Афинада өткен Athens Energy Summit – 2026 халықаралық форумы жаһандық энергетикалық саясаттағы негізгі трендтерді айқындаған маңызды алаңға айналды. Форумға 3000-нан астам өкіл - мемлекеттік органдар, энергетикалық компаниялар, халықаралық ұйымдар, талдау орталықтары мен дипломатиялық корпус қатысты. Осы ауқымды жиында Қазақстанның ұстанымы мен көзқарасы ерекше назар аудартты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан - жаһандық энергетикалық тұрақтылықтың тірегі
Форум жұмысына Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин қатысып, энергетиканың Қазақстан үшін тек экономикалық сала ғана емес, орнықты дамудың және жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің стратегиялық элементі екенін атап өтті.

Елші Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтардың тұрақтылығы мен болжамдылығын дәйекті түрде қолдайтынын, сондай-ақ күрделі геосаяси және климаттық сын-қатерлер жағдайында Еуропа үшін сенімді әрі жауапты әріптес болып қала беретінін айтты. Бұл тезис форум қатысушылары тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.
Энергетикалық саясатты жаңғырту: Тоқаев белгілеген басымдықтар
Өз сөзінде Тимур Сұлтанғожин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдің энергетикалық саясатын жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындағанын жеткізді.
Атап айтқанда:
- дәстүрлі көмір және газ генерациясын дамыту
- су ресурстарын ұтымды әрі теңгерімді пайдалану
- энергия ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыру
- Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді ілгерілету
Бұл қадамдар Қазақстанның энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттырып қана қоймай, Еуропамен байланысын күшейтуге бағытталған.

Энергетикалық инфрақұрылым қауіпсіздігі - басты мәселе
Форумдағы баяндаманың маңызды бөлігінің бірі энергетикалық инфрақұрылым қауіпсіздігіне арналды. Елшінің айтуынша, энергетикалық нысандардың тұрақтылығы мен қорғалу деңгейі үздіксіз жеткізілімдерді қамтамасыз ету мен халықаралық нарықтардың тұрақтылығын сақтау үшін шешуші рөл атқарады.
Қазіргі жағдайда бұл мәселе тек ұлттық емес, бүкіл өңірлік және жаһандық деңгейде өзекті болып отыр.
Уран, көмір және жасыл энергия
Қазақстанның энергетикалық әлеуетіне де кеңінен тоқталды. Елдің көмір қоры мен өндірісі, сондай-ақ уран өндіру көлемі бойынша әлемде жетекші орын алатыны атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін белсенді дамытып, атом энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыруды бастап кеткен.
Бұған қоса, энергетикалық инфрақұрылымды цифрландыру және трансшекаралық көлік байланысын дамыту өңіраралық әрі жаһандық энергетикалық тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторлары ретінде қарастырылып отыр.

Реформалар - сенімнің негізі
Елші форум қатысушыларын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы да хабардар етті. Бұл реформалар институционалдық тұрақтылықты нығайтуға, технологиялық жаңғыртуға және әділетті әрі теңгерімді экономикалық модель қалыптастыруға бағытталған.
Халықаралық аудитория үшін бұл факторлар Қазақстанды ұзақмерзімді әрі сенімді әріптес ретінде қабылдауда шешуші мәнге ие.
Грекия - маңызды әріптес
Сөзінің соңында Тимур Сұлтанғожин Қазақстанның энергетика саласындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді. Ол Грекияны Еуропалық Одақ пен Шығыс Жерорта теңізі кеңістігіндегі маңызды әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Афинадағы саммит Қазақстанның жаһандық энергетикалық күн тәртібінде тек қатысушы емес, нақты ұсыныстары бар ойыншы екенін тағы бір мәрте көрсетті. Энергетика бүгінде геосаясатпен тығыз байланысты салаға айналғанда, Қазақстанның прагматикалық әрі теңгерімді ұстанымы халықаралық деңгейде барған сайын өзектене түсуде.