазақстандық нарыққа келді.
Премьер-министр өз сөзінде цифрлық бағыттың стратегиялық мәнін атап өтті:
«Ел Президентінің нұсқауларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан стратегия цифрлық секторды қарқынды дамытуға және IT қызметтері экспортының көлемін биыл $1,2 млрд-қа дейін арттыруға бағытталған. Тұтастай алғанда, цифрлық трансформация және ЖИ дамуы біз үшін тұрақты экономикалық өсу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды элементтер саналады. Бұл ретте Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға ашық әрі табысқа жетуге және еліміздің дамуына ықпал ететін шешімдерді бірлесіп талқылауға әзір».
«Алтын виза» және бұлтты сервистер
Кеңестің 37-ші жалпы отырысынан кейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы да қаралды. 2025 жылы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында инвесторлық виза берудің жаңа ережелері бекітілді. Соның ішінде шетелдік азаматтарға 10 жылға дейін тұруға рұқсат беретін «Алтын виза» енгізілді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров ұлттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, сертификатталған бұлтты сервистерді пайдалану тетіктері реттеліп жатқанын айтты. Сонымен қатар Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты Шетелдік инвесторлар кеңесінің өкілдерімен түсіндіру кездесулері өткізілді.
Цифрлық кодекс және отандық тілдік модельдер
Кеңестің 38-ші пленарлық отырысына дайындық туралы Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады.

Оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық ел болуға қажетті құқықтық және технологиялық база қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық кодекске қол қойды. Елде жасанды интеллект негізіндегі шешімдер кезең-кезеңімен енгізіліп, отандық үлкен тілдік модельдер мен мемлекеттік цифрлық сервистер дамып жатыр. Басты назар адами капиталды дамыту мен цифрлық кластерді нығайтуға аударылған.
Энергетикадағы жасанды интеллект: нақты нәтиже
Отырыста энергетика саласын цифрландыруға ерекше назар аударылды. Әуе электр желілерін тексеруде қолданылып жатқан жасанды интеллект негізіндегі дефектоскопияның тиімділігі жоғары екені айтылды.
Пилоттық жоба аясында бар болғаны 2 күнде 618 электр желісі тірегі тексеріліп, 2 мыңнан астам сурет өңделді, 7 мыңға жуық ақау анықталды. Зақымдануды тану дәлдігі 98%-ға жеткен. Оның ішінде оқшаулағыштардың ластануы мен шытынауы, тіректердің деформациясы, бекітпелердің болмауы және желілердің үзілу қаупі бар.
Жылу желілерінде акустикалық резонансқа негізделген роботтандырылған құбырішілік диагностика енгізілуде. Шымкентте 2025 жылы іске асқан пилоттық жоба 1,2 шақырым желіні тексеру кезінде 70%-дан астам үнем көрсеткен.
Ал газ саласында газ есептегіш көрсеткіштерін фотосурет арқылы автоматты танитын жасанды интеллект көмекшісі енгізілді. Бұл шешім операторларға түсетін жүктемені азайтып, адам факторынан болатын қателерді қысқартты.

Инвесторлар не көтерді
Ашық диалог барысында шетелдік инвесторлар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
Marubeni корпорациясы жапондық компаниялардың жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға қатысуына, соның ішінде оларды әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында қолдануға қызығушылық білдірді. Министрлік Smart Data Ukimet аясындағы «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларын мысалға келтірді.
Polpharma компаниясы пациенттердің қауіпсіздігі мен жалған дәрі-дәрмек мәселесін көтерді. Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрі-дәрмектерді міндетті таңбалау енгізілгенін және тәуекелге негізделген іріктеу тетігі әзірленіп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар CNPC, EY, JP Morgan, Kazzinc (Glencore) өкілдері мұнай тасымалы тарифтері, деректерді локализациялау, трансшекаралық беру және тау-кен металлургия саласындағы салық салу мәселелерін қозғады.
ЕҚДБ және Beeline Kazakhstan-пен кездесулер
Кеңес аясында Премьер-министр шетелдік компания басшыларымен жеке кездесулер өткізді. Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесуде стратегиялық әріптестіктің перспективалары талқыланды. Банк Қазақстанда жалпы сомасы $12 млрд-тан асатын 345 жобаны іске асырған.

Сондай-ақ Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадинмен цифрлық инфрақұрылымды дамыту және VEON Group жобалары талқыланды. Компания 11 млн-нан астам абонентке қызмет көрсетіп, цифрлық инклюзия мен сауаттылықты арттыру бастамаларына қатысып келеді.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр мемлекеттік органдарға және «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығына барлық ұсыныстарды бірлесіп пысықтауды тапсырды.